Қазақстанда 308 адам вирус жұқтырды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 31 наурыз 00:30-дағы дерегі бойынша, Нұр-Сұлтанда бес адамнан, Ақмола облысында бір адамнан коронавирус табылды. Қазір елде 308 адам Covid-19 дертіне шалдықты.
Қырғызстанда екі сәбиге коронавирус жұққан
Қырғызстанда коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб коронавирус жұққан науқастардың жасы туралы айтты.
Штаб өкілдерінің айтуынша, науқастар арасында 15 жасқа дейін 9 бала бар, екеуі бір жасқа да толмаған. Төрт науқас - 16-19 жас аралығында, 29 пациент - 20-35 жас аралығында. 36-55 жас аралығында 23 науқас бар. 29 адамның жасы 55 жастан үлкен.
30 наурыз күнгі дерек бойынша, Қырғызстанда коронавирус жұққан 94 науқас бар. Үш адам айыққан. COVID-19 таралуына байланысты үш қала және ауданда 25 наурызда төтенше жағдай енгізіліп, тұрғындардың күндіз далада жүруіне шектеу қойылды. Түнде жүруге толық тыйым салынды.
Қазақстанда тағы 17 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 31 наурызда таңертеңгі сағат 9.40-та 17 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 2, Алматыда - 9, Қызылорда облысында - 3, Атырау облысында - 1, Ақтөбе облысында -1 , Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адамға вирус жұққаны анықталған. Науқастардың жалпы саны 325 адам болды.
Барлығы 21 адам (Нұр-Сұлтан - 14, Алматы - 7) аурудан жазылған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған.
Вирус жұқтырған 325 адам мына қалаларда:
- Нұр-Сұлтанда - 175 адам
- Алматыда - 82 адам
- Қарағандыда - 13 адам
- Атырау облысында - 13 адам
- Ақмола облысында - 10 адам
- Алматы облысында - 6 адам
- Қызылорда облысында - 8 адам
- Жамбыл облысында - 3 адам
- Шымкентте - 2 адам
- Батыс Қазақстан облысы - 2 адам
- Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
- Ақтөбе облысында - 3 адам
- Солтүстік Қазақстан облысында - 2 адам
- Павлодар облысында - 1 адам
- Маңғыстау облысында - 1 адам
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған. Қазір коронавирустың таралуын тоқтату үшін Қазақстанның басым бөлігінде жұрттың сыртқа шығуына шектеу қойылған.
Нұр-Сұлтан әуежайы 1 сәуірден бастап халықаралық рейстер қабылдауды тоқтатады
1 сәуір түнгі сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтандағы халықаралық әуежай барлық халықаралық тұрақты және эвакуциялық жолаушылар рейстерін қабылдауды тоқтатады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
"Халықаралық жолаушы әуе рейстері 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанның басқа қалаларына бағытталады. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін енгізіледі" делінген сайтта.
Нұр-Сұлтан - коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қазақстанда бірінші орында тұрған қала. Мұнда соңғы дерек бойынша, 175 адамнан коронавирус табылған. 14 адам жазылған. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, 22 наурызда жолаушылар пойызы және ішкі рейстер толық тоқтаған. 28 наурызда қалада қоғамдық көліктер тоқтап, адамдардың сыртқа шығуына тыйым салынды. Қала тұрғындары тек азық-түлік немесе дәрі-дәрмек сатып алу үшін немесе жұмысқа бару үшін ғана сыртқа шыға алады.
ПІКІРЛЕР