Accessibility links

Ақтау түрмесінен қашқандардың хикаясы қантөгіспен аяқталды


Түрме қоршауы. Көрнекі сурет.
Түрме қоршауы. Көрнекі сурет.

Ақтаудағы қатаң режимдегі түрмеден қашқан тұтқындардың көбі ұсталды. Арнайы операция кезінде оның төртеуі жараланып, екеуі қолға түсті. Қалғаны көліктеріне отырып, өзін-өзі жарып жіберді, дейді ресми орындар.


ШЕТПЕНІҢ ШЕТІНДЕГІ ОҚИҒА


Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлзайда Төлеуғалиева журналистермен брифинг өткізіп, қашқындардың қолға түскенін хабарлады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, 26 маусым күні шамамен сағат 21.15 кезінде МИ-8 тікұшағымен шұғыл іздеу шараларын жүзеге асыру кезінде Шетпе кентінен Шайыр елді-мекені бағытына қарай 15 шақырым жердегі Қызылсай тау шатқалында күдікті адамдар жүргені анықталған.

Олардың сыртқы белгілері Маңғыстау облысында орналасқан ГМ-172/1 мекемесінен қашып кеткен қылмыскерлерге ұқсастығы белгілі болған соң облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы «Арлан», «Сұңқар» және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасақтарымен бірлесе отырып қашқындарды ұстау операциясын жүргізген.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз хатшысының айтуынша, ұстау кезінде қылмыскерлер тау шатқалына бой тасалап, әр түрлі қарулармен оқ атып, қатты қарсыласқан.

Операция кезінде 2 қылмыскер ұсталып, Маңғыстау аудандық уақытша ұстау абақтысына жабылды. Ал оқ тиіп, жараланған төртеуі Маңғыстау аудандық ауруханасына жатқызылып, қасына күзет қойылды.

Сонымен қатар бірнеше қылмыскер автолікке отырып, белгісіз жарылғыш затпен өз-өздерін жарып жіберген. Олар осы әрекетке барар алдын «аллахуакбар!» деп айқайлаған, дейді Гүлзайда Төлеуғалиева.

– Ұсталғандардың айтуынша, барлық қылмыскер саны жобамен 17 адам болған.Сондай-ақ қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде департаменттің бір қызметкері жарақат алған. Қазіргі таңда оқиға болған жер толық күзетке алынып, тексеру жұмыстары жүргізілуде және қаза болған қылмыскелердің жеке тұлғалары анықталуда, - дейді Гүлзайда Төлеуғалиева.

Оқиға куәгерлерінің Азаттық тілшісіне хабарлағанындай, қашқындар Шетпе кентінен 18 шақырым қашықтықтағы ескі құрылысты сағалаған екен.

ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ДІНИ ТОПҚА ҚАТЫСЫ

Ақтау түрмесінен қашу оқиғасы басталғаннан аяқталғанға дейін ел назарын аударған бір жайт мынау еді. Қашқындардың дәстүрлі емес діни топқа қатыстылығы жайында жергілікті БАҚ хабар таратып, олардың суреттерін жариялап отырды. Ал сәрсенбі күні Ақтауда шығатын «Лада» газетінің сайтына белгісіз хакерлер шабуылдады.

Атышулы оқиғаның жанкешті әрекетке ұқсас аяқталуы лаңкестікке және экстремизмге күреске қатысты талай сауалдың туындауына себеп болып отыр.

Облыстың бас имамы Төлепберген Жәкеев түрмеден қашқандар турасында «Олардың арасында құдайға сенетіндері мен намаз оқитындары бар шығар», - дегенмен, олардың әрқандай бір діни топқа қатысты екендігін жоққа шығарып отыр. Бас имамның өзі де ай сайын түзету мекемелеріне барып уағыз өткізіп отыратын көрінеді.

Азаттық радиосы тілшісімен тілдесуінде дінбасы былай дейді: "Мен өзім де қатаң тәртіптегі түзету мекемесіне барып тұрамын. Бірақ оғаш қылықтар байқамадым."

Естеріңізге сала кетсек, маусымның 22-сі күні таңғы 5-те Ақтаудағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі 21 сотталушы қашып кеткен еді. Олардың 8 - і сол күні қолға түскен болатын. Қолға түскендердің арасында қаза болғандар мен жараланғандар бар. Әуелде қашқандардың дәстүрлі емес діни топтарға қатысы турасында хабарланғанымен, артынша Маңғыстау облыстық прокуратурасы оны жоққа шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG