Азаттық тілшісі "20 желтоқсан күні сағат 18:00 шамасында Шымкенттегі Ақназар хан көшесінде орналасқан №62 екі қабатты, сегіз пәтерлі тұрғын үйде жарылыс болғанын" хабарлады. Қазір 23 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Адам шығыны жоқ. Бір тұрғын жеңіл жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген.
Оқиға орнына барған Азаттық тілшісінің айтуынша, үйдің астыңғы қабатындағы екі пәтер орнымен жоқ болып кеткен. Үстіңгі қабаттағы үш пәтер өртенген. Қалған екі-үш пәтердің қабырғалары жарылып, тұруға жарамсыз болып қалған. Ал тұтас үй қаусап, құлағалы тұр.
Тұрғындар "бұрынғы баспаналарының жөндеуге келмейтінін" айтады. Жарылыс болған үйдің тұрғыны Сергей Носиковтың ойынша, "үй ішіне газ жиналып, жарылыс содан болған".
- Жарылыс болған кезде екі балам мен әйелім төртеуміз үйде едік. Бәріміз далаға қаштық. Жарты сағаттан соң қатты өрт шықты, − дейді ол.
Ал жеңіл жарақат алып, дәрігерлер көмегіне жүгінген Роза Корчягина тек үстіндегі киімі ғана қалғанын, бар құжаты, мүлкі өртеніп кеткенін айтады.
- Үйде сіріңке жағып едім, жарылыс болды. Есімнен танып қалдым. Одан ары не болғанын білмеймін. Бір қабат киіммен далада қалдым, - дейді ол.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі орынбасары Мәлік Әбдінұров Азаттық тілшісіне "жарылыс болған үйдегі бес отбасы - жатақханаға, үш отбасы туыстарының үйіне орналастырылғанын" айтты.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, "газ үйдің ішінен емес, сырттан кірген". Маңайдағы құбырдан газ иісі шығып тұрғанына "шамамен үш айдай болған". Тұрғындар "оны мамандарға ескерттік, ешкім селт етпеді" дейді.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев үй маңынан газ иісі шығып тұрғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, жарылыс себебін мемлекеттік және тәуелсіз комиссия тексеруге кіріскен.