Бір күнде 739 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
28 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен расталған 739 адам анықталды. Ең көп науқас Атырау облысында (124) тіркелген. Алматы қаласында - 80, Нұр-Сұлтанда - 70, Алматы облысында - 66, Қостанай облысында - 61, Солтүстік Қазақстан облысында - 60, Павлодар облысында - 58, Ақмола облысында - 55, Шығыс Қазақстан облысында - 5, Батыс Қазақстан облысында 45 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қарағанды облысында - 39, Жамбыл облысында 18 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулік ішінде анықталған науқастар 10-ға жетпейді.
Бір күнде 841 науқас жазылған. Наурыз айынан бері 153 199 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған, 2259-ы қайтыс болған. 140 684 адам айыққан.
Министрлік: Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина тиімділігі - 96 пайыз
Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шортанов коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина сынақ кезінде тиімді екенін дәлелдеді деп мәлімдеді.
– Ресейлік "Спутник V" вакцинасы - 92 пайызға дейін, қазақстандық QazCovid-in 96 пайызға дейін тиімді екенін көрсетті, – деді Шортанов.
Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан қазақстандық QazCovid-in вакцинасы 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салына бастаған.
Бұған қоса, "Қарағанды дәрі-дәрмек кешенінде" ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндіріле бастаған. Кешенде вакцинаның 2 млн дозасы шығарылады деп отыр. Елде ақпан айынан бастап "Спутник V" вакцинасы жаппай салына бастайды.
Қазақстанда 1 қыркүйектен бері 3 658 оқушыға коронавирус жұққан
Бұл ақпаратты 28 желтоқсанда денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов айтты.
"Жыл басынан бері 3 658 оқушыдан коронавирус анықталды, 994-і "кезекші сыныптарда" оқиды, 2 664-і қашықтан білім алады" деді Шоранов.
Оның айтуынша, оқушылар арасында вирус жылдам тарап жатыр. Бірақ соған қарамастан үшінші тоқсаннан бастап 9,10,11 сынып оқушылары пәндердің 70 пайызын мектепке барып оқиды. Колледж бен жоғары оқу орнының бірінші курс студенттері де дәстүрлі форматта оқи бастайды.
Кремль жақын арада Путинге коронавирусқа қарсы вакцина салынатынын хабарлады
Ресей президенті Владимир Путинге жақын арада коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы салынады. 27 желтоқсанда Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков осылай деп хабарлады. Песков алда бұл жайында Путиннің өзі де айтады деді.
Ресей денсаулық сақтау министрлігі бір күн бұрын "Спутник V" вакцинасын 60 жастан асқандарға салуға болады деп мәлімдеген. Бұл топтағылар арасында вакцина тиімділігі 90 пайыздан аспайды. Ал Путин қазір 68 жаста.
17 желтоқсан күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Путин "құжаттар мәселесі" шешілгеннен кейін екпе салдыртатынын айтқан.
Ресей "Спутник V" вакцинасын 11 тамызда тіркеп, әлемде коронавирус вакцинасын алғаш тіркеген ел атанған.
Ресей үкіметінің мәліметі бойынша, індет басталғалы бері 3 млн-нан астам адамнан коронавирус анықталған, 54 778 науқас қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР