Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
17:15 2.3.2022

Ресей Киев телемұнарасын "Калибр" ракетасымен атқаны хабарланды

"Настоящее время" телеарнасының тілшісі Роман Сухан "украиналық әскерилер Киевтегі телемұнараға "Калибр" қанатты ракетадан шабуыл жасалғанын анықтады, мұндай екі ракета атылған" деді.

1 наурызда Ресей Киевтегі телемұнараға әуеден шабуылдап, кемі бес адам қаза тапқан еді.

16:58 2.3.2022

Украина-Ресей келіссөзінің екінші раунды жайлы қазірге бар ақпарат мынау болып тұр:

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге "2 наурыз кешке таман Ресей делегациясы Украина өкілдерін келіссөзде күтеді" деді. Песков келіссөз қайда өтетінін айтпады.

Украина ішкі істер министрі Дмитрий Кулеба Ресеймен келіссөздің екінші раунды қашан өтетін білмеймін деп мәлімдеді.

16:49 2.3.2022

Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан президені Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Ақорда таратқан мәлімдемеде Тоқаев "Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты келіссөздер барысында ортақ келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өткені" деп жазылған.

"Мемлекет басшылары екі елдің экономикалық жағдайы мен сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады" деп мәлімдеді Ақорда.

Ал Кремльдің баспасөз қызметі "Ресейдің Донбасстағы азаматтарды қорғау үшін жүргізіп жатқан арнайы операциясына қатысты жағдай талқыланды. Бұған қоса, Ресей мен Қазақстанның алдағы стратегиялық серіктестігі мен әртүрлі салалардағы қарым-қатынасы сөз болды" деп жазды.

15:19 2.3.2022

Ресей қорғаныс министрлігі Херсонды басып алғанын мәлімдеді

Ресей әскері Украинаның Херсон қаласын басып алды. Сәрсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі осылай деп мәлімдеді. Украинаның оңтүстігіндегі облыс орталығында 300 мың адам тұрады.

Украина жағы қала Ресей әскеріне берілді деген мәліметті растамады. Қала мэрі Фейсбукте "біз әлі де Украинамыз" деп жазды.

Украинаның Херсон облысында ұрыстар 24 ақпанда басталған, келесі күні ресейлік жауынгерлер стратегиялық маңызды Антон көпіріне бақылау орнатты. 1 наурызда қала мэрі Игорь Колыхаев әкімшілік орталық қоршауда қалғанын, алайда украин билігінің бақылауында екенін мәлімдеді.

1 наурызда кешке Колыхаев Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат беріп, қаланың қатты қирағанын, жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар опат болғанын айтты. 2 наурызда таңертең ол қала тұрғындарынан көшеге шықпауын, атыспауын сұрады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG