Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
10:10 5.3.2022

Ресей басқыншылық жасаған Украинадан қашқан Шыңжаң қазағы Еуроодақ аумағына өтті

Қытайдан қашқан Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлы.
Қытайдан қашқан Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлы.


Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен қашып, Еуроодаққа ұмтылған, былтыр бірнеше ай Украинадағы көші-қон орталықта қамауда болған Қытай қазағы Ерсін Еркінұлы негізінен әйелдер мен балалардан тұратын мыңдаған босқынмен бірге Украина шекарасынан Польшаға өткенін айтты.

4 наурызда Азаттық тілшісімен сөйлескен ол Украинадан Польшаға өткен босқындар арасында шетел азаматы көп екенін айтқан. Поляк жағы келгендерді түрлі орындарға, соның ішінде сауда орталықтарына орналастырып, азық-түлік, киім-кешекпен, өзге де қажет заттармен қамтамасыз еткен.

Украин шекарашалары Еркінұлын 2020 жылы қазанда Польша шекарасын құжатсыз кесіп өтпек болған кезде ұстаған. Сол жылы желтоқсанда елдің батысындағы Львов қаласы апелляциялық соты оны Қытайға депортациялау туралы төменгі сот инстанциясы шығарған шешімнің күшін жойған.

2021 жылы тамызда Украина шекарасынан заңсыз өтпек болған Ерсін Еркінұлын Словакия шекарашылары ұстап, Украинаға қайтарған. Одан кейін Львовтағы көші-қон орталығына орналастырған.

Қытай берген құжатын жоғалтып алғанын мәлімдеген Еркінұлы өзін Қытайға беретін болса, ол жақта түрмеге қамап, азаптайтынын айтқан. Ақыры украин билігі оған елде қалуға рұқсат берген.

Кейінгі жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ және өзге де байырғы ұлт өкілдері (негізінен мұсылмандар) биліктің қысымы мен қудалауы күшейгенін айтып, кейбірі өзге елдерге қашты.

БҰҰ, АҚШ пен өзге де батыс елдері Қытай билігі арнайы "лагерьлерде" Шыңжаңдағы миллионға жуық байырғы ұлт өкілдерін мәжбүрлеп, еркінен тыс ұстап отыр деп мәлімдеген.

Пекин ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, лагерьлерді "экстремизммен күресетін орталықтар" және "кәсіп үйрететін" мекемелер деп атаған.

Қазақтар Шыңжаңды байырғы кезден мекендейтін түркітілдес ұлттар арасында саны жағынан ұйғырлардан кейін екінші орында тұр. Сонымен бірге аймақта қырғыз, тәжік, дүнген және өзге де мұсылмандар тұрады.

Қытай қазағы Ерсін Еркінұлы Украинадан "батыс елдеріне кетті"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

10:23 5.3.2022

Ұлыбритания халқы Украинаға гуманитарлық көмекке 55 миллион фунт жинаған

Ресей шапқыншылық жасаған Украинаға қолдау білдірген демонстранттар Трафальгар алаңында тұр. Лондон,1 наурыз 2022 жыл.
Ресей шапқыншылық жасаған Украинаға қолдау білдірген демонстранттар Трафальгар алаңында тұр. Лондон,1 наурыз 2022 жыл.


Ұлыбритания төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті (зардап шеккен адамдарға шұғыл көмек көрсетумен айналысатын қоғамдық ұйым) Украина азаматтарына көмекке бір күнде 55 миллион фунт жиналғанын жариялаған. Бұл туралы ВВС хабарлады. Жәрдем бергендер арасында Ұлыбритания патшайымы екінші Елизавета, Чарль ханзада және король отбасының өзге де мүшелері бар. Британ үкіметі 20 миллион фунт бөлген.

10:38 5.3.2022

5 НАУРЫЗДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

  • Ресей билігі қарулы күштері жайлы жалған ақпарат таратқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы заң қабылдағаннан кейін америкалық CBS News пен ABC News арналары Ресейге хабар таратуды доғаруды ұйғарды. Канаданың CBC корпорациясы да осындай шешім қабылдағаны туралы мәлімдеме таратты;
  • Сингапур банктер мен қаржы мекемелеріне ресейлік төрт ұйым – ВТБ, ВЭБ.РФ, "Промсвязьбанк" және "Россия" банктерімен бизнес жүргізуге тыйым салды. Мұндай шешім Ресейге қарсы салынған санкция аясында қабылданды деп хабарлады Сингапур сыртқы істер министрлігі;
  • Әлемде құрылыс техникасын шығаратын ең ірі компаниялардың бірі – Жапонияның Komatsu компаниясы Ресейге өнім сатуын тоқтатады;
  • Францияның қымбат бұйымдар шығаратын LVMH, Hermes, Kering және Chanel компаниялары Ресейдегі сауда-саттығын тоқтата тұруды ұйғарды.
12:09 5.3.2022

Қытай Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді

Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысы жайлы жаңалықтарды тыңдап отыр. 2022 жылғы ақпан.
Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысы жайлы жаңалықтарды тыңдап отыр. 2022 жылғы ақпан.

Пекин Украинадағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, тараптарды "асығыс шешім қабылдамауға" шақырды. Қытай үкіметі қолдайтын халықаралық қаржылық ұйым Ресей және Беларусьпен қаржы операцияларын тоқтатты.

Ресми Қытай Ресей шабуылын тікелей айыптаудан қашқақтап, оны "соғыс" деп атамей келеді. Бірақ Қытай сыртқы істер министрі "тараптарды жағдайды ушықтырмай, асығыс шешім қабылдамауға және ядролық жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге" үндеді.

Бір күн бұрын Украина оңтүстік-шығысындағы Запорожье атом электр станциясын Ресей әскері атқылағаннан кейін станция өртенген. Артынша өрт сөндірілген. Оқиғаға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) алаңдады.

Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі (AIIB) 3 наурызда Ресей мен Беларуське қатысты қаржы операцияларын тоқтататынын хабарлады. Құрылғанына бес жыл толған аталған мекеменің айтуынша, "қаржылық мекеме басшылығы банк мүддесі үшін Ресей мен Беларуське қатысты барлық қызмет түрін тоқтатып, қайта қарастыру туралы шешім қабылдаған". Ресей – Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің негізін қалаушылардың бірі және дауыс саны жағынан Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр.

Ресей экономикасы Украинадағы соғысқа байланысты салынған қаржылық және халықаралық санкциялардан зардап шекті. Сарапшылар Пекинді барған сайын халықаралық қауымдастықтан оқшауланып бара жатқан Мәскеудің сауда әрі дипломатиялық әріптесі санайды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG