Украинаның екі облысы мен Киевте коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды
Премьер-министр Денис Шмыгаль Киев қаласы, Днепропетров және Иваново-Франков облысында ТЖ жарияланғанын хабарлады.
"Әзірге қандай да бір шектеу жоқ. Төтенше жағдай режимі COVID-19 коронавирус инфекциясымен күреске күшті жұмылдыруға бағытталған" деп жазды ол Telegram-да.
ТЖ кезінде аймақ басшылары вирустың таралуын тоқтату үшін шара қолданып, күн сайын денсаулық сақтау министрлігіне есеп беруі тиіс.
Соңғы дерек бойынша, Украинада 41 адамға коронавирус жұққан. Үш адам вирустан көз жұмған.
Тұрғындар коронавирусты анықтайтын жедел-тестен өте алады
Сәуір айынан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда коронавирусты анықтайтын жедел-тест тапсыруға болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мен коронавируспен күрес штабының Telegram арнасы хабарлады. Кез келген адам бұл тестен өте алады. Бірақ төмендегі топтарға басымдық беріледі: пациенттермен тікелей байланыста болған медициналық ұйым қызметкерлері, карантиндік аймақта жұмыс істеген полиция, өрт сөндірушілер, әскерилер, соңғы кезде жұқпалы аурумен ауырған адамдар.
Ұлттық парктер жабылады
21 наурыздан бастап Алматыда карантин аяқталғанға дейін барлық ұлттық парктер, Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе сияқты демалыс орындары жабылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.
"Алматылықтарды карантин кезінде Тұңғыш президент саябағы, орталық мәдениет және демалыс саябағы, 28 панфиловшы паркі, Family Park, ботаникалық бақ, «Қиял әлемі» саябағы, Алматы зообағына, Алма-арасан және өзге де адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырамыз" делінген әкімдік хабарламасында.
Алматы облысында бір адамнан коронавирус табылды
Денсаулық сақтау министрлігі 21 наурызда түсте Алматы облысында коронавирус жұққан бір адам анықталғанын хабарлады. 1986 жылғы ер адам 17 наурызда Стамбул - Бішкек рейсімен Қырғызстанға ұшып барған. Ертесінде көлікпен Алматы облысы Қарасай ауданына келген. Қазіргі кезде ол стационарлық карантинге жатқызылған. Жағдайы орташа.
Министрлік бастапқыда Талдықорғанда коронавирус табылды деп хабарлап, кейінірек ақпаратты жоққа шығарды.
Осылайша Қазақстанда науқастардың саны 53-ке жетті. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 28 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
ПІКІРЛЕР