Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

16:02 26.12.2020

Ресей "Спутник V" вакцинасын 60 жастан асқан адамдарға егуге рұқсат берді

Ресейдің 68 жастағы президенті Владимир Путин жасына сілтеп, коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны салдыруға дайын емесін айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі енді вакцинаны 60 жастан асқандарға салуға болады дейді.
Ресейдің 68 жастағы президенті Владимир Путин жасына сілтеп, коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны салдыруға дайын емесін айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі енді вакцинаны 60 жастан асқандарға салуға болады дейді.

Ресей денсаулық сақтау министрлігі "Спутник V" деп аталатын коронавирус вакцинасын 60 жастан асқан азаматтарға салуға рұқсат берді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко "Россия-24" арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Ресейде вакцинаны егу науқаны басталып кеткен.

Ресейлік вакцинаны салу Мәскеуден басталды. Дәріні 5 желтоқсанда қауіп тобындағы адамдарға еге бастады.

Мұның алдында Мурашко жаңа жылға дейін аймақтарға вакцинаның 500 мың дозасы жіберілетінін айтқан. Бұдан бөлек 300 мың дозаның Аргентинаға жіберілген мәлімделген.

Алайда Ресейдегі вакцинациялау деңгейі АҚШ пен Ұлыбританиядағыдан ондаған есе төмен, күніне бірнеше мың адамды ғана қамтиды.

Ресми статистикаға қарағанда, Ресейде Covid-ке күніне 29 мыңнан астам адам шалдығады. 26 желтоқсанның таңертеңгі уақытындағы мәлімет бойынша, елде вирусты барлығы 3 миллион 21 964 адам жұқтырған. 541 299 науқас аурудан әлі емделіп жатыр. Кісі өлімі 2020 жылда кейінгі 9 жылдың рекордын жаңартты – артық өлім (қайтыс болғандардың жалпы саны мен орташа өлім санының айырмасы) 140 мың адамнан асты.

Осының алдында Ресейдің 68 жастағы президенті Владимир Путин Ресей жасына сілтеп, "Спутник" вакцинасын салдыруға дайын еместігін айтқан.

"Мамандардың айтуынша, қазір айналымға түсіп отырған вакциналар белгілі бір жас тобындағы адамдарға арналған. Біз секілділерге вакцина әлі жете қойған жоқ" деді Путин 17 желтоқсандағы қорытынды баспасөз мәслихатында. "Мүмкін болған жағдайда, міндетті түрде салдырамын".

"Спутник V" вакцинасын сынаудың үшінші фазасы әлі аяқталмады. Meduza басылымының жазуынша, ғалымдардың ресейлік вакцинаның қалай сыналып жатқанына сұрағы көп. Сұрақтарды талдай отырып, сынақтың сәтсіз болғанын аңғаруға болады дейді басылым.

09:27 26.12.2020

Covid-тің біріккен дерегі: Бір күнде 913 науқас, 13 өлім тіркелді

Қала әкімдігінің маска тағуға шақырған постерінің жанынан өтіп бара жатқан қыз. Алматы 13 желтоқсан 2020 жыл.
Қала әкімдігінің маска тағуға шақырған постерінің жанынан өтіп бара жатқан қыз. Алматы 13 желтоқсан 2020 жыл.

25 желтоқсан күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавирус ауруымен 753 науқас, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясымен 160 науқас тіркелді. Вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар арасында 10 кісі, коронавирус пневмониясы науқастары арасында 3 кісі қайтыс болды.

ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында елеулі өзгерістер Алматы қаласы мен Павлодар облысында байқалып отыр. Бір апта бұрын, 19 желтоқсан күні 51 науқас тіркелген Алматы қаласында өткен тәулікте 110 науқас анықталған. Кейінгі айларда вирус жұқтырғандардың күнделік саны жүзден асып, көш басында жүрген Павлодар облысында өткен аптада аурудың тарауы бәсеңдегендей көрінген. 23 желтоқсан күні 60 науқас қана тіркелген. Бірақ бүгін вирус жұқтырушылар саны қайта артып, 90-ға жетіп отыр.

Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша бірінші орынға шыққан Шығыс Қазақстан облысында тәулік ішінде тіркелген науқастар саны біртіндеп азайып келеді. 25 желтоқсан күні облыста бар-жоғы 41 адам коронавируспен тіркелді. Бұл – 28 қазаннан бергі ең төмен көрсеткіш.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

Шығыс Қазақстан облысында - 18593 (+41 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласында -18031(+59),
Алматы қаласында - 17995(+110),
Атырау облысында - 12885(+79),
Қарағанды облысында - 11874(+38),
Батыс Қазақстан облысында - 9001(+38),
Павлодар облысында - 8698(+90),
Солтүстік Қазақстан облысында - 8278(+62),
Қостанай облысында - 7201(+64),
Ақмола облысында - 6917(+56),
Алматы облысында - 6786(+60),
Шымкент қаласында -5483(+10),
Жамбыл облысында - 4915(+15),
Ақтөбе облысында - 3658(+1),
Маңғыстау облысында - 3646(+7),
Түркістан облысында - 3623(+15),
Қызылорда облысында - 3367(+8).

Қазақстан үкіметі коронавирус пневмониясына шалдыққандардың дерегін аймақ бойынша бөліп көрсетпейді.

Өткен тәулікте ПТР тестімен расталған науқастардың 1481-і, коронавирус пневмониясына шалдыққандардың 73-і жазылып шыққан.

Осымен ПТР тестімен расталған коронавирус науқастарының жалпы саны 150 951-ге жетіп. Аурудан барлығы 137 846 адам жазылған, 2239 адам қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.

Коронавирус пневмониясына 1 тамыздан бері 45 265 адам шалдыққан. Оның 32 669-ы айыққан, 489-ы қайтыс болған.

15:54 25.12.2020

Қырғызстан коронавирустың жаңа штамына байланысты сақтық шараларын күшейтті

Қырғызстан үкіметі әлемде коронавирустың жаңа түрі жылдам тарауына байланысты сақтық шараларын күшейтті. Бұл туралы 25 желтоқсанда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық шұғыл штаб қауіпсіздікті күшейтіп, шекарада санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды қатайтуды тапсырған.

25 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 80 025 адамға жеткен, наурыздан бері 1340 адам қайтыс болған.

Жақында Ұлыбритания Англияның оңтүстік-батысы мен Лондонда 4-деңгейлі локдаун енгізген. Ұлыбритания денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирустың жаңа түрі вирустың әдеттегі түріне қарағанда 70 пайыз жылдам тарайды. Бірақ дәрігерлер оның адам өміріне аса қауіпті емес және вакцинацияға да әсері жоқ деп санайды.

Коронавирустың жаңа түрі Италия, Нидерланд, Дания, Австралия, Оңтүстік Африка, Нигерия және өзге елдерде анықталған.

14:55 25.12.2020

Украина Қытайдан коронавирусқа қарсы вакцина сатып алады

Украина Қытаймен коронавирусқа қарсы вакцина сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл ақпаратты Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба хабарлады.

"Олар (Қытай) жеткізуге әзір. Нақты ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі біледі. Біз оларға вакцина дайындаушы компания өкілдерімен байланыс орнатуына көмектесіп жатырмыз" деді Украина сыртқы істер министрі "Украина 24" телеарнасына.

Осыған дейін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Киев ықылас білдірсе, Ресей көршісін коронавирус вакцинасымен қамтамасыз етуге дайын деп мәлімдеген. Ал Украина сыртқы істер министрлігі Ресейден вакцина сатып алу жоспары жоғын айтқан.

Қараша айында Өзбекстанда қытайлық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу кезеңі басталғаны хабарланды. Ташкентке препараттың 500 дозасы жеткізілген, сынақ төрт айға созылады деп айтылды.

Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Сынақ толық аяқталмаса да, 5 желтоқсанда "Спутник V" жаппай егіле бастаған.

25 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Украинада 1 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 17 395 адам қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG