Байден 1,9 трлн долларлық "Американы құтқару жоспарын" таныстырды
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден 14 қаңтар кешке коронавирустан зардап шеккендерге көмектесіп, экономиканы сауықтыруды көздейтін құны 1,9 триллион доллар болатын жоспарды таныстырды.
"Американы құтқару жоспары" деген атпен белгілі Байден стратегиясы халықты жәрдемақымен қамтамасыз ету, шағын бизнесті қолдау және вакцинация шығынын өтеуді қарастырады.
Байден халық денсаулығына қауіп төніп тұрғандықтан қазір жедел әрекет қажеттігін айтты. Жоспар жүзеге асса, оның шығыннан гөрі пайдасы молырақ болады деді.
"Бұл инвестиция жаңа жұмыс орындары түрінде қайтып келеді... яғни, [індеттің] экономикаға ұзақмерзімді әсерін жояды. Дағдарыс кезінде қол қусырып отыра алмаймыз" деді Байден.
Байден жоспары бойынша, америкалықтарға бір реттік қаржылай көмек беру үшін 1 триллион доллар қаражат жұмсалады, ол туралы шешім желтоқсан айында қабылданып қойған. 415 миллиард доллар індетпен күреске және вакцинацияға бөлінеді. 440 миллиард шағын бизнесті қолдауға кетеді.
Құжат сонымен бірге қыркүйек айына дейін жалға алған пәтерден адамдарды көшіру, ипотекасын төлей алмаған адамдардың мүліктерін бұғаттауға мораторий жариялауды көздейді. Бұған қоса, ең төменгі жалақы көлемін федералдық деңгейде сағатына 15 долларға дейін екі есеге ұлғайтуды ұсынады.
Конгрестегі демократтар Байденнің бағдарламасын жылы қабылдады.
Денсаулық сақтау басқармасы: Алматыда коронавируспен күреске 48 млрд теңге жұмсалды
Алматыда былтыр коронавируспен күреске 48,1 млрд теңге (шамамен 115 миллион доллар) жұмсалды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының Азаттықтың ресми сауалына жіберген жауабында осындай мәлімет көрсетілген.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 41,6 млрд теңге медициналық жабдықтарға кеткен. Осы соманың 36,2 миллиарды ғана игерілген. Қалғаны 2021 жылы клиникаларды газбен жабдықтауға жұмсалады.
Төтенше жағдай режимі кезінде (былтыр 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында күшінде болды) және карантин уақытында1,8 миллиард теңге бөлінген. Басқарма мәліметінше, бұл қаражатқа:
- жеке қорғаныш заттары (1,1 млрд теңге);
- медициналық бұйымдар (50,4 миллион теңге);
- қашықтан істейтін тепловизорлар (549,7 миллион теңге);
- дәрі-дәрмек (34,5 миллион теңге);
- оттегі баллондары (60,5 миллион теңге) сатып алынған.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қатаң карантин кезінде дәрігерлердің қонақ үйде тұрып, тамақтануына 3,1 миллиард теңге (2,1 миллиард - тұруына, 1 млрд - тамағына) жұмсалған. Басқарма өкілдері бөлінген қаражаттың 1,7 миллиард теңгесі игерілгенін, карантин жұмсарғаннан кейін игерілмей қалған қаражат бюджетке қайтарылғанын айтады.
Сарапшылар 2020 жылы денсаулық сақтау саласына көп қаражат бөлінсе де, Алматы қаласының коронавируспен күрес кезінде үлкен қиындыққа ұшырағанын айтады. Індет кезіндегі денсаулық сақтау министрлігінің әрекетін сынаған белсенді, дәрігер Қайырғали Көнеев қала билігі "коронавируспен күрес міндетін атқара алмады" деп санайды.
— Былтыр Алматыда медициналық қызметкерлерге сапасы нашар қорғаныш киімдері берілді. Соның нәтижесінде медицина қызметкерлерінің заттарды өздері сатып алуына тура келді. Ол кезде жасанды тыныс аппараттары да жетпеді. Көп жағдайда демеушілер қамтамасыз етті. Егер естеріңізде болса, жазда дәрі тапшы болды. Ауруханаларда тіпті аспирин, градус өлшегіш құралын табу мүмкін болмады. Адамдар қиналып, туыстарына градус өлшегіш құрал әкелуді өтінді. Бұл масқара жайт емес пе. Соған қарап мынадай қорытынды жасауға болады: денсаулық сақтау саласына қоғамдық бақылауды күшейту керек, саланы қаржыландыру жүйесіне бақылауды күшейту қажет. Денсаулық сақтау саласы - Қазақстанда жемқорлық ең көп кездесетін сала. Індет осыны дәлелдеп берді. Сол себепті коррупциямен күресу керек. Сатып алулар ашық өтуі тиіс. Медицина шенеуніктері жұмсалған әрбір тиын үшін қоғам алдында есеп беріп отыруы тиіс, - деді Көнеев.
Алматыда ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 20 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. (Елде коронавирус жұқтырғандар 166 мыңнан асқан). Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Алматы қаласы адам өлімі көрсеткіші жөнінен де алда тұр. Мұнда 400-ден астам адам коронавирустан қайтыс болған (Жалпы елде барлығы 2 340 адам көз жұмған).
Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айынан бері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарды бөлек тіркеп келеді. Бірақ аймақтағы пневмония дерегін сирек жариялайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атайды.
Бір күнде коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар 911 адамға артты
14 қаңтар күні вирус ПТР тестімен расталған науқастардың 835 адамға, коронавирус пневмониясына шалдыққандардың 76 адамға артқаны мәлім болды. ПТР тестімен расталған науқастар арасында 6 адамның, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адамның қайтыс болғаны анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің 15 қаңтар таңертең хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 166 146 адамға жеткен.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бері пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек есептеп келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамызға дейін пневмонияның бірнеше түрін бірге есептегенін айтады. 6 айға жуық уақыт ішінде 46 666 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 533 адам қайтыс болған. 34 мыңнан астам адам жазылған.
Қазір коронавирустан 23 734 адам (11 922-ының ПТР-тесті оң шыққан) емделіп жатыр. 285 адамның жағдайы ауыр, 76 науқастың жағдайы өте ауыр. 47 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
14 қаңтарда 835 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды
14 қаңтарда Қазақстанда 835 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Өткен тәулікте елдегі ең ірі қала Алматы қаласында 131 адамнан коронавирус анықталған. Бұл республика бойынша тәуліктік ең жоғары көрсеткіш. Атырау облысында - 85, Павлодар облысында - 75, Нұр-Сұлтанда - 74, Қостанай облысында - 73, Алматы облысында - 69, Ақмола облысында - 68, Қарағанды облысында - 42, Шығыс Қазақстан облысында - 41, Батыс Қазақстан облысында - 41, Солтүстік Қазақстан облысында - 50, Шымкент қаласында - 25, Түркістан облысында 21 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қалған облыстар мен қалаларда бір күнде анықталған науқастар жиырмаға жетпейді.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 166 146 адамға жеткен.
ПІКІРЛЕР