Қазақстанда бір күнде коронавирус жұққан 568 науқас анықталды, 218 адам жазылды
10 қарашада Қазақстанда 568 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 218 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 11 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.
Сейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 237, Қостанай облысында - 61, Павлодар облысында - 52, Ақмола облысында - 45, Нұр-Сұлтанда - 37, Алматы қаласында 30 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қызылорда облысында бір тәулік ішінде бірде-бір науқас тіркелмеген.
Наурыз айынан бері 117 904 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған, содан бері 1905 адам коронавирустан қайтыс болған. 108 мың адам жазылған.
Бұл ресми мәліметке коронавирус жұққан бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес - ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Жаз айларында өткен жылдармен салыстырғанда адам өлімі көп тіркелді.
Қазақстан билігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне қарамастан коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid статистикасына қоспай отыр. 1 тамыздан бері 39 115 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 29 203 адам жазылған, 410 адам қайтыс болған.
Екеуін қоса есептегенде науқастар 157 019 адамға жетеді.
Қазір 7 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Қазақстанның бірқатар аймақтарында әсіресе, Ресеймен шекаралас аумақтарда карантин күшейіп, блокбекеттер қойылған. СҚО, БҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай облысы аумағына кіру үшін адамдарда коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін ПТР-тест анықтамасы болуы керек.
Денсаулық сақтау министрлігі батыс компанияларының екпесін сатып алу мәселесін "қарастырып жатыр"
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті жетекшісінің орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирустан қорғайтын вакцинасын сатып алу мәселесіне түсініктеме берді. Бір күн бұрын аталған екі фармацевтикалық компания вакцинаның соңғы кезеңде өте жақсы нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.
"Бұл ақпарат кеше (9 қараша) ғана шықты. Біз де оны ақпарат құралдарынан білдік. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені жедел қарастырып жатыр. Отандық вакцина бар, ресейлік және өзге елдердің вакциналары бар, мәселені жан-жақты қарастырамыз. Вакцинаны тіркегеннен кейін Pfizer және құрылтайшыларымен осы бағытта жұмыс істейміз" деді Асылбеков 10 қараша күні өткен брифинг кезінде.
Американың Pfizer және немістің BioNTech компаниясы дүйсенбі күні таратқан ортақ мәлімдемесінде Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцина коронавирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп хабарлаған болатын. Сынаққа 43 538 ерікті қатысқан. Оларға вакцина мен плацебо егілген. Сынаққа қатысқандар арасында 94 адам коронавируспен ауырған. Компания өкілдерінің айтуынша, сынақ жалғасса, тиімділік деңгейі өзгеруі мүмкін. Вакцинаның адамдарды қанша уақыт қорғай алатыны айтылмаған.
Болжам бойынша, компаниялар 2020 жылы вакцинаның 50 млн дозасын шығаруды жоспарлап отыр. Келесі жылы 1 миллиардтан астам дозасын өндіреді. Коронавирус вакцинасы сынағының сәтті өткені жайлы ақпараттан кейін халықаралық нарықта мұнай бағасы қымбаттай бастады. Pfizer акциясының құны - шамамен 14 пайызға, BioNTech құнды қағаздарының бағасы 25 пайызға өсті.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қыркүйек айында қай мемлекет вакцинасын бірінші болып сертификациядан өткізсе және екпесінің тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденіп, жаппай шығарыла бастаса, Қазақстан сол мемлекетпен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеген.
Өткен тәулікте 11 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған
9 қарашада 11 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 1 адам пневмонияның осы түрінен қайтыс болған.
1 тамыздан бері 39 115 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 29 203 адам жазылған, 410 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid статистикасына қоспай келеді. Егер халықаралық мамандар кеңесіне сүйене отырып, коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер мен пневмонияға шалдыққандарды қосса, елде науқастар саны 156 мыңнан асып кетеді.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің сайтында Қазақстанда 156 мың емес - 116 мың адам коронавирусқа шалдыққан деп көрсетілген. Халықаралық институт Қазақстан билігі таратқан ресми деректі келтіріп отыр.
Қазақстанда бір күнде 564 адамға коронавирус жұққаны расталды
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, өткен тәулікте 564 адамға Covid жұққаны расталған, 326 адам жазылған. Бір күнде коронавирустан 6 адам қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 117 336 адам бар: 108 169-ы жазылған, 1905-і қайтыс болған.
Қазір 7 262 адам коронавирустан емделіп жатыр, 384-і - бала. Стационарда 2 891 науқас ем қабылдап жатыр. 194 адамның жағдайы - ауыр, 21 адамның жағдайы - өте ауыр, 27 адам аппаратпен тыныс алып жатыр.
Кейбір мамандар Қазақстан билігі таратқан ресми мәліметке күмәнмен қарайды. Елде коронавирус жұққан жүздеген адам өлімі ресми мәліметке енгізілмеген. Министрліктің түсіндіруінше, олардың өліміне "коронавирус емес - ілеспе ауру себеп болған".
ПІКІРЛЕР