Нұр-Сұлтанда тағы екі адамнан коронавирус табылды
Нұр-Сұлтанда тағы екі адамнан коронавирус табылды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
24 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 64 адамға жетті. Алматыда - 26 адам, Нұр-Сұлтанда - 34 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр.
Ұлыбританияда жалпыұлттық карантин жарияланды
Ұлыбританияда коронавирус індетіне байланысты жалпыұлттық карантин жарияланды. Бұл туралы 23 наурыз кешке премьер-министр Борис Джонсон хабарлады.
Бұған дейін Италия, Испания, Франция және Еуропаның бірқатар елдері осыған ұқсас шара қолданған.
Жаңа ереже бойынша, Ұлыбритания тұрғындары өте қажет жағдайда ғана үйден шыға алады. Атап айтқанда:
- Өте қажет тауарлар сатып алу үшін - неғұрлым сирек болса, соғұрлым жақсы;
- Таза ауада спортпен айналысу үшін - күніне бір рет;
- Өзгелерге көмектесу үшін;
- Егер үйден жұмыс істеуге мүмкіндік болмай, жұмысқа баруға тура келсе;
Басқа себептермен үйден шығуға болмайды. Дүкен, мейрамхана, ойын-сауық орталықтарының басым бөлігі жабылған.
Ұлыбританияда соңғы дерек бойынша, 6500-ден астам адамнан вирус табылған. Соңғы тәулікте мыңға жуық адамға жұққаны анықталды. 335 адам көз жұмған.
Алматыда коронавирус жұққан екі адам анықталды
Алматыда тағы екі адамнан коронавирус табылды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Шамамен бір сағат бұрын министрлік Нұр-Сұлтанда екі адамнан вирус табылғанын хабарлаған.
24 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 66 адамға жетті. Алматыда - 28 адам, Нұр-Сұлтанда - 34 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр.
Нұр-Сұлтанда "блокбекеттерді айналып өтпек болған" үш тұрғын 15 күнге қамалды
Нұр-Сұлтанда үш тұрғын "блокбекеттерді айналып өтпек болғаны үшін" 15 күнге қамалды деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі.
Ақпарат бойынша, Қарағандыға апаратын жолда ұсталған жауапкерлердің бірі блокпостарды айналып өтіп, жолаушыларды қалаға апаруға тырысқан, сол үшін 50 мың теңге сұраған. Нұр-Сұлтан - Қостанай бағыты бойынша адам таситын екі таксист те карантиндік аймақты бұзуға тырысқан.
Үшеуі де 15 күнге қамалған. Бұған дейін осыған ұқсас оқиға Алматыда да болған.
ПІКІРЛЕР