Covid: Бір күнде 760 науқас анықталды, 10 адам қайтыс болды
27 желтоқсанда Қазақстанда 733 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. 27 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде Covid-тан 10 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің 28 желтоқсан күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Жексенбі күні ең көп науқас Атырау облысында (133) тіркелген. Алматы қаласында - 83, Павлодар облысында - 65, Қостанай облысында - 62, Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан облысы және Алматы облысында әрқайсында 57 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Ақмола облысында - 54, Шығыс Қазақстан облысында 49 адамның ПТР-тесті оң шыққан.
Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 152 460 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2 259-ы қайтыс болған. 10-ы өткен тәулікте көз жұмған.
Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері 45 442 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 490-ы қайтыс болған. Өткен тәулікте адам өлімі тіркелмеген.
Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 22 мыңнан астам адам емделіп жатыр. 10 358 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 245 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 48 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 42 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 80,7 млн адамға коронавирус жұққан. Шамамен 45,6 млн адам жазылған, 1 млн 760 мың науқас қайтыс болған.
Sunday Times: Оксфорд ғалымдарының коронавирус вакцинасы жыл соңына дейін мақұлдануы мүмкін
Оскфорд ғалымдары мен AstraZeneca корпорациясы бірлесіп әзірлеген коронавирусқа қарсы векторлық вакцина Ұлыбританияда 4 қаңтардан бастап таратыла бастауы мүмкін. Билік оны жыл соңына дейін мақұлдауы тиіс. Британ үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғаларға сүйенген Sunday Times осылай деп жазды.
Оскфорд вакцинасы бастапқыда әлемде қолданысқа ену ықтималдығы жоғары екпелердің бірі саналған. Алайда сынақтың үшінші кезеңінде вакцинаның тиімділігі бәсекелестеріне қарағанда едәуір төмен (70-50 пайыз) болып қалды. Одан кейін вакцина жасаушылар препараттың түрлі дозасын сынап көрді. Өзге де аденовирустық вакциналармен бірге пайдалану мүмкіндігін де зерттеді.
Sunday Times басылымына берген сұхбатында AstraZeneca басшысы Паскаль Сорио коронавирустан 95 пайыз қорғай алатын вакцинаның қажетті дозасын анықтай алдық деп мәлімдеген. Корпорация басшысы бұл толығымен жүзеге асса, вакцинаны төмен температурада сақтай алу мүмкіндігі (+2 +7 градус аралығы) оның басты артықшылығы болмақ деп мәлімдеген. Мысалы, Moderna-ны сақтау үшін - минус 20 градус, Pfizer-ді сақтау үшін минус 70 градус керек.
Оксфорд вакцинасына Еуроодақ, Ұлыбритания, Үндістан және өзге де ірі елдер тапсырыс беріп қойған. Ол мақұлданса, иммунизация процесі біраз жеңілдеген болар еді дейді сарапшылар.
Қазір АҚШ-та Pfizer мен Moderna вакцинасы тіркелген. Ресейде сынақтың үшінші кезеңін толық аяқтамаған "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" тіркеуден өткен. Еуроодақ пен Ұлыбритания Pfizer-ді мақұлдаған. Қытай жергілікті дәрі-дәрмектерді пайдаланып жатыр.
28 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, әлемде 80,7 млн адамға коронавирус жұққан, 1 млн 760 мың адам қайтыс болған.
Трамп індет кезінде америкалықтарды қаржылай қолдауды қарастыратын заң жобасына қол қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты америкалықтарға қаржылай көмек беруді қарастыратын заң жобасына қол қойды. Осыған дейін президент халыққа бір реттік жәрдемақыдан гөрі көбірек көмек бергісі келетінін айтып, құжатқа қол қоюдан бас тартып келген. Заң шығарушылар соның салдарынан үкімет жұмысы тоқтап қала ма ("шатдаун") деп те қауіптенген. 14 миллион азамат жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақыдан қағылуы мүмкін екені айтылған.
Трамп заң жобасына 27 желтоқсанда кешке қол қойды. Құны 900 миллиард доллар болатын құжаттар пакетін бұған дейін Конгрестегі республикашылдар мен демократтар бір айға жуық уақыт талқылап, мақұлдаған.
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақыдан бөлек, заң жобасы табысы белгілі бір мөлшерден аспайтын адамдарға 600 доллар көлемінде бір реттік төлем беруді қарастырады. Жәрдемақы көлемінің аздығын алға тартқан Трамп федералдық үкіметті қамтамасыз ету үшін 1,4 триллион доллар бөлуді де құптамаған.
Осыған дейін Трамп қорғаныс саласына 740 миллиард доллар бөлуді қарастыратын заң жобасына вето қойған. Ақ үй жетекшісі құжатта ұлттық қауіпсіздік саласына қажет маңызды шаралар қарастырылмаған деп айтқан.
Коронавируспен тағы 776 адам тіркелді. Аймақтардың саны тұрақты, Атырауда өсу байқалады
26 желтоқсан күні Қазақстанда 776 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Алдыңғы күндермен салыстырғанда аймақтарда Covid науқастарының күнделік саны аса өзгермеген. Тек Атырау облысында ауру жұқтырғандар қатары күрт артқан.
Вирус жұқтырғандардың жалпы саны жөнінен төртінші орында келе жатқан Атырау облысында өткен күні 132 науқас тіркелген. Салыстырар болсақ, 25 желтоқсан күні 79 науқас, 24 желтоқсан күні 62 науқас, 23 желтоқсан күні 59 науқас анықталған. Облыста барлығы 13 107 адамның вирус жұқтырғаны расталған.
Аймақтар бойынша ахуал мынадай:
Шығыс Қазақстан облысында - 18632 (+39 адам жаңадан қосылды.),
Нұр-Сұлтан қаласында -18092 (+61),
Алматы қаласында – 18080 (+85),
Атырау облысында – 13017 (+132),
Қарағанды облысында – 11911 (+37),
Батыс Қазақстан облысында – 9035 (+34),
Павлодар облысында – 8777 (+79),
Солтүстік Қазақстан облысында – 8337 (+59),
Қостанай облысында – 7264 (+63),
Ақмола облысында – 6972 (+55),
Алматы облысында – 6848 (+62),
Шымкент қаласында -5490 (+7),
Жамбыл облысында – 4930 (+15),
Ақтөбе облысында -3665 (+7),
Маңғыстау облысында – 3665 (+19),
Түркістан облысында – 3639 (+16),
Қызылорда облысында -3373 (+6).
Сондай-ақ 26 желтоқсан күні 1176 адам коронавирустан жазылып шыққан. Бірақ вирус жұқтырған 10 адамның өлімі тіркелген.
Осымен елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 151 727 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 139 022 адам аурудан айыққан, 2249 адам қайтыс болған. Қайтыс болғандар қатарына вирус жұқтырғаны расталған, бірақ өзге аурудан өлді деген жүздеген адам кірмей қалған.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап, індет аса қатты өршіген маусым-шілде айларынан кейін, ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония дерегін жүргізе бастады. Ресми есепте, тамыздан басынан осы күнге дейін коронавирус пневмониясымен 45 415 адам тіркелген, 490 адам көз жұмған.
ПІКІРЛЕР