Оңтүстік Корея вирус жұққандар саны азайғанын хабарлады
BBC сайтының жазуынша, төрт апта бұрын вирус қатты тараған Оңтүстік Кореяда соңғы тәулікте 64 адамнан коронавирус табылған. Бұл соңғы бір айдағы ең төменгі көрсеткіш. Елде 8900-ден астам адамнан вирус анықталған. 111 адам көз жұмған.
Дегенмен ел билігі жайбарақаттануға болмайтынын, инфекциямен әлі ұзақ күресетінін айтып отыр.
Қырғызстанда бір күнде 26 адамнан коронавирус табылды
Қырғызстанда қатарынан 26 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы Қырғызстанның денсаулық сақтау вице-министрі Толо Исаков хабарлады.
Науқастардың арасында үш бала (1 жасқа толмаған екі сәби және алты жасар бала) және 14 жастағы жасөспірім бар. Қалғандары - 16 мен 86 жас аралығында.
Барлығы Қырғызстанның түрлі аймағындағы инфекциялық және облыстық ауруханаларға жатқызылған.
Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб дерегінше, тағы төрт адамнан вирус табылған, бірақ қазір түпкілікті анализ жүргізіліп жатыр.
Осылайша Қырғызстанда коронавирус жұққандар саны бір күн ішінде 42 адамға жетіп, күрт көбейді.
Құрметті оқырман! Коронавирус жайлы Азаттыққа шыққан маңызды мақалаларды, видеоларды назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз. Көз сала отырыңыз.
Видео: Қолды қалай жуу керек?
Инфографика: Коронавирус симптомдары
Мақала: Коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті?
Мақала: Жұртты мазалаған 10 сауалға жауап
Мақала: Коронавирус жайлы 12 қауесет. ДДСҰ кеңесі
Мақала: Қазақстанда төтенше жағдай. Бұл нені білдіреді?
Видео: Вирус деген не?
Видео: Коронавирус қалай жұғады?
Вирусологпен сұхбат: Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?
Таразда қоғамдық көліктердің басым бөлігі тоқтап тұр
Таразда 23 наурыздан бері қоғамдық көліктер күрт азайып, жұмысы баяулады. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде автобустарды көп күтетінін, кейбір бағыттағы қоғамдық көліктер мүлдем жүрмей жатқанын айтып, шағымданып жатыр.
Қала әкімдігі төтенше жағдай кезінде қоғамдық көліктердің тек 15 пайызы жүріп жатқанын растады. Әкімдік “төтенше жағдай кезінде жолаушылар саны күрт азайғандықтан автобус парктері толық жұмысқа шығудан бас тартып отырғанын” айтады.
"Қаладағы 41 автобус бағытының отызы мүлдем жолаушылар тасымалдауға шығудан бас тартып, өзге 11 бағыттан тек екі-үш автобус немесе қаладағы барлық автобус бағытының 15 пайызы ғана жұмысқа шыққан. 24 наурызда таңертең де қоғамдық көліктер жүрмей қалды. Тек қалалық прокуратура парк басшыларымен сөйлескен соң түстен кейін әр бағытта 3-4 автобустан жұмыс істей бастады" деп хабарлады әкімдік.
Ал автобус парктері жолаушы жоқ болғандықтан шығынға батып жатқанын айтады.
“Демалыста тіпті адам жоқ, тапқандары жанармайға да жетпегендіктен, ешкім шыққысы келмейді. Бүгін түске дейін өзім жүргізушілердің үйлерін аралап, түсіндіріп, 24 автобусты шығара алдым. Шығынға батып, жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз" дейді 1-автобус паркі басшысының орынбасары Қайрат Дәуренбеков.
Ал қаладағы ең ірі автопарк "Әулиеата Трансс Пасс" басшылығының хабарлауынша, автобус жүргізушілерімен демалыс күндері жоспарсыз жұмыс істеуге келіскен. Яғни, мерекелік демалыс күндері (Қазақстанда Наурыз мерекесіне байланысты 26 наурызға дейін демалыс жарияланған), олар күнделікті ақшалай жоспарды автобус паркіне өткізбейді.
Тараз әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланғалы бері қалада күнделікті жолаушы тасымалы 112 мыңнан 56 мыңға дейін азайып кеткен.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.
Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 68 адамға жетті. Алматыда - 29 адам, Нұр-Сұлтанда - 35 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр. Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар жоқ.
ПІКІРЛЕР