Екі дәрігерге науқастардан коронавирус жұққан
Қазақстанда екі медбикеге науқастардан коронавирус инфекциясы жұқты деп хабарлады coronavirus2020.kz сайты. Дәрігерлердің инфекцияны жұқтыруына иммунитеттерінің төмен болуы себеп болды деп айтылады.
АҚШ-та коронавирусты бес минутта анықтайтын тест мақұлданды
Abbott Laboratories компаниясы азық-түлік және дәрі-дәрмек жөніндегі әкімшіліктің (FDA) коронавирусты бес минутта анықтайтын жалпыға арналған тестті мақұлдағанын хабарлады. Бұл ақпаратты "Америка дауысы" хабарлады.
Abbott Laboratories келесі аптадан бастап күніне 50 мың тест шығарып, тарата бастайды. Позитивтік тестке - 5 минут, негатив нәтиже көрсететін тестке 13 минут жұмсалады.
Шамамен екі апта бұрын АҚШ-та Cepheid компаниясының тесті мақұлданған еді.
Қазақстанда екінші науқас коронавирустан көз жұмды
31 наурызда түсте Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова қалада 50 жастағы науқас коронавирустан көз жұмды деп хабарлады. Марқұм 21 наурызда ауруханаға жатқызылған.
"Бір ай ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмысы жеке іссапарлармен байланысты болған. Онымен жақын араласқан отбасы мүшелері және әріптестері барлығы 31 адам ауруханаға жатқызылды" деді Қисықова.
Бұған дейін 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған. Осылайша Қазақстанда коронавирустан екі адам көз жұмды.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны 325-ке жеткен. Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Мұнда 175 адамнан вирус табылған. Алматыда - 82, Қарағанды мен Атырауда - 13 науқас тіркелген. Елдің басым бөлігінде шектеу шаралары енгізілген.
Ақтөбеде коронавирус жұққан үшінші науқас Египеттен келген
Коронавирус жұқтырған үшінші ақтөбелік 20 наурыз күні Алматы арқылы Египеттен ұшып келген. Өз үйінде карантинде болған тұрғынның тоғызыншы тәулікте дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.
Науқастың анасы, онымен бірге 20 наурыз күні Алматы-Ақтөбе бағытымен ұшып келген жолаушылардың бәрі оқшауланған. Бұл туралы онлайн брифинг кезінде Ақтөбе облысындағы тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты.
-Науқас еш жерде жұмыс істемейді, орта жастағы ер адам. Ол қазір инфекциялық ауруханадағы арнайы бокста. Жағдайы тұрақты. Алматыдан ұшып келген күні оның анализдерінен вирус табылған жоқ. Вирус тоғызыншы тәулікте белгі берген-дейді Нұрсұлу Беркімбаева.
Осыған дейін Ақтөбеде Испания мен Түркиядан ұшып келген екі тұрғыннан коронавирус табылған болатын. Нұрсұлу Беркімбаева үш науқастың да жағдайы тұрақты екенін айтты.
ПІКІРЛЕР