Қазақстанда тағы үш адамнан вирус табылды. Елде барлығы 52 адам дертке шалдықты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан қаласында тағы үш адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді. 20 наурызда Қазақстанда 8 адамнан вирус табылды. Елде барлығы 52 адам Covid-19 дертіне шалдыққан.
- Нұр-Сұлтан - 28 науқас
- Алматы - 22 науқас
- Қарағанды - 2 науқас
Италияда бір күнде 627 адам көз жұмды
20 наурызда Италия билігі кейінгі 24 сағатта 627 адам қаза болды. Бұл елде вирус 4032 адамның өмірін алды. Елде бір күнде 5986 адамнан вирус табылды. Қазір Италияда дертке шалдыққандар 47 мыңнан асып кетті.
Қырғызстанда тағы алты адамнан коронавирус табылды
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар саны 12-ге жетті. 21 наурызда Қырғызстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Толо Исаков тағы алты адамнан вирус табылғанын хабарлады. Баткен облысы Баткен ауданының бір тұрғыны, Жалалабад облысы Сузак ауданының бес тұрғынына инфекция жұққан. Исаковтың айтуынша, оқшауланған науқастар емделіп жатыр.
Сегіз науқас анықталған Қырғызстанның Сузак ауданында төтенше жағдай жарияланған.
Айырбастау пунктері мен банктердің жұмыс уақыты қысқарды
Алматы мен Нұр-Сұлтанда коронавирусқа байланысты мереке күндері айырбастау пунктері мен екінші деңгейдегі банктердің жұмыс уақыты қысқарды. 21-25 наурыз аралығында айырбастау пунктері мен банктер таңертеңгі сағат 10.00-нан бастап 16.00-ға дейін істейді.
ПІКІРЛЕР