Accessibility links

Баспасөз шолуы. 06.07.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз демократиялық реформаларды әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның маусымның 6-күні Астанада өткен үшінші отырысы туралы жазды. Ол кеңесте елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу туралы мәселе қаралған болатын.

«ЭкспрессК» газетінің «Президент нақты саяси реформаларға жол сілтеді» атты бағанамен басталатын мақаласында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу мәселесіне мән берілген. Комиссияның үшінші отырысында Президент Н.Назарбаев осы жылы әкімдерді сайлау 49 аудан мен 10 қалада өтетіндігін айтқан. Бұл республика аумағының 30 пайызы. Әкімдерді барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын болады. Үкімет басшысы Даниял Ахметовтың айтуынша, жергілікті органдардың құзіреті бюджеттің жұмсалуын қадағалай алатындай етіп кеңейтілуі мүмкін. Мәслихат депутаттары экологиялық мәселелерді шешуде де маңызды роль атқаруы керек, дейді Д. Ахметов. Мемлекет басшысы премьер-министрдің айтқандарымен келісетіндігін білдірді. Азаматтарды толғандыратын көптеген сұрақтармен жергілікті өзін-өзі басқару органдары айналысуы тиіс, деген Президент. Мемлекет басшысының пікірінше, жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі барлық дамыған мемлекеттерде талқыланып жүрген күрделі сұрақ. «Және оның барлығы да дұрыс шешімді таба алды деп айта алмаймыз. Сондықтан, асығудың қажеті жоқ. Бізге тәжірибе қажет», деген Президент сөздерін «ЭкспрессК» газеті басты.

Әкімдерді сайлау мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың айтқандарын «Казахстанская правда» газеті келтірген. О.Жұмабековтың айтуынша, 2001 жылы 21 аумақтық-әкімшілікте сайлау сынақ ретінде жүргізілсе, 2005 жылы төрт аудан әкімін сайлау тәжірибеден өткен. Нәтижесі жаман емес, деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. Ал президент кеңесшісі Сұлтан Әкімбековтың пікірінше, әкімдерді аудандық мәслихат депутаттары сайлайтындығы радикалдық реформаларды жақтаушыларға ұнамауы мүмкін. «Алайда, әртүрлі елдердің соңғы 10-15 жылдағы даму тәжірибесі батыстық либералдық-демократиялық модель мен экономикалық қарқынды даму, халық тұрмысының жақсаруы арасында байланыс жоқтығын көрсетіп отыр. Мысалы, Қытай батыстық нұсқаны қолдандай-ақ жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Екінші жағынан, саяси либерализацияны таңдаған Украина парламенттік республикаға өтті, ал Қырғызстан болса наурыз төңкерісін басынан кешірді. Демократиялық жетілудегі басты сұрақ – осылардың арасындағы ортаңғы межені таңдау» деген президент кеңесшісі С. Әкімбеков.

Ал «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов демократияны жетілдіру комиссиясының үшінші кеңесте сөйлеген сөзінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру кезінде Қазақстанның да өз ерекшеліктерін ескеру қажеттігін айтты деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті. Б. Жұмағұловтың пікірінше, өзін-өзі басқару заңының жобасында жаңашылдық және батыл ережелер қамтылған. Жергілікті өзін-өзі басқару елді-мекендерді аббаттандыру мен жасыл желекке бөлеу, көшелерді жарықтандыру, олардың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мәселелерін және басқа да жергілікті маңызы бар проблемаларын шешетін болады, деді Б. Жұмағұлов.

Бұл уақытта «Нағыз Ақ жол» партиясы «Елді-мекендер, қала және аудан әкімдерін сайлау туралы» президент қаулысының жобасын маусым айында көпшілікке таныстырады» деп жазды «NAVIKZ» тәуелсіз электрондық сайты. Бұдан бөлек аталған партия Қазақстандағы саяси және экономикалық жүйенің жетілуіне үлес қосу мақсатында «Сөз бостандығының кепілі туралы», «Мемлекеттік органдардың ақпаратқа ашықтығы туралы», «Мемлекеттік мүлік» туралы заң жобаларын осы айда жариялайды» делінген «NAVIKZ» сайтындағы мақалада.
XS
SM
MD
LG