Украинадағы соғыс. Қазірге дейін болған ең ірі бес оқиға
- Жұмаға қараған түні Ресей әскерилері Запорож АЭС-ін атқылап, өрт шықты.
- Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Мариуполь мен Херсонға басып кірді. Харьков және Киев облыстарында атыс жалғасып жатыр.
- 3 наурызда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің екінші раунды аяқталды. Екі тарап бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридор ашуға келісті.
- БҰҰ дерегінше, Украинадан 1 миллиондай адам босып кетті.
- Apple және басқа да батыстық ірі компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатыр. Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті Пекинде басталатын паралимпиададан шеттетті.
Украинаның қай қалаларында атыс жүріп жатыр?
Украина президентінің кеңсесі Киев түбінде шайқас жүріп жатқанын, ал Харьков пен Чернигов атқыланғанын хабарлады.
"Украинадағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, бірақ Ресей әскері резервін, қатарын толықтырып, жеке бағыттарға беттей бастады" деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович.
Ол "Ресей күштері Энергодарда мақсаттарына жетіп, Запорож АЭС-іне жартылай бақылау орнатты, бірақ Николаев жаққа беттемек болғанда жолын кестік" деп мәлімдеді.
Арестович "Харьков, Ахтырка және Черниговта ауыр шайқас болып жатқанын" айтады. Киев өкілінің сөзінше, Мариуполь жартылай қоршауда, бірақ толық қоршауға алынған жоқ.
"Одессаға қазір төніп тұрған қауіп жоқ" деді ол.
Украинадағы соғыстың тоғызыншы күні Ресей президенті Путин Ресейге көп шектеу салып "жағдайды ушықтырмаңдар" деп ескерту жасады. Оның үкімет жиынында сөйлеген сөзін Кремльдің бақылауындағы "Россия 24" арнасы көрсетті.
"Көршілерімізге деген жаман ниетіміз жоқ. Оларға қандай да бір шектеу еңгізбеуге, жағдайды ушықтырмауға кеңес беремін. Біз барлық міндеттерімізді орындап жатырмыз, алда да орындай береміз. Жағдайды ушықтырып, бізбен қарым-қатынасты нашарлатуға негіз көріп тұрған жоқпыз. Біз тек Ресейге қатысты теріс пиғыл болғанда ғана жауап береміз. Меніңше, қазір барлығы қарым-қатынасты жақсартуға, дұрыс әріптестік орнатуды ойлануы керек" дейді ол.
Путин бұл сөзін Батыс елдерінің Брюссельдегі жиыны қарсаңында айтты. Батыс күштері Бельгиядағы жиында Ресейге қысымды күшейту жолдарын талқыламақ.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков брифингте Ресей Украинаны "ұлтшылдардан тазарту"* мақсатынан "бас тартпайтынын" айтты.
Песковтың сөзінше, шенеуніктер мен депутаттар санкцияға ілінсе де Путинді қолдайды. Ол Украина мен Ресей делегациясының келіссөзінде қандай да бір құжатқа қол қою туралы сөз болған жоқ деп отыр.
*Кремль Украинаға ашқан соғысын "ұлтшылдардан тазарту", "қарусыздандыру" үшін жасалған "әскери операция" деп келеді.
ПІКІРЛЕР