"Коронавирустан ада" Түркіменстан "Спутник V" вакцинасын тіркеді
Ресей тікелей инвестиция қоры Түркіменстанның ресейлік "Спутник V" вакцинасын тіркеді деп мәлімдеді. Коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркеді деген Түркіменстан осы күнге дейін елде коронавирус науқасы жоқ деп келген.
"Түркіменстан "Спутник V" вакцинасын өз аумағында қолдануды мақұлдаған алғашқы Орталық Азия елі" деді вакцинаны әзірлеуге жауапты болған қор 18 қаңтар күні. Қор сондай-ақ вакцинаның төтенше қолдану үшін тіркелгенін, қосымша клиникалық зерттеулердің нәтижесі ұсынылмағанын айтты.
Түркіменстан – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына бірде-бір Covid инфекциясын жұқтыру жағдайын баяндамаған жалғыз ортаазиялық ел.
Тамыз айында ДДСҰ Түркіменстанда қоздырушысы белгісіз пневмонияның өршуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Ашғабадты тәуелсіз зертханалық талдауға рұқсат беруге шақырды.
Түркіменстан билігі болса, індеттің белгілері бола тұра елде коронавирус жұқтырғандар жоқ деп отыр.
Көптеген түркімен ауырып қалса да, үйде емделіп жатқанын, ауруханаға барса инфекция жұқтырып алуы мүмкін екенін айтқан.
Өзбекстан Pfizer вакцинасының 100 мың дозасын алады
Өзбекстанға батыс компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасының 100 мың дозасы жеткізіледі. Бұл туралы 19 қаңтарда Өзбекстан санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және қоғамдық денсаулық қызметінің жетекшісі Баходир Юсупалиев хабарлады.
Шенеуніктің айтуынша, Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі мен онымен ынтымақтастық орнатқан ұйымдар Өзбекстан халқының 20 пайызына коронавирусқа қарсы вакцина салу туралы тапсырыс әзірлеп, COVAX қорына жіберген.
"Қазіргі кезде GAVI ұйымымен ынтымақтастық аясында Өзбекстанға америкалық Pfizer және немістің BioNTech компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы Comirnaty вакцинасының 100 мың дозасын импорттау жөнінде жұмыстар жүріп жатыр" деді Юсупалиев.
Pfizer/Biotech вакцинасын сақтау үшін іші минус -70 градус болатын контейнерлер қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қызметі жетекшісінің сөзіне қарағанда, Өзбекстанда вакцинаны қажетті температурада сақтай алатын тоңазытқыштар бар. Ол елде вакцинацияға дайындық және медицина қызметкерлерін (атап айтқанда, вакцинатор, реаниматолог және өзге де медицина мамандары) оқыту процесі басталғанын атап өтті.
Pfizer/Biotech вакцинасы - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғаш мақұлдаған коронавирусқа қарсы вакциналардың бірі.
Трамп Еуропа жолаушыларының елге кіруіне рұқсат бергісі келеді. Байден келіспейді
АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қаңтарда Шенген аумағындағы елдер мен Ұлыбритания, Ирландия, Бразилиядан келетін жолаушылардың коронавирусқа байланысты елге кіруіне шектеу қоятын ереженің күшін жойды. Трамп жарлығына сәйкес, 26 қаңтардан бастап Еуропадан АҚШ-қа сапар шегетіндердің қолында коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтама болуы тиіс. Бірақ Иран мен Қытайдан келетіндерге қойылған шектеу күшінде қалған. Трамп жарлығында бұл елдердің денсаулық сақтау саласында ақпарат алмасудан бас тартқаны жазылған.
20 қаңтарда өкілетіне кірісетін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байденнің баспасөз хатшысы Джен Псаки жаңа әкімшілік шектеуді күшінде қалдыратынын айтты. Псакидің сөзіне қарағанда, әкімшілік керісінше халықаралық сапарларға шектеуді күшейтуді жоспарлап отыр.
Былтыр жыл басында Қытайдың Ухань қаласында алғаш коронавирус індеті өрши бастағанда Трамп түрлі мемлекет жолаушыларының елге кіруіне шектеу қойған. Бастапқыда Қытайдан келетіндерге тыйым салынды. Кейінірек шектеуге Иран да ілінді. Наурыз айында Трамп Шенген аумағындағы елдерден келетін жолаушылардың елге кіруін шектеді. Кейірінек ереже Ирландия, Ұлыбритания, Бразилиядан келетіндерге таралды.
АҚШ коронавирустың тарауы жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 24 миллионнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. 400 мыңнан астамы қайтыс болған.
Қазақстанда тағы бір облыс "қызыл аймаққа" кірді
19 қаңтарда Қазақстанда тағы бір аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы “қызыл аймаққа” кірді. Осылайша елде қазір 5 облыс пен 1 қала “қызыл аймақта” тұр: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. “Сары аймақта” – Батыс Қазақстан облысы, Алматы, Қарағанды облысы тұр. Қалған облыстар мен қалалар – “жасыл аймақта”.
19 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус ахуалы нашарлай бастағанын, инфекциялық ауруханалар – 32 пайызға, реанимация бөлімдері 23 пайызға толғанын хабарлады.
Коронавирус пневмониясына шалдыққанды қоса есептегенде елде 216 964 адам Covid-ке шалдыққан. 3 мыңға жуық адам жазылған.
ПІКІРЛЕР