Қазақстан ұн, картоп, қантты шетелге шығаруға тыйым салды
Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігі, сауда және интеграция министрлігі 15 сәуірге дейін ұн, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, сарымсақ, қызылша, капуста, күнбағыс және күнбағыс майын басқа елге шығаруға тыйым салды.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook желісінде “қазір ел аймақтарын азық-түлікпен және жеміс-жидекпен тұрақты қамтамасыз ету – басты мақсат” екенін жазды.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Бұл екі қаладағы барлық сауда орыны мен ойын-сауық орталығы жабық. Тек азық-түлік сататын орындар мен дәріханалар ашық. Ал карантин жарияланбаған басқа аймақтарда базарлар, сауда орындары ашық.
Қазақстанда әскерге шақыру тоқтатылды
24 наурызда Қазақстан ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев брифингте елде көктемгі әскерге шақыру тоқтатылғанын мәлімдеді.
Германияда вирус жұқтырған қазақстандық ауруханадан шықты
Германияда вирус жұқтырған Қазақстан азаматының жағдайы жақсарып, ауруханадан шыққан. Қазір ол карантинде, неміс дәрігерлерінің бақылауында. Ал Венгрияда вирус жұқтырған қазақстандықтың жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы 24 наурызда Қазақстан ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев брифингте хабарлады.
Бұдан бөлек, Абаев Қазақстанда дертке шалдыққан 68 адамның 29-ы вирусты шетелден жұқтырып келгенін, 26 адам ұшақта, 13 адам Қазақстанда жұқтырғанын айтты.
Қазір Covid-19 дертімен Алматыда - 29 адам, Нұр-Сұлтанда - 35 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр. Нұр-Сұлтанда бір науқас жасанды аппаратқа қосылған.
Жапония премьері: Токио олимпиадасы келесі жазға шегеріледі
Жапония премьер-министрі Синдзо Абе мен Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах телефон арқылы әңгімеде биыл жазға жоспарланған Токио олимпиадасын келесі жылғы жазға шегеруге келіскен. Бұл туралы 24 наурызда Абе мәлімдеді.
Жапония билігі ХОК-тан коронавирусқа байланысты Токио олимпиадасын бір жылға шегеруді сұраған.
ВВС сайтының хабарлауынша, ХОК олимпиаданы шегеруді жақын уақытта ресми түрде жарияламақ.
Бұған дейін Канада, Австралия, Ұлыбритания ХОК-тан олимпиаданы кейінге шегеруді талап еткен. Олар Токио ойындары 24 шілдеде басталса спортшыларын жібермейтінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Коронавирус спорт әлеміне қалай әсер етті?
Токио олимпиадасы 24 шілде - 9 тамыз арасына жоспарланған. Олимпиада ойындары бұған дейін тек соғыс кезінде өтпей қалған.
ПІКІРЛЕР