Атыраулық жігіт Мүгедектер үйіне орналасуды армандайды
Атырау облысы Жылой ауданындағы Шоқпартоғай ауылында тұратын 28 жастағы Артур Кенжәлиев бала кезінен ДЦП ауруына шалдыққан. Жастайынан қарт әжесінің тәрбиесінде болған жас жігіт қария көз жұмған соң қараусыз қалды. Ол Азаттыққа қоғамдық ортада елмен араласып, дос тапқысы келетінін, үйленуді армандайтынын айтты. Шешесі жалғызбасты ана Клара Кенжәлиева ұлын Атырау облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне орналастыруға дәрігерлердің «созылмалы психикалық аурумен ауырады, өз әрекетінің мағынасын түсінбейді» деген қорытындысы негізінде шыққан сот шешімі кедергі болып отырғанын айтады. Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамидолла дәрігер шешіміне қатысты тексеру жүргізіп, Артуды мемлекет қамқорлығына алғызуға уәде берді. Азаттық радиосы Артурдың тағдырын бақылап отырмақ. 6 қаңтар 2016 жыл