Ресейде коронавирустан алғашқы адам көз жұмды
19 наурызда Мәскеудегі инфекциялық аурухананың бірінде коронавирус жұқтырған 79 жастағы зейнеткер әйел қайтыс болды. Бұл туралы ауруды бақылау жедел штабы хабарлады. Науқас 13 наурызда ауруханаға жатқызылған. Бұрын қант диабетіне шалдыққан.
Қазіргі дерекке сай, Ресейде 147 адамнан вирус табылды. Үшеуі дерттен айыққан.
Нұр-Сұлтанда азық-түліктің кейбір түрін сатып алуға шектеу қойылды
Нұр-Сұлтан қаласының инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жетекшісі Ерлан Бекмырзаев астанада кейбір азық-түлік түрлерін сатып алуға шектеу қойылғанын хабарлады. Енді Нұр-Сұлтан тұрғындары дүкеннен бес келіден артық жарма, ұн, қант және бес литрдан артық сұйық май сатып ала алмайды.
- Қазір сауда желілерінде шектеу бар. Бір чекте бес литрдан артық сұйық май және бес келіден артық қант, ұн, жарма сияқты сусымалы өнімдер болмауы тиіс, - деді Ерлан Бекмырзаев.
Бекмырзаевтың айтуынша, карантинге байланысты астанада барлық ірі ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жабылады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық болады. Ашық нысандар санитарлық-дезинфекция шараларын күшейтеді. Мысалы, кезекке тұрған кезде сатып алушылар бір-бірінен кемінде бір метр алшақ тұруы тиіс.
Бекмырзаевтың сөзінше, қазір қалада 48 мың тонна азық-түлік қоры бар. Қала билігі аймақтағы шаруа қожалықтарымен қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша келісім жасасқан. Ол қалада нан бағасы 95 теңгеден аспайтынын да айтты. Алдағы уақытта азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы бекітіледі.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирусқа байланысты 19 наурыздан бастап карантин жарияланған.
Италия бүкіл елдегі карантин уақытын созбақ
Коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан Италия 10 наурызда басталған бүкіл елдегі карантин уақытын арықарай созатынын мәлімдеді. Карантин 3 сәуірде аяқталуы тиіс еді.
Бұл туралы ел премьер-министрі Джузеппе Конте Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында айтты.
Қазір Италиядағы әрбір адам тек жұмысқа, дәрігерге және азық-түлік алу үшін алуға шыға алады. Сауда орындары 25 наурызға дейін толық жабылған. Бұл мерзім де созылмақ.
19 наурыздағы дерекке сай, Италияда 2900 адам қаза болды. Кейінгі 24 сағатта бұл елде 475 адам опат болды. 35 мыңнан астам адамға вирус жұққан.
Алматыда тағы үш көпқабатты үй карантинге жабылды
Алматыда оқшауланған “Сұңқар” тұрғын үй кешенінің жанындағы тағы үш көпқабатты баспана карантинге жабылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ердан Бабақұмаров мәлімдеді.
18 наурыз кешкісін Алматыдағы “Сұңқар” тұрғын үй кешенінде вирус жұқтырған адам табылып, көпқабатты баспана карантинге жабылып, постар қойылған. Енді “Сұңқардың” маңындағы – Достық 42, Достық 42а, Қабанбай батыр 68 мекенжайындағы үйлер де карантинде.
Тұрғындар өз үйінің аумағынан 14 күн бойы ешқайда шыға алмайды. Қазақстанда қазір 44 адамнан (Алматыда 19, Нұр-Сұлтанда 25 науқас) вирус табылған.
ПІКІРЛЕР