Решиде Юксел Стамбул қаласының Зейтинбурну ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Ислам университетінің медицина факультетін бітіріп, 2014 жылға дейін дәрігер болып қызмет істеген. Кейін зейнетке шыққан Решиде ханым билік басындағы «Әділет пен даму» партиясының қатарына өтіп, қоғамдық қызмет істей бастады. Жуырда парламент сайлауына ол осы партияның атынан түсті.
Азаттық: – Решиде ханым, саяси белсенділікке дейінгі қызмет жолыңыз қалай қалыптасты?
Решиде Юксел: – Мен қазір елуге келдім. 21 жылымды дәрігерлік салаға арнаппын. 1987 жылы оқуды бітіре салысымен қызметке кірдім. Содан 2014 жылға дейін дәрігер болып қызмет істедім. Түркияда тұратын қазақтардың арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігерімін. Үйде жеті бала болып өстік. Соның бесеуі жоғарғы білім алыппыз. Жалпы ертеректе Түркиядағы қазақтардың білім алуы некен саяқ кезігетін. Біздің үйде кенже інім де Түркиядағы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш әскери дәрігер. 2014 жылы зейнетке шыққаннан кейін, партия қатарына еніп, саясатқа араласқым келді.Сөйтіп «АҚ партияның» («Әділет пен даму» - ред.) құрамындағы әйелдер кеңесінің мүшесі болып тіркелдім.
Азаттық: – 2014 жылға дейін саясатпен айналысқан жоқсыз ба?
Решиде Юксел: – Медицинада жүргенімде саясатқа көп назар аудармадым. Бірақ кейбір азаматтық қоғамдарда жұмыс қылдым. Сол себепті зейнетке шыққаннан кейін партия құрамына кірдім. Ондағы мақсатым – біріншіден, Түркиядағы басқа партиялардан қандастардың жоқтығын толтыру; екіншіден, Түркияда тұрып жатқан қазақтардың «АҚ партияға» деген сенімін нығайту еді.
Азаттық: – Бірақ сайлаудан өтпей қалдыңыз.
Решиде Юксел: – Иә, өтпей қалдым. Бірақ мен ғана емес, партия атынан сайлауға түскен әйелдердің барлығы өтпей қалдық. Қазір демалысқа шықтық. Енді партия не тапсырса, соны істейміз.
Азаттық: – Жалпы Түркияда тұратын қазақтардың саяси белсенділігі қандай?
Решиде Юксел: – Төмен деп айтуға да болады. Себебі Түркиядағы қазақ жастарының оқуға деген талпынысы енді күшейіп келеді. Бұрын осында тұратын қазақтар балаларын оқытпайтын. Қазақтардың барлығы тек саудамен айналысатын еді. Өйткені ол кезде «ақшаның көзі – саудада» деп ойлайтын.
Азаттық: – Сонда Түркиядағы қазақтардың оқуға деген құлшынысы болмады ма?
Решиде Юксел: – Ұмтылмайды. «Көп ақша табайық. Сол бізге жетеді» деп ойлайтын. Әсіресе қыз балаларды оқытпайтын. Көбісі машинаның соңында жүретін. Яғни тігін машнасымен іс тігіп, соны сатып, сол арқылы ақша жасайтын. Ал біздің отбасында сауда жасауға икеміміз болмады. Әкеміз бізге тек «оқыңдар» деп кеңес берді.
Азаттық: – Қазақшаға шорқақтау көрінесіз. Кейінгі жастардың ана тілін меңгеру деңгейі қандай?
Решиде Юксел: – Бұл жақтағы қазақ тілін білетін үлкен кісілердің барлығы дүниеден өтіп кетті. Ал өмір сүріп жүрген ортамызда барлығы түрікше сөйлейді. Сол себепті бұл жақтағы жастардың тіл білуі қиын. Мысалы, мен өзім осыдан он жыл бұрын әке-шешемнің көзі тірісінде қазақша жақсы білетінмін. Өйткені ол кісілермен тек қазақ тілінде сөйлесетін едім. Тіпті Тұрғыт Өзалдың тұсында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Түркияға сапарлап келгенде аудармашы да болғанмын. Үлкен кісілердің көзі кеткеннен кейін менің де қазақшам нашарлап кетті. Қазақстанға жиі барамын. Сол кезде ауыл балаларымен көп сөйлесем. Тіпті екі-үш күннің ішінде балалармен еркін тілдесе алатын деңгейге жетем. Яғни қанымда бар нәрсені тез меңгеріп аламын.
Азаттық: – Отбасыңыз туралы аз-кем айта кетесіз бе?
Решиде Юксел: – Күйеуімнің аты-жөні - Фетхи Ахмет Юксел. Стамбул университетінде геофизик болып дәріс береді. Біздің ортамызда ізімізді жалғар ұрпақ болмады. Алла бермеді. Сол себепті қолымнан келген қызметімді халыққа арнайын дедім. Түркиядағы қазақ жастарына үлгі-өнеге болсын, олар да болашақта биікке ұмтылсын деген ниетпен әрекет жасап жүрмін. Әйтпесе, саясатқа ұмтылып, сол арқылы пайда табайын деп жүргенім жоқ. Өйткені менің осы күнге дейін бір басыма жететіндей жиғаным бар.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.