Accessibility links

«Ромат» пен «ЦентрКредитБанк» дауында әлі айқындық жоқ


«Ромат» компаниясы қызметкерлері жұмыс кезінде. Павлодар, 2016 жыл.
«Ромат» компаниясы қызметкерлері жұмыс кезінде. Павлодар, 2016 жыл.

Павлодардағы «Ромат» фармацевтикалық компаниясы есеп-шоттары бұғатталуы кесірінен штатын бір жарым мыңнан 500 адамға дейін қысқартып, жабылуға шақ тұр.

«БанкЦентрКредит» банкімен сот дауы және өзге проблемалар «Ромат» фармацевтикалық компаниясын (ФК) шикізат жеткізушілерге борышкер күйге түсірді. Қазір фармкомпанияға қарасты үш зауыттың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Басшыларының сөзінше, кәсіпорынға шикізаттың кезекті партиясын алудың сәті түскен, бірақ ол ең көп дегенде бір айға ғана жетеді. Қараша айында зауыт біржолата тұрып қалса, компанияның 500 қызметкері қысқартуға ұшырауы мүмкін.

«Ромат» компаниясы банкке үш миллиард 700 миллион теңге қарыз болып қалған.

- Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үлкен проблемаға айналып отыр. Уәдемізге сеніп толық көлемде болмаса да, сұраған тауарымызды тиеп жіберіп жатыр. Біздің адал әріптес екенімізді бәрі біледі, бірақ әріптестеріміз бұдан артық тәуекелге бара алмайды, - дейді компания вице-президенті Марат Оразғалиев.

«Ромат» басшыларының сөзінше, банкроттық процедурасын кейінге қалдыру туралы өтініштері еленбей, түрлі деңгейдегі кездесулер нәтижесіз болса да, «Ромат» ФК мен «Банк ЦентрКредит» келісімге келуге тырысып жатыр. Сондай кездесулердің бірі жуырда Павлодар облысы әкімдігінде өткен. Проблеманы келіссөзге мүдделі тараптар мен «аймақ үшін бұл мәселені шешудің мәні зор» деп мәлімдеген Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов талқылаған. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің баспасөз қызметі тараптардың ымыраға келгені жайлы «Павлодар облысы әкімі банкирлерден 2016 жылдың аяғына дейін мұрсат беруді сұрады. Олар компанияға осы мерзімге мұрсат беруге келісті әрі инвестор табылып қалар деген үміт білдірді» деген хабарлама таратқан.

«Ромат» фармацевтикалық компаниясы. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.
«Ромат» фармацевтикалық компаниясы. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Бірақ «Ромат» ФК басшыларының мәлімдеуінше, банкирлердің әрекеті мен ісі бір жерден шықпай отыр.

- Инвестор заң тұрғысынан да, уақыт жағынан да тәуекелге барады. Егер «Банк ЦентрКредит» атқарушы биліктің ең жоғары деңгейі көзінше алған міндеттемелерін орындамаса, қарызды жабуға мүдделі ме деген ой келеді, - дейді компания вице-президенті Марат Оразғалиев.

Азаттыққа әкімдіктегі кездесу қорытындысына қатысты банк өкілдері де комментарий берді. Олардың мәлімдеуінше, «банк тарапы жоғарыда аталған кездесу хаттамасына қол қойып, Павлодар облысы әкіміне қол қоюға жолдаған». Бірақ «банк істі қарауды 2016 жылдың аяғына дейін қалдыру туралы келісім берді деген ақпарат шындыққа сай емес» деп жазылған. «Банк ЦентрКредит» өкілдері азаматтық істі қарау 2016 жылғы қазанның 27-сіне қалдырылғанын айтып, 2016 жылғы қазанның 21-іне дейін «Ромат» ФК тарапынан кездесу хаттамасында келісілген шаралардың ешқайсысы орындалмаған дейді.

Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов: «Аймақ үшін бұл мәселені шешудің мәні зор».

Павлодар облысы әкімдігі өкілдері «тараптар кездесуінде «Ромат компаниясына» қатысты жағдай талқыланды. Фармацевтикалық компания басшылығы мен «Банк Центр Кредит» АҚ өкілдері «Ромат» ФК» АҚ банкроттығы процедурасын бастауды кейінге қалдыру жайлы ауызша келісті. Жағдайдың енді қалай өрбитінін жеке меншік құрылым саналатын тараптар кездесуден кейін талқылауы тиіс болатын» деп мәлімдейді. Кездесу хаттамасына тараптар қол қойды ма, жоқ па – Азаттыққа оны анықтаудың сәті түспеді.

«Ромат» компаниясы банкке үш миллиард 700 миллион теңге қарыз болып қалған. Қырымды аннексиялап алғаны үшін Ресейге Батыс елдері салған санкциялар мен теңге девальвациясы кесірінен 2015 жылы несиені қайтаруға қатысты қиындықтар басталған.

Несиені қайтармағаны үшін «БанкЦентрКредит» сотқа жүгінген. Қаржы институтының ресми сайтында мұның мәжбүрлі шара екені айтылып, «Банк «Ромат» компаниясы үшін алынған қарызды қайтару шарттарын екі жыл ішінде 14 мәрте жеңілдетіп берді, бірақ борышкер 2015 жылғы ақпаннан бері бәрібір төлем жасамады» деген мәлімдеме жарияланған. Сот несие берген банкті жақтап шешім қабылдаған соң, «Ромат» ФК-сын банкрот деп тану процедурасы басталған.

Ертеректе, кәсіпорын басшылығы несие берген банкпен дауласып жатқан тұста, «Ромат» фармацевтика компаниясы қызметкерлері «аштық» жариялауды жоспарлаған болатын. Әлеуметтік желілерде трансляция арқылы көрсетілген «аштық» шамамен бір тәулікке жуық созылды. Қызметкерлерді наразылық акциясын тоқтатуға көндіру үшін компанияға Павлодар облысы басшылары барған еді.

XS
SM
MD
LG