Оқиға қылмыскерлер бой тасалады деген Боралдайдағы Шпак көшесі, 43 үйді арнайы жасақ қоршауға алған кезде өрістеген. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қоршауға алынған топ мүшелері қарашаның 8-інде Алматыда екі полиция қызметкерін өлтірген және тағы да зорлық әрекеттерін іске асыруды жоспарлаған.
Бас прокуратура "террористік топтың жетекшісімен қоса басқа да мүшелерінің көзі жойылғанын", "мәйіттерді анықтау жұмыстары жүргізіліп" жатқанын хабарлап отыр. Арнайы операция барысында ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының екі қызметкері жараланып, қаза тапқан.
Операция желтоқсанның 3-і күні 23 сағат 50 минутта аяқталған. Бұдан алдын прокуратура қақтығыстың 19 сағат 30 минутта болғанын хабарлаған еді.
Оқиғаға орай Қылмыстық кодекстің 96 (адам өлтіру), 251 (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 237 (бандитизм) баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Бұл қарашаның 12-сінде Таразда болған терактіден кейін осымен екінші рет аты аталмаған топқа қарсы бағытталған Алматыға жақын маңда жүргізілген екінші ірі операция болып табылады.
Билік әуелде Тараздағы оқиғаға діни топтың қатысы бар екенін хабарласа, кейіннен оған қылмыстық сипат бере бастады. Өткен аптада Алматыда болған кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осындай мәлімдеме жасады.
Жексенбі күні бас прокуратура сенбі, желтоқсанның 3-інде Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кентінде болған оқиғаға түсінік берді. Оқиға кезінде жеті адамның қаза тапқаны айтылды. Оның бесеуі қылмыстық топтың мүшесі делінсе, екеуі ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағының қызметкері екені хабарланды.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Зумретай Аркинмен сұхбат
"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады"
-
Сайлау қорытындысы
Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты