Біртанов үйқамақта "ақпанның соңына дейін болады"
Қазақстанның экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ақпан айының соңына дейін үйқамақта отырады. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдарына оның адвокаты Дмитрий Куряченко айтты.
Біртановқа былтыр қазанда "ақша жымқыру" айыбы тағылған.
49 жастағы Біртанов маусым айының соңында, елде коронавирус індеті ушығып тұрған сәтте, отставкаға кеткен. Оның алдында оның коронавирус жұқтырғаны хабарланған. Экс-министр отставкаға кетуін аурудан толық емделу қажеттігімен түсіндірді. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі мәлімдемесінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын қатаң сынға алған.
Президент коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауруының өршуін Біртанов басқарған мекеменің жүйелі қателігінен болды деп, сол қателіктерді тексеру бойынша арнайы комиссия құруды тапсырған еді.
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар қайта көбейді
Қырғызстанда өткен тәулікте коронавирус жұққан 162 адам тіркеліп, Бішкекте 2 науқас қайтыс болды. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Бір күн бұрын елде екі есе аз науқас тіркелген.
Елде коронавирус жұққандар 83 430 адамға жеткен. 79 373-і жазылған. Қырғызстанда пневмонияны қоздыратын коронавирус түрі алғаш рет 2020 жылдың наурыз айында анықталған. Содан бері Covid-тен қайтыс болғандар 1392 адамға жетті.
Сейсенбі күні Шу облысында (72) көп науқас тіркелген. Бішкекте - 46, Ыстықкөл облысында - 24, Ош қаласында - 11, Баткен облысында - 2, Нарын облысында - 2, Ош облысында - 2, Жалалабад облысында - 2, Талас облысында 1 адамнан коронавирус анықталған.
Қазір ауруханада емделіп жатқан 726 науқастың 40-ының жағдайы өте ауыр, 225-інікі - ауыр. 449 адамның жағдайы орташа.
Бір күн бұрын Қырғызстан билігі батыс компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасының миллионнан астам тегін дозасынан бас тартқан. Билік оларды сақтайтын тоңазытқышты сатып алу үшін 2 млн доллар қаражат таппағанын мәлімдеген.
Сейсенбі күні Қырғызстан көршісі Өзбекстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғашқылардың бірі болып мақұлдаған Pfizer-дің жақын арада 100 мың дозасын алатынын мәлімдеген. Орталық Азия аймағында халқы ең көп мемлекетте кейінгі кезде бір күнде ондаған науқас тіркеліп жүр. Наурыз айынан бері 78 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. 600-ден астам адам қайтыс болған.
1 134 адамның ПТР тесті оң шыққан
19 қаңтарда Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан тағы 1 134 адам тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында 198 науқас анықталған. Павлодар облысы (151) мен Алматыда (112) да жүзден астам адамның ПТР тесті оң шыққан.
Жалпы облыстар мен қалалардағы жағдай төмендегідей:
Нұр-Сұлтан - 20 342 (+198 адам жаңадан қосылды)
Алматы қаласында - 20 635 (+112),
Шығыс Қазақстан облысында - 19 638 (+43),
Атырау облысында - 15 104 (+74),
Қарағанды облысында - 12 920 (+72),
Павлодар облысында - 10 874 (151),
Батыс Қазақстан облысында - 10 030 (+45),
Солтүстік Қазақстан облысында - 9 709 (+76),
Қостанай облысында - 8 811 (+68),
Ақмола облысында - 8 558 (+108),
Алматы облысында - 8 377 (+92),
Шымкент қаласында - 5 743 (+10),
Жамбыл облысында - 5 317 (+21),
Маңғыстау облысында - 3 905 (+17),
Түркістан облысында - 3 928 (+22),
Ақтөбе облысында - 3 841 (+18),
Қызылорда облысында - 3 500 (+7).
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 171 232 адамға жеткен.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой наурыздың соңында коронавирустың тарауы шарықтау шегіне жетеді деп болжайды. Оның сөзінше, "оптимистік сценарий" бойынша, күніне 3 мыңдай адамнан коронавирус табылып, инфекциялық ауруханада 24 мың адам жатады. "Бұл жағдайда елде қатаң карантин шаралары енгізу сценарий қарастырылмайды" деді ол.
- Цойдың айтуынша, "пессимистік сценарий" бойынша күніне 6-9 мың адамнан вирус табылып, 45 мың адам ауруханаға түсуі мүмкін. Министрліктің есебінше, елде коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін 52 мың төсек-орын бар. Цой елде күніне 6-9 мың адамнан вирус табылса, "денсаулық сақтау саласына салмақ түспес үшін" қатаң карантин жариялауға тура келетінін айтады.
- Қазақстан үкіметі 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе салуды бастайды. Министрлік жыл аяғына дейін 6 миллион адамға екпе салуды жоспарлайды. Алғашқы кезеңде ресейлік екпе салынады.
- Министрліктің хабарлауынша, Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл аймақта", Алматы облысы, БҚО, Қарағанды облысы "сары аймақта", қалған облыстар "жасыл аймақта". Министрлік вирустың тарауына байланысты елдегі облыстар мен ірі қалаларды "қызыл", "сары" және "жасыл" деп үш аймаққа бөлген. Вирус қатты тарап жатқан облыстар "қызыл", ал вирус жұқтырғандар саны аз облыстар "жасыл аймақта".
- Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 216 964 адамнан Covid анықталған, 3 мыңға жуық адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.
ПІКІРЛЕР