Ливанда орналасқан шиит бағытындағы "Хезболла" радикал тобының жаңа жетекшісі шейх Наим Касем болды. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атаған.
29 қазанда ираншыл топ таратқан мәлімдемеде Касем "Хезболланың" жаңа бас хатшысы болып сайланды делінген. Ол 27 қыркүйекте Израиль әуе күштері Бейрутке жасаған шабуылдан қаза тапқан Хасан Насралланың орнына келді.
Шейх Наим Касем 1991 жылдан бастап "Хезболла" бас хатшысының орынбасары болған. "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінде шииттер көп қоныстанған аудандардың басым бөлігін бақылайтын қарулы топ және саяси партия. Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде де отыр.
"Хезболла" 1992 жылы алғаш рет Ливандағы парламент сайлауына қатысқаннан бері Касем оның сайлау науқанын ұйымдастыруға атсалысқан.
Қазан айының басында Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Бейруттің оңтүстігіне жасаған шабуылдан Хашим Сафи ад-Диннің өлгенін растады. Ол қыркүйектің аяғында Насралланың орнына "Хезболла" басшысы болып тағайындалды деген ақпарат тараған еді.
ПІКІРЛЕР