«Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары мұнайшыларының айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылы мамырда бастаған ереуілі Жаңаөзен оқиғасына ұласты.
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, бұл оқиғадан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланды.
Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңінде, 2011 жылы 17 желтоқсанында Шетпе теміржол станциясында жаңаөзендіктерді жақтаған тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, тағы бір адам көз жұмды.
СОТТАЛҒАН ТҰРҒЫНДАР
Жаңаөзен оқиғасына байланысты «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, оған белсене қатысты», «билік өкілдеріне күш қолданды», «ұрлады, тонады» деген айыптар негізінде 37 адам (екеуі кәмелетке толмаған) сотқа тартылды.
Маусымның 4-і күні сот үкімі шығып, 37 айыпталушының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі бойынша, Роза Төлетаева – жеті жылға (кейін бес жылға шегерілді);
Қанат Жүсіпбаев, Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов – алты жылға;
Шабдал Өткелов – бес жылға; Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев – төрт жылға;
Нұрлан Асқарұлы, Марат Аминов, Қайрат Еділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непесов үш жылға сотталды.
Сот Серік Ақжігітов, Ислам Шамилов, Бауыржан Телегенов, Қайрат Қойшыбаевқа - үш жыл шартты жаза және бір жыл сынақ мерзімін; Саламат Ысқақов, Жігер Аманжолов, Самат Қойшыбаев, Жанайдар Өтебеков, Сейсен Аспентаев, Мұратбай Жұмағалиев, Айжан Дүйсенбаеваға - үш жыл шартты жаза және екі жыл сынақ мерзімін; Әнуарбек Тәженов, Нұрсұлтан Мұқашевқа - үш жыл шартты жаза; Расул Мұхаммедов, Жаңбыр Ерғазев, Парахат Дүйсенбаевқа екі жыл шартты жаза кесті.
Әділбек Шамов (үш жыл), Айбек Мұңайтпашев (екі жыл), Жанат Мұрынбаев (екі жыл), Есенгелді Әбдірахманов (үш жыл), Карл Бекжанов (екі жыл) амнистияға ілігіп, сот залынан босатылған. Айыпталушылар Ертай Ермұқанов, Жеңіс Бапилов, Мелс Сарыбаевқа қатысты сот ақтау туралы үкім шығарды.
СОТТАЛҒАН ПОЛИЦЕЙЛЕР
17 мамырда Жаңаөзен оқиғасы кезінде сондағы уақытша қамау изоляторын (УҚИ) басқарған Жеңісбек Теміров "қызметін дұрыс атқармағаны үшін" бес жылға сотталды.
2012 жылы 28 мамырда Ақтау соты Жаңаөзен оқиғасы кезінде шерушілерге қарсы оқ атты деген айыппен бес полицейді бес-жеті жылға соттады. Сот үкімі бойынша, полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиев - жеті жылға, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев – алты жылға, полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы - алты жылға, полицияның аға лейтенанты Ринат Жолдыбаев – алты жылға, полиция капитаны Нұрлан Есбергенов бес жылға бас бостандығынан айырылды.
СОТТАЛҒАН БАСШЫЛАР
Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұл қаланың бұрынғы әкімі Орақ Сарыбөпеев, Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов, «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» және «Мұнай-Экология» компаниясының бұрынғы үш қызметкері де жемқорлыққа байланысты айыппен сотталды.
СОТТАЛҒАН САЯСАТКЕРЛЕР
Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік араздықты қоздырды», «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды» деп айыпталған оппозиция өкілдері – Владимир Козлов жеті жарым жылға сотталды, Серік Сапарғали мен Ақжанат Әминов шартты жазаға кесілді.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Зумретай Аркинмен сұхбат
"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады"
-
Сайлау қорытындысы
Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты