Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

20:40 2.11.2020

Сауд Арабиясы шетелдіктерге кіші қажылыққа рұқсат етті

Араға сегіз ай салып Сауд Арабиясы билігі шетелдік мұсылмандарға кіші қажылық – умра жасауға мүмкіндік берді. Мұсылмандарға қажылыққа наурызда коронавирус тараған тұста шектеу қойылған.

Ел билігінің шешіміне сай, 1 қарашадан бастап күніне 20 мың адамға кіші қажылық жасауға мүмкіндік беріледі. Келушілерге Меккедегі Қағбаны айналуға да болады. Шетелдіктер Сауд Арабиясына келген соң үш күн өзін оқшаулауы тиіс.

Өткен айда Сауд Арабиясының тұрғындарына шағын топпен кіші қажылық жасауға мүмкіндік берілген.

Мұсылмандар кіші қажылықты жылдың кез келген уақытында жасай алады.

Пандемия басталғалы Сауд Арабиясында 347282 адамнан коронавирус табылғаны хабарланды. 5402 адам қайтыс болды.

16:30 2.11.2020

ШҚО-да коронавирусты анықтайтын зертханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды

Шығыс Қазақстан облысының ірі қалалары - Семей мен Өскеменде Covid-ті анықтайтын тест орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Соңғы талапқа сәйкес, облыс аумағына кіріп-шығу үшін коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін ПТР-тест керек. Бұл талап жайлы кеш құлақтанған халық тест орталықтарына ағылған.

- Осында таңертеңгі сағат 9-дан бері тұрмыз, аяғымыз қатып қалды. Бізге анықтама пойызға қажет, ол сағат күндізгі 1-де жүреді. Енді ол жаққа қалай мінеміз? Кезекке тұрғандар көп, ара қашықтық мүлде сақталып жатқан жоқ, - деді қала тұрғыны Нәзира Досымбетова. Күндізгі сағат 12-де ол зертхана алдында кезек күтіп тұрды.

Тест орталығында кезек күтіп тұрған жұрт. Семей, 2 қараша 2020 жыл.
Тест орталығында кезек күтіп тұрған жұрт. Семей, 2 қараша 2020 жыл.

Дүйсенбі күні Семей қаласындағы Olimp клиникасында тұрғындарды қабылдайтын бір касса және бір кабина ғана істеп тұрды. Тест құны - 9 мың теңге. Адамдар ПТР-тестінен өту үшін көшеде суықта сағаттап тұруға мәжбүр. Мұнда түске қарай ауа температурасы -3 градусқа дейін "жылиды". Пунті маңындағы орталық алаңда қаз-қатар тұрған жаңа жедел жәрдем көліктерін нұсқаған ер адам:

- Ауруханаға жаңа көліктер беріп, тойлап жатыр. Ал мұнда адамдарды тұрғызып қойған. Індет кезінде ара қашықтық сақтамай тұрмыз, - деді қала тұрғыны Абдулла Көкшебаев.

Абдулла кезегін күтіп, 3 сағат көшеде тұрды, алайда күндізгі 12-ден кейін кетуіне тура келді. Өйткені пункт қызметкерлері түстен кейін тест тапсырғандар анықтаманы 24 сағат немесе 48 сағат күтеді деп айтқан.

- Көбі 2-4-іне билеттер алып қойған, бірақ қазір анализ тапсырып жатқандар анықтаманы уақытында ала алмауы мүмкін, себебі оны алу үшін 48 сағат керек. Сонда не істеуіміз керек? FlyArystan-ға хабарлассақ, толық қызмет көрсетеміз, барлық сұрақтарды санитар дәрігерге қойыңыз дейді, - дейді ер адам.

Клиникаға онлайн жазылу қызметі болғанмен келгендердің көбінің уақыты бір-бірімен сәйкес келіп жатты. Invitro+ клиникасындағы жағдай да Olimp-тікіне ұқсас.

Шығыс Қазақстан облысының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің баспасөз қызметі "мәселе қаралып жатыр" деп хабарлады. Жауапты тұлғалар қосымша пунктер ашыла ма, жоқ па, ол жағын ашып айтпады.

Қазір бүкіл облыста 10 зертхана жұмыс істейді. Облыстың тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің мәліметінше, коронавирус жұқты деп шыққан тест қорытындысының 52 пайызы дәл болмай шыққан.

13:31 2.11.2020

Қарағанды облысына ПТР-тестсіз кіргізбейді

4 қарашадан бастап Қарағанды облысына кіре беріс жерде санитарлық постар қойылып, аймаққа коронавирус жұқпағанын ПТР-тестпен дәлелдеген жолаушылар ғана кіре алады. Облыстың бас санитар дәрігері 2 қарашада осындай қаулы шығарды.

Жаңа қаулыға сәйкес, санитарлық постар: Қызылорда - Павлодар жолындағы Молодежный ауылы, Қалқаман - Баянауыл - Үміткер - Ульяновскіні жалғайтын жолда орналасқан Үміткер ауылында және Қарағанды - Аягөз - Бұғаз жолындағы Кеңтөбе ауылында қойылады.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысына кіргендер мен шыққандар анкета толтырып, дене қызуы өлшенеді.

13:23 2.11.2020

Германия жартылай локдаун енгізді, сарапшы АҚШ-ты "қаһарлы қыс" күтіп тұр деп болжайды

Коронавирустың тарауын тежеу үшін Еуропа елдері шектеу шараларын күшейтіп жатыр. 2 қарашадан бастап Германияда кемінде бір айға созылатын жартылай локдаун енгізілді. Індет басталғалы бері коронавирустан қайтыс болғандар 10 миллионнан асты.

АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері Энтони Фаучи демалыс күндері АҚШ-ты "қаһарлы қыс күтіп тұр" деп мәлімдеді.

"Бізді алда әлі талай ауыртпалық күтіп тұр" деді Фаучи Washington Post газетіне берген сұхбатында.

Президент сайлауына санаулы күн қалғанда Дональд Трамп "АҚШ бәлкім, індеттің үшінші толқынын өткеріп жатқан болар, бірақ қауіпті сәттердің бәрі артта қалды" деп сендіруге тырысты.

АҚШ-та індет басталғалы бері 230 996 адамнан коронавирус анықталған. Америка коронавирус жұқтырғандар мен Covid-тен қайтыс болғандар саны жағынан да әлемде бірінші орында тұр. Елде ауруханаға түскендер мен адам өлімі көбейіп жатыр.

Еуропада науқастар санының жылдам артуы медицина мекемелеріне салмақ түсіріп, билікті шараларды қатаңдатуға итермелеп отыр. Аймақта күн сайын 240 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Еуропаның оннан астам елінде ауруханаға жатқызылғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткен.

30 қазанда Франция локдаун енгізген.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG