Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:27 2.11.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 442 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды

1 қараша күні Қазақстанда 442 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрінде ПТР тестінің нәтижесі оң шыққан. Инфекция жұқтырғандардың жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Мұнда жексенбі күні 245 адамнан коронавирус анықталған.

Солтүстік Қазақстан облысында - 35, Павлодар облысында - 30, Нұр-Сұлтан қаласында 28 науқас тіркелді. Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында бірде-бір науқас анықталмаған.

Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында науқастар санының күрт көбеюінің себебін түсіндірген жергілікті денсаулық сақтау басқармасы оған жұрттың санитарлық талаптарды сақтамауы, облыс аумағында ары-бері жүрген жолаушылардың көптігі себеп болып отыр деп мәлімдеген.

Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 112 860 болды: 106 мыңнан астамы жазылған, 1852-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистика 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 1 тамыздан бері 38 мыңға жуық адамнан анықталған, 402 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегенің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.

Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 112 860 емес 150 822 болушы еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына да Covid кодын тағайындады. ПТР тестімен расталған науқасқа U07.01 коды тағайындалса, ПТР тестімен расталмаған коронавирус науқасына U07.02 коды тағайындалады. ДДСҰ кодтары әртүрлі болғанымен екеуінің бір ауру екенін мәлімдейді. Қазақстан коронавирус пневмониясы дерегін жүргізу жоспарын жариялағанда, оның дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикаға біріктіретінін айтқан. Бірақ 2 тамызда статистиканың біріктірілмейтіні белгілі болды.

Қазақстанның көршісі Қырғызстан 17 шілдеден бастап ПТР тестімен расталған науқастар мен ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының дерегін біріктіріп келеді.

13:01 1.11.2020

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күн санап көбейіп барады. Өткен тәулікте ПТР тестінен коронавирус анықталған 465 адам, Covid белгілері бар пневмонияға шалдыққан 216 адам тіркелді. Билік мұндай науқастарды "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырғандар қатарына жатқызады. Ресми мәлімет бойынша, өткен тәулікте төрт кісі коронавирустан, бір кісі "пневмониядан" көз жұмған.

Инфекция жұқтырғандар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы бірінші орында тұр, онда 252 кісі тіркелген, одан соң 30 адамнан вирус табылған Солтүстік Қазақстан облысы және 29 науқас анықталған Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Павлодар және Ақмола облыстарында - 27 адамнан, Алматы қаласында 24 адамнан Covid табылған.

Қазір Қазақстан ауруханаларында коронавирус инфекциясынан 2 339 адам емделіп жатса, тағы 1827 кісі амбулаториялық ем алып жатыр. Олардың 330-ы бала.

154 адамның халі ауыр, 12 кісінің жағдайы өте ауыр, 17 кісі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Бүгінгі мәліметті қоссақ, пандемия басталғалы Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 112 418 адам, ал "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырғандар саны 37 962 адам болды. 13 наурыздан бері Covid дертінен 1852 адам, "пневмониядан" 402 адам көз жұмған. Бұл – ресми мәлімет, көп жұрт бұл мәліметке күмән келтіреді, себебі Қазақстан Covid белгілерімен ауырған, бірақ ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен адамдарды тек 1 тамыздан санай бастаған.

Қазақстан билігі коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатырмыз дейді. Адамдарға бөтен кісілермен араласуды азайтып, санитарлық нормаларды сақтау жөнінде кеңес беріліп жатыр. Кей аймақтарда карантин шаралары күшейтілді.

15:34 31.10.2020

Қазақстанда бір күнде 172 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған

Коронавирус пандемиясы кезінде науқасты емдеп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде науқасты емдеп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.

30 қазан күні Қазақстанда 172 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Тәулік ішінде аурудың осы түрінен екі адамның өлімі тіркелді. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Үкімет дерегінше, тамыздың басынан қазанның аяғына дейін 37 746 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Оның 401-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 3795 адам емделіп жатыр. Оның 2337-сі стационарда, 1458-і амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. 128 науқастың ахуалы нашар, 20 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға тек ПТР тестімен расталған науқастар дерегі кіреді. 13 наурыз бен 31 қазан аралығында 111 953 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Оның 1848-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.

09:12 31.10.2020

Еуропа шектеулерді күшейтті, АҚШ-та вирус жұқтырғандар 9 миллионнан асты

30 қазаннан бастап локдаун тәртібіне көшкен Франция метросындағы бос вагон.
30 қазаннан бастап локдаун тәртібіне көшкен Франция метросындағы бос вагон.

Еуропада мен АҚШ-та коронавирус жұқтырушылар саны рекордтан рекорд жаңартып жатыр. Денсаулық жүйесіне шамадан тыс салмақ түсіп жатқан елдер вирусты тоқтату үшін көптеген шектеулер енгізіп жатыр.

30 қазаннан бастап Францияда республикалық деңгейде локдаун тәртібі орнады. 65 миллионға жуық халық үйінде отыруға мәжбүр. Сыртқа аса маңызды қажеттілік болғанда ғана шығуға рұқсат. Вирус жұқтырғандар саны бүкіл континент бойынша артып келеді: Еуропада күн сайын 240 мыңнан астам науқас тіркеліп отыр, ал 14 елде ауруханаға жатқызылғандар саны рекорд жаңартып жатыр.

Бельгия – локдаун жариялаған соңғы еуропалық мемлекет. Тәртіп 2 қарашадан бастап күшіне енеді. Сол күні Германия жартылай локдаун тәртібіне өтеді. Бұл туралы осы аптада хабарланған.

Times басылымы Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның келесі аптада жаңа шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырып отырғанын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин карантин енгізбейтінін мәлімдеді. Елде вирус жұқтырғандар саны рекорд жаңартып отыр. Ресей ауруханасына түсіп жатқан науқастары саны артып жатыр.

АҚШ-та медициналық мекемелерге шамадан тыс ауыр салмақ түсіп жатыр. Вирус күн сайын мыңдаған адамның өліміне әкеліп отыр. Ал 3 қарашада елде президент сайлауы өтпек. 30 қазан күні 100 мың Covid науқасы тіркеліп, вирус жұқтырғандар саны 9 миллионнан асты. Бұл – ел халқының 3 пайызы.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG