Accessibility links

Жартылай жөнделген ескі мектеп жаңа оқу жылына дайын


Күрделі жөндеуі аяқталған №28 мектептің ғимараты. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.
Күрделі жөндеуі аяқталған №28 мектептің ғимараты. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

Шымкенттегі 33 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп биыл да толық ремонтталмады. Бірақ қалалық білім бөлімі басқаша мәлімет береді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының Күншығыс шағын ауданындағы жалпы орта білім беретін 28-мектептің салынғанына 33 жыл толған. Қабырғасы қаланғаннан бері күрделі жөндеу жасалмаған ғимарат биылғы жаздың үш айында ремонттала бастады.

Жаңа оқу жылына дайындық
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00
Жүктеп алу

«ҚАНАҒАТ ТҰТЫП ОТЫРМЫЗ»

Азаттық тілшісі барған кезде құрылысшылар мектептің қоршауын түзеп, есік-терезесін сырлап жатты. Кейбір сыныптардың еденін сырлап, жуып, шаңын сүртіп жүрген мұғалімдері «ұсақ-түйек жұмыстар қалғанын» айтты. Солардың бірі – өзін «бастауыш сынып мұғалімімін» деп қана таныстырған әйел адам.

Күрделі жөндеуі аяқталған №28 аралас мектептің дәлізі. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.
Күрделі жөндеуі аяқталған №28 аралас мектептің дәлізі. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

- 33 жыл күрделі жөндеу жүрмеген мектепті аз уақыттың ішінде толық жөндеп шығу мүмкін емес. Мектеп жаңа оқу жылына дайын болмаса, ата-аналар балаларды басқа мектепке алып баруға келіспейтін еді. Тасымалдаудың да өз қиындығы бар. Ол үшін қалалық әкімдік арнайы көлік бөлуі керек. Сондықтан бар істі қанағат тұтып отырмыз, – дейді ол.

Мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Роза Молдабекованың айтуынша, 1170-тен аса бала оқитын мектеп мұғалімдерінің сыныптарға парталарды кіргізе бастағанына екі аптадай болған.

- Ең маңыздысы – жөндеу жұмыстары бітті. Қалғаны бізге қиыншылық тудырмайды, – дейді ол.

Ал мектеп директорының шаруашылық ісі бойынша орынбасары Зәуре Садықованың сөзінше, алғашында сметада «мектеп толық күрделі жөндеуден өтеді» деп жазылған – бірақ жарым-жартылай ғана жөнделген».

ВИДЕО: Шымкенттегі жартылай жөнделген мектеп

Жартылай күрделі жөндеуден өткен мектеп
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

- Құрылысшылар мектептің шатырын жапты, едені мен терезесін толық жаңартты, жылу мен канализация құбырларын алмастырды, айналасын қоршады. Ал ішкі және сыртқы қабырға, жарық жүргізу, өрт дабылы сметаға енгізілмеді – мүлде жоқ. Біз «мектеп толық күрделі жөндеуден өтеді» деп ойлап едік. Қалған жұмыстарды жасау үшін келесі жылды күтеміз – дейді Зәуре Садықова.

«КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛГЕН»

Мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізген «Строй Торг Билдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Дилшод Саидов тапсырыс беруші мекеме – Шымкент қалалық білім бөлімі жасаған сметаға ішкі және сыртқы қабырғаларды сырлау мен әрлеу, электр желілерін монтаждау сынды жұмыстар кіргізілмегенін айтады.

- Ал жаңа есіктерді мердігер компания өз есебінен салып берді. Неліктен күрделі жөндеу жұмыстары толық жүргізілмегенін қалалық білім бөлімі біледі. Мүмкін, бюджеттің мүмкіндігі болмаған шығар, – дейді ол.

Ал Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның дерегінше, «28-мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген».

№28 мектептің жаңа оқу жылына дайын тұрған сыныптарының бірі. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.
№28 мектептің жаңа оқу жылына дайын тұрған сыныптарының бірі. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

- Шатыры жабылып, жылу құбырлары алмастырылып, есік-терезелері орнатылып, қабырғалары сырланды. Едені жаңадан қойылды. Жөндеу жұмыстарына келісім-шарт бойынша жалпы сомасы 169 миллион 592 мың 746 теңге (шамамен 500 мың доллар – ред.) бөлінді, – дейді Жанат Тәжиева.

Шымкент қалалық білім бөлімі өкілдері мектеп мұғалімдері мен құрылыс компаниясы айтқан дерекке – «мектептің ішкі және сыртқы қабырғасы сырланбады» деген сөзге қатысты нақты ақпарат бере алмады. Білім бөлімі дерегінше, қалада биыл алты білім мекемесіне (үш мектеп пен үш балабақшаға) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1022 мектептің 300-ден астамы –ыңғайластырылған жəне сабаннан салынған мектептер. Алдағы үш жылда сабаннан салынған және ыңғайластырылған мектеп саны азаятынын уәде еткен жергілікті билік осы мәселені шешу үшін 2016 жылы ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 22,5 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Облыста биыл салына бастаған 63 мектептің 25-і жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс болған.

XS
SM
MD
LG