Қазанның 12-і күні Алматыдағы «Алматы» сауықтыру орталығының ашылуына қатысқан Сарыбай Қалмырзаев өз денсаулығының есен-сау екендігінен сол жерге жиналған журналистерді хабардар етті. Тек жақында Германияға барып біржарым күндік дәрігерлік тексеруден өтіп келгенін жеткізіп, өзінің денсаулығы туралы қоғамда айтылып жүрген әңгімені «президенттің жанында жүргенім ұнамайтын әлдекімдердің таратқаны болар» деген болжам айтты.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАНЫНДА ЖҮРГЕНІМДІ ӘЛДЕКІМ ҚЫЗҒАНАТЫН БОЛАР»
Сейсенбі күні «Алматы» сауықтыру орталығының ашылуына Сарыбай Қалмырзаев келеді дегенді естіген журналистер ол жерге көптеп жиналды. Алайда орталықтың ашылу салтанаты Қалмырзаевсыз басталып кетті. Дегенмен, біраздан соң журналистердің күдігін сейілтіп Сарыбай Қалмырзаевта көрінді.
Сауықтыру орталығының ресми салтанаты аяқталысымен журналистер Қазақстан президентінің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаевты ортаға алып сұрақтарын жаудырды. Тілшілердің көкейінде жүрген көп сауалдың алғашқысы соңғы бір аптадан бері оның денсаулығына қатысты айтылып жатқан қарама-қайшы ақпарат жайлы болды.
– Елде мен туралы не жазып жатқанынан хабарым жоқ. Мен жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтіп келдім. Мен жыл сайын Германияға барып қаралып тұрамын. Оны ешкімнен жасырмаймын. Бар-жоғы біржарым тәулік болдым да Алматыға қайтып оралдым, – дейді
Қазақстан президентінің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы, 12 қазан 2010 жыл.
Сарыбай Қалмырзаев.Мемлекеттік шенеунік соңғы кездері өз денсаулығы жайлы айтылып жүрген ақпаратқа қатысты ойын білдірді.
– Мен туралы түрлі ақпараттың таралуы, бәлкім біреуге керек болған шығар. Шамасы менің сау болғаным, президенттің жанында жүргенім барлығына ұнай бермейтін сияқты. Тараз, Шымкентке барғанда президенттің жанында мен ғана болдым, содан біреулердің қызғанышы тасып кеткен шығар. Мен олар үшін жауап бермеймін ғой, – деді журналистердің сауалына жауап берген Сарыбай Қалмырзаев.
«ОҢТҮСТІК» ПЕН «БАТЫС» ТАРТЫСЫ
Бұдан кейінгі сауал «оңтүстік» пен «батыс» топтары арасындағы тартыс жайлы болды. Оның пікірінше, бұл «қоғамның назарын қандай да бір проблемалардан басқа жаққа аудару үшін жасалып отырған әрекет». Сонымен қатар ол «адамдарды қақтығыстыру үшін әлдекімдердің арандатушылығы болуы мүмкін» екенін де жоққа шығармайды.
Дегенмен Сарыбай Қалмырзаев «оңтүстік» пен «батыс» топтарының тартысы туралы айтылып жатқан әңгімелердің барлығын жарнама деп түсінеді.
– Менің есімде, сіздер мәртебе тұтатын оппозицияның марқұм болған жетекшілері тоқсаныншы жылдардың соңында маған келіп сол сияқты бір жарнаманы қолданайық деген де болатын. Яғни сол кезде көбі ұната бермейтін біреуді «көгілдір» екен деп қауесет таратайық деді. Мен айттым «қазақты олай атауға болмайды» деп. Сол секілді қоғамның назарын басқа бірдеңеге аударудың тәсілі бұл, – дейді Сарыбай Қалмырзаев.
«ДОСҚАЛИЕВҚА ЕШҚАНДАЙ ҚАТЫСЫМ ЖОҚ»
Президенттің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев қаржы полициясы заң бұзды деген күдікпен үстінен қылмыстық іс қозғаған экс-министр Жақсылық Досқалиевті көрмегеніне бір жыл болғанын және қазір «қаржы полициясы саласында істеп жүрмегендіктен» Досқалиевтің ісінен хабары жоқ екендігін айтады.
– Мені 2004 жылдың 20-ы наурызында қаржы полициясына тағайындады. Сол кезде мен Досқалиев деген адамның өмірде бар екенін де білмейтінмін, – дейді Сарыбай Қалмырзаев.
Мемлекеттік шенеунік қазақстандық дәрігерлерге қаралмай шет елге бару себебін, ол жақта өзімен «жақсы қарым-қатынастағы және үнемі тексеріліп жүрген маман бар екендігімен» түсіндірді. Өз айтуынша ол соңғы 4-5 жылдан бері еңбек демалысында болмапты.
Осы жолы Германияға жасаған қысқа сапарынан Сарыбай Қалмырзаев Қазақстанда жұрттың тұрмысы жаман емес деген ой түйіп қайтыпты.
– Барлықтарыңыз ойбайлайсыздар, «анау жетпей жатыр, сүйтпей жатыр» деп. Шет елге барып өзің ұяласың. Өзім де көрінбейін деп жүрмін. Ана бұрыштан бір қазақ шыға келеді «ассалаумағалейкум» деп, мына бұрыштан бір қазақ шыға келеді, қаптап жүрген адамдар. Соған қарағанда барлықтарыңыздың жағдайларыңыз онша жаман емес қой, – деді Сарыбай Қылмырзаев.
Қазанның 5-і күні ҚазТАГ агенттігі аты-жөні айтылмаған ақпарат көзіне сілтеме жасап, Қазақстан президентінің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаевтың инсульт алғаны жайлы ақпарат таратқан еді. Кейіннен, «Қалмырзаев Германияда болуы мүмкін» деген хабар тарады.
Ал қазанның 7-сі күні ҚазТАГ агенттігіне Қазақстан президентінің іс басқарушысы міндетін атқарушы Абай Бисембаев «шетелде дәрігерлік тексеруден өтіп жатқан Сарыбай Қалмырзаев қазанның 12-інде жұмысқа шығады» деп хабарлаған болатын.