Pfizer пен BioNTech дайындап жатқан вакцина "коронавирустан 90 пайыз қорғай алады"
9 қарашада Pfizer фармацевтикалық компаниясы Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцинасы коронавирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеді. Компания алғашқы сынақ нәтижесін пандемияны жеңуге үлкен қадам деп бағалады.
Pfizer мен оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясының коронавирус вакцинасы – жаппай сынақтан сәтті өткен алғашқы екпе. Екі компания қазірге дейін вакцинаның адамға теріс әсері болмағанын мәлімдеді. Pfizer мен BioNTech АҚШ билігінен осы айда вакцинаны төтенше жағдайда қолдануға рұқсат алуды жоспарлайды.
"Бүгін адамзат пен ғылым үшін ұлы күн. Әлемде вирус жұқтырғандар өсіп, ауруханалар толу алдында тұрғанда, экономика зардап шегіп жатқан тұста вакцина дайындау шешуші сәтке келіп қалды" деді Pfizer басшысы Альберт Бурла.
Вакцина қолдануға рұқсат берілсе, басында аз доза шығарылады. Pfizer жыл соңына дейін 50 миллион, ал 2021 жылдың соңына дейін 1,3 миллиард доза екпе шығаруды жоспарлайды. Екпе қанша уақытқа қорғайтыны әзірге анық емес. Бірақ BioNTech атқарушы директоры Угур Сахин Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында вакцина адамды бір жыл коронавирустан қорғай алады деп үміттенетінін айтқан.
Вакцина алты құрлықта 43500 еріктіге салынған, ешкімге теріс әсері болмаған.
Қазір әлемде ондаған вакцина сынақтың соңғы кезеңі – үшінші фазаға келді. Ал Pfizer вакцинасы – қандай да бір нәтиже көрсеткен алғашқы екпе.
БҚО-да карантин күшейді, Орал қаласына кіріп-шығу шектелді
Демалыс күндері Батыс Қазақстан облысы (БҚО) аумағындағы елдімекендерге санитарлық посттар қойылып, облыс орталығы Орал қаласына кіріп-шығу шектелді, кәсіпорындардың жұмыс уақыты қысқарды. Облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арысбаевтың қолы қойылған 9 қарашада күшіне енген қаулыда осылай деп жазылған.
Қаулыға сәйкес, Орал қаласына негізгі қызмет түрлерін көрсететін сала мамандары (жедел жәрдем, өрт сөндірушілер т.б), транзиттік жолаушылар, вахталық әдіспен істейтін жұмысшылар, ауыл шаруашылығы мамандары ғана кіре алады. Бекеттен өту үшін оларда арнайы рұқсат қағаз (медициналық анықтама, жолаушы парағы, жөнелту құжаты) бен төлқұжат болуы тиіс.
Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің - 80 пайызын, жеке компаниялар 50 пайызын қашықтан істеуге көшіруі тиіс. Аймақта көрермендер қатысатын шаралар, көрме, форум, түрлі спорт жарыстарын өткізуге тыйым салынған. Сауда орталықтары, дәмхана, бар, мейрамхана, базар, шіркеу, мешіттер жәй күндері ғана ашық болады. Жексенбі күні фитнес залдар, сұлулық салоны, шаштараз, бассейндер жұмыс істемейді.
Бұдан бөлек, жексенбі күні облыста автобус қозғалысы шектелді. Түнгі сағат 23 пен таңғы сағат 6 аралығында жеке көлікпен жүруге тыйым салынған.
Ресми мәлімет бойынша, облыста өткен тәулікте 45 адамнан коронавирус анықталған. Эпидемия басталғалы бері 7 274 науқас тіркелген, коронавирустан 121 адам қайтыс болған.
Соңғы уақытта Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында індеттің өршігені байқалады. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында коронавирус жұқтырғандар артып барады.
Ресми мәлімет бойынша, елде 116 мыңнан астам адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген. Наурыз айынан бері 1899 адам Covid-тен қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап "коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды" тіркеп, жалпы пневмониядан бөлек есептеп келеді. Содан бері 39 мыңнан астам адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 1 тамыз бен 8 қараша аралығында 409 адам қайтыс болған.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар 50 миллион адамнан асты
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде коронавирус жұқтырғандар 50 миллионнан асқан.
Бестен бір бөлігі немесе 10 млн науқас АҚШ-та тіркелген. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Екінші орында тұрған Үндістанда ресми мәлімет бойынша, 8,5 млн адамнан коронавирус анықталған. Бразилияда 5,6 млн адам коронавирусқа шалдыққан. Ресей мен Францияның әрқайсысында шамамен 1 млн 750 мың науқас тіркелген. Адам басына шаққанда Андоррада науқастар көп. Онда халықтың 7 пайыздан астамы коронавируспен ауырған.
Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 1 миллион 250 мыңға жетті. Коронавирус жұқтырғандардың орташа есеппен алғанда шамамен 2,5 пайызы қайтыс болған.
Ресейде ресми мәлімет бойынша, коронавирус 30 мыңнан астам адамның өліміне себепші болған. Бірақ бұл статистикаға коронавируспен байланысты барлық адам өлімі енгізілмеген. Арнайы комиссия кейбір науқастардың коронавирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болғанын айтады.
Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 156 мыңнан асады, 39 мыңнан астамы коронавирус пневмониясына шалдыққан. Бірақ Қазақстанның Covid статикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген, сол себепті халықаралық ұйымдар, оның ішінде Джонс Хопкинс университеті Қазақстандағы коронавирус ахуалын көрсеткенде азайтылып көрсеткен ресми мәліметке сүйеніп жүр. Оған сәйкес, Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде 46-орында тұр. Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 37 орында тұрушы еді.
Әлемде 35 миллионнан астам адам коронавирустан жазылған, қазір шамамен 14 миллион адам емделіп жатыр. Бұл мәлімет тек ресми ақпаратқа негізделгендіктен толымсыз, дәл болмауы мүмкін. Ал жабық мемлекеттердегі ресми мәліметке сарапшылар күмәнмен қарайды.
Қарағанды облысында 5-сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат берілді
Қарағанды облысында орта мектептің 5-сынып оқушыларына екінші тоқсанда дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берілді. Бірінші тоқсанда бастауыш сынып оқушылары ғана "кезекші сыныптарға" барып, білім алған еді. Онда да ата-аналарының рұқсаты керек болған. Шалғай аудандардағы шағын мектептерде де сабақ дәстүрлі форматта өткен. Қалған оқушылар онлайн түрде білім алды.
- Әртүрлі пікір, көзқарас бар. Балалары онлайн оқыса дейтін ата-аналар бар, көптеген ата-аналар балаларының дәстүрлі форматта оқығанын қалайды. Түрлі талқылаулар мен қазіргі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, оқушылар саны 300-ден аспайтын мектептерді штаттық режимге көшіру жайлы шешім қабылданып жатыр, бірақ бұл процесс біртіндеп жүзеге асады. Екінші тоқсанда облыс бойынша 290 мектеп штаттық режимде жұмыс істейді деп отырмыз, - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек 9 қараша күнгі онлайн-брифинг кезінде.
Осыған дейін Бұқар жырау ауданы Центральное ауылындағы мектеп оқушыларынан коронавирус анықталып, білім мекемесі вирус ошағына айналған еді. Ізінше инфекция ауқымы кеңейіп, ақыры жергілікті билік оқу орнын жабуға мәжбүр болған. Кейінірек ауыл да тұтас жабылды. Ақпарат бойынша, Центральное ауылында ондаған адамға коронавирус жұққан.
Қазақстан мектептерінде алғашқы тоқсан 4 қарашада аяқталған, екінші тоқсан 16 қарашада басталады.
Облыс әкімі дүйсенбі күнгі брифинг кезінде бірнеше қаланың жабылғаны жайлы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып, оны "фейк" деп атады, режимді күшейту жоспарда жоғын айтты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, аймақта күн сайын шамамен 15-20 адамнан коронавирус анықталады. Облыста ауру өсімі республикалық көрсеткіштен төмен. Аймақтағы стационарлардың шамамен 4 пайызы ғана толған. Коронавирус жұққандарға арналған орындар екі есеге көбейіп, 4,5 мыңға жеткізілген. Жергілікті билік 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры барын айтады.
1-8 қараша аралығында облыста 932 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған.
ПІКІРЛЕР