Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:16 11.12.2020

Зерттеу: Пандемия кезінде атмосфераға бөлінетін зиянды заттар 7 пайызға азайған

Биыл әлем елдері коронавирусқа байланысты карантин жариялап, шектеу шараларын күшейткеннен кейін атмосфераға бөлінетін зиянды заттар былтырмен салыстырғанда 7 пайызға азайған. Ғаламдық көміртек жобасының (Global Carbon Project) 11 желтоқсанда жарияланған зерттеуінде осындай мәлімет айтылады.

Зерттеу жүргізген халықаралық ғалымдардың есебінше, биыл ауаға 34 миллиард тонна көмірқышқыл газы тараған. АҚШ-та атмосфераға бөлінетін зиянды заттар көлемі - 12 пайызға, Еуроодақта 11 пайызға азайған. Ал індеттің алғашқы толқынынан кейін қатаң локдаун арқылы вирусты тежеп, көктемде кәсіпорындар мен жұмыс орындарын қайта ашуға мүмкіндік алған Қытайда көмірқышқыл газы 1,7 пайызға азайған.

Ғалымдардың айтуынша, биыл адамдардың көбі үйден шықпай, көлік пен ұшаққа сирек отырғандықтан ауаға зиянды заттар да аз тараған. Дегенмен ғалымдар коронавирус індеті басталмай тұрып та алдыңғы жылдары көмірқышқыл газының баяу артқанын байқаған. Экологтар індеттен кейін көмірқышқыл газы қайта көбейеді деп болжайды. Бірақ ғалымдар АҚШ пен Еуропа экономикасын табиғи энергия көздерінің көмегімен қалпына келтіріп, зиянды заттарды азайтатын шығар деп үміттенеді.

09:04 11.12.2020

Бір күнде 973 науқас анықталды, 13 адам қайтыс болды

10 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 836 адам анықталды, 137 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. ПТР-тест коронавирус барын көрсеткен 9 адам, коронавирус пневмониясынан 4 адам қайтыс болған.

Наурыз айынан бері коронавирусы тестпен дәлелденген 139 995 адам тіркелген, 2 121 адам өліп, 122 мыңнан астамы жазылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, бейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 129, Нұр-Сұлтанда - 118, Павлодар облысында - 90, Алматы қаласында - 75, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында әрқайсысында - 72, Ақмола облысында 67 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Қазақстан 1 тамыздан бері клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға арнайы код беріп, жалпы пневмонияға шалдыққандардан бөлек есептеп келеді. Содан бері 43 635 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 4 айдан аса уақыт аралығында 462 адам қайтыс болған. 31 мыңнан астамы жазылған.

Қазір коронавирустан 14 мыңға жуық, коронавирус пневмониясынан 11,5 мыңнан астам адам емделіп жатыр.

Ресми мәліметке қарағанда, коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген науқастар арасында 237 адамның жағдайы ауыр, 32 адамның жағдайы өте ауыр, 43 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

14:42 10.12.2020

Бір күнде 936 науқас анықталды, Нұр-Сұлтанда вирус күшейді

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 777 адам анықталды, 159 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. ПТР-тест коронавирус барын көрсеткен 7 адам, коронавирус пневмониясынан 2 адам қайтыс болған.

Наурыз айынан бері коронавирусы тестпен дәлелденген 139 159 адам тіркелген, 2 112 адам өліп, 122 мыңнан астамы жазылған.

9 желтоқсанда ең көп науқас Нұр-Сұлтаннан шықты (121 адам). Коронавирус бойынша "сары аймақта" тұрған Нұр-Сұлтанда науқас көбейе түскені байқалады. Шығыс Қазақстан облысында - 99, Павлодар облысында - 98, Алматы қаласында - 74, Қостанай облысында - 73, Солтүстік Қазақстан облысында 72, Ақмола облысында 66 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Қазақстан 1 тамыздан бері клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға арнайы код беріп, жалпы пневмонияға шалдыққандардан бөлек есептеп келеді. Содан бері 43 498 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 4 айдан аса уақыт аралығында 458 адам қайтыс болған. 31 мыңнан астамы жазылған.

Қазір коронавирустан 14 мыңға жуық, коронавирус пневмониясынан 11,5 мыңнан астам адам емделіп жатыр.

Ресми мәліметке қарағанда, коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген науқастар арасында 230 адамның жағдайы ауыр, 41 адамның жағдайы өте ауыр, 44 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

14:41 10.12.2020

Беларусь коронавирусқа байланысты елден шығуға уақытша тыйым салады

Беларусь билігі коронавирусқа байланысты 20 желтоқсаннан бастап шекарадағы бақылау-өткізу пунктері арқылы елден шығуға уақытша тыйым салады.

Беларусь үкіметінің қаулысында тек ерекше жағдайда ғана елден шығуға рұқсат берілетіні жазылған. Бірақ дипломаттар мен ресми делегация өкілдері, халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, ұшақ, кеме, пойыз қызметкерлері бұрынғыша шекарадан еркін өте береді. Денсаулық жағдайына байланысты да елден шығуға рұқсат берілуі мүмкін.

5 қарашада Александр Лукашенко шетел азаматтары ғана емес, "осындай күрделі шақта елін тастап кеткен" белорустарды да елге кіргізбеуді тапсырған.

"Кім болса да, бізге вирус тасудың қажеті жоқ. Оқуға кетсе - оқысын, жұмыс істеймін десе - істесін. Біз кетер кезде оларға кедергі жасаған жоқпыз ғой. Сондықтан сол жақта жұмысын істеп, емделсін" деген еді.

Соңғы айларда көрші елдерге кетіп, сол жақтан саяси баспана сұраған белорустар көбейген. Ақпарат құралдарының мәліметінше, қазір Польшада 500 белорус бар. Тамыз айының соңында Беларусьте наразылықтың ұзаққа созылатыны белгілі болған кезде Польша, Литва, Украина, Латвия белорус азаматтарын жеңіл тәртіппен қабылдауға әзір екенін айтқан.

  • 9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған.
  • Беларусь денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазірге дейін 152 453 адамнан коронавирус анықталған, 1230 адам қайтыс болған. Індет басталған шақта билік көпке дейін карантин енгізбеді. Лукашенко қолды жиі жуып, хоккей ойнауға кеңес берген. "Халықтың 97 пайызы коронавирустың симптомсыз түрімен ауырып жатыр, сол себепті одан қорқудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG