Өткен тәулікте 682 адамнан Covid анықталды, Нұр-Сұлтанда науқастар көбейді
17 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны Covid тестімен (ПТР) расталған 682 науқас тіркелді, бір күнде 453 науқас жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 18 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.
Сейсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (230) тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласында – 79, Солтүстік Қазақстан облысында – 74, Павлодар облысында – 61, Қостанай облысында – 58, Ақмола облысында – 41 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда облысында бір тәулік ішінде бірде-бір науқас тіркелмеген.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары соңғы бірнеше күнде коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты "сары аймаққа" енген.
Елде наурыз айынан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар 122 335 адамға жетті: 109 мыңнан астамы жазылған. 9 мыңнан астамы емделіп жатыр, 1952-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) да қосылмаған. 17 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 40 220 адамнан анықталған, 421-і қайтыс болған.
Елде коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер де бар. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.
Биыл Қырғызстанда пневмониядан қайтыс болғандар 2,5 есеге көбейген
Қырғызстанда биыл алғашқы 9 айда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда пневмониядан қайтыс болғандар 2,5 есеге көбейген. Бұл ақпаратты Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 26 мың адам пневмонияға шалдыққан, былтыр бұл көрсеткіш 24 мыңды құраған.
Ведомство мәліметінше, былтыр алғашқы 9 айда пневмониядан 444 адам қайтыс болса (тыныс алу органдары ауруынан қайтыс болғандар санының шамамен 33 пайызы), биыл осы аралықта 1 112 адам (54 %) көз жұмған.
"Былтыр қаңтар мен қыркүйек аралығында пневмониядан қайтыс болғандар 100 мың тұрғынға шаққанда 9 адамнан келсе, биыл - 23 адамнан келіп отыр яғни, 2,5 есе көп" деді ведомство өкілдері.
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген кезде пневмонияға шалдыққандар да артты. 2020 жылы шілде айында үкімет коронавирус пневмониясын - Covid деп танып, коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар есебін біріктірген. Қазақстан билігі екі статистиканы біріктіруге уәде бергенмен орындамады.
Соңғы мәлімет бойынша, Қырғызстанда өткен тәулікте коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 486 науқас тіркелген. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 67 469 адамға жетті.
Өткен тәулікте коронавирустан 4 адам қайтыс болды. Эпидемия басталғалы бері коронавирус 1 207 адамның өліміне себепші болған. Бір күнде 15 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Штаб мәліметінше, вирус жұқтырған екі медицина қызметкері коронавирус жұқтырғандарды емдеген.
Эпидемия кезінде жалпы 3 750 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 3 505-і жазылған.
Жыл басынан бері 200-ден астам мұғалім мен 1000-нан аса оқушыға коронавирус жұққан
1 қыркүйектен бері Қазақстанда 241 мұғалім мен 1042 оқушыға коронавирус жұққан. 302 оқушы кезекші сыныпта оқыған. Бұл ақпаратты 17 қараша күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова хабарлады.
"1 қыркүйектен бері бір оқушыдан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазір 456 бала коронавирустан емделіп жатыр" деді комитет жетекшісі.
Оның сөзіне қарағанда, коронавирус жұққан оқушы мен мұғалім елдің барлық аймағынан табылған. Әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, вирус жұққан адаммен байланыста болғандар анықталып жатыр.
Коронавирусқа байланысты Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі 1 қыркүйектен бері қашықтан білім алып жатыр. Тек кейбір мектептерде бастауыш сыныптарға арналған "кезекші сыныптар" ұйымдастырылған. Бұған қоса, кейбір аймақта бала саны 300-ден аспайтын шағын мектептерге дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілген.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 3 миллионнан астам оқушының алтыдан бір бөлігі немесе жарты миллионнан астам бала мектепке барып жүр.
16 қарашада барлық мектепте екінші тоқсан басталды.
Қазақстанда соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың көбейгені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, қазір Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы "қызыл аймаққа" енген. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Қостанай, Павлодар облыстары - "сары аймақта". Қалған аймақтар - "жасыл зонада". Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында да карантин күшейгені хабарланған еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 121 мыңнан астам адам бар: 109 мыңы жазылған, 1952 адам қайтыс болған. Бұған қоса, 40 мыңнан аса адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: басым бөлігі айыққан, 421 адам қайтыс болған.
Елде коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер де бар. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.
Қазақстанда бір күнде коронавирус пен пневмониядан 8 адам қайтыс болды
16 қарашада Қазақстанда 23 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 54 адам жазылды, өткен тәулікте пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға бөлек код беріп, пневмонияның сол түріне шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 40 220 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 421 адам қайтыс болған, 29 634 адам жазылған.
Дүйсенбі күні коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 7 адам өлімі тіркелген, наурыз айынан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 1952 адамға жетті. Елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 121 653 адам бар: 110 382-і жазылған.
Қазір 9 319 адам коронавирустан емделіп жатыр, 456-ы - бала. 3 126-ы - ауруханада жатыр. 220 адамның жағдайы - ауыр, 21 адамның жағдайы - өте ауыр, 23 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қазақстанның Covid бойынша ресми статистикасына коронавирус жұққан бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес - ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Соңғы айларда өткен жылдармен салыстырғанда адам өлімі көп тіркелді.
Елде коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер де бар. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.
ПІКІРЛЕР