Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.06.2006 жыл.


Сейсенбілік газеттер жалақысын өсіруді талап етіп наразылық шеруге шыққан қарағандылық шахтерлер туралы жазды. Үкіметтік емес ұйымдар мен партиялардың «БАҚ туралы» заң жобасына қарсы үндеулері де бүгінгі баспасөзде басылған.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев парламенттегі «Отан» партиясы фракциясының депутаттарымен кездесіп, баспасөз туралы заңға өзгертулер енгізу туралы заң жобасын ұсынған болатын. «Журналистер қауымы болса, бұл заң жобасын биліктің ақпарат құралдарының алқымынан алу ретінде бағалап, наразылық білдіре бастады» деп жазды «Жас Алаш». Аталған газеттегі мақалада «егер осы заң жобасы қабылданған жағдайда ақпарат нарығының халі мүшкіл болмақ. Қазақстандағы ақпарат құралдарының саны бірнеше есеге күрт қысқарып кетуі мүмкін. Ертісбаевтың «түзетулерінің» салмағы, «әсіресе, тәуелсіз баспасөз үшін ауыр тигелі отыр» делінген. Дүйсенбі күні Қазақстандағы үкіметтік емес журналистік ұйымдардың басшылары парламент депутаттарының атына заң жобасын кері қайтару туралы үндеу жолдады. Баспасөз мәслихатында Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейітқазы Матай: «Бұл – түзету емес, баспасөзге шектеу қою. Бұл «түзетулерді» жасаған адамдар ақпарат нарығынан мүлдем бейхабар болса керек» деген. «Ермұхамет Ертісбаев мырза еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіндей әрекетке қалай барғанын өзі де сезбей қалған секілді» деп түйінделген «Жас Алаштағы» мақала.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында басылған мәлімдемесінде «Нағыз АҚ ЖОЛ» партиясы үкімет ұсынып отырған аталған заң жобасын конституцияға қарсы бастама деп есептейтіндігі жазылған. Мәлімдемеде жобаның типографиялық қызметті лицензиялау, өтемақының өсірілуі секілді басқа да ережелерінің іскерлік қызметке тікелей килігу екендігі айтылған. «Мұндай ережелер шағын және орта кәсіптің дамуына әкімшілік-бюрократиялық кедергілерді туғызады. Сондықтан «Нағыз АҚ ЖОЛ» партиясы басқа да журналистік қауымдастықтардың үніне үн қоса отырып, осы заң жобасының қабылдауына қарсы шығады» делінген мәлімдемеде.

«Асар» партиясының басшысы, депутат Дариға Назарбаева үкіметтің ақпарат құралдарының қызметіне байланысты заңдарға түзетулер енгізу туралы ұсынысын асығыс жасалған іс деп есептейтіндігі «Kazakhstan Today» интернет сайтында айтылды. «Бұл бағыттағы жұмыс тез жүріп жатқаны сонша бұл түзетулер мамырдың 24-не дейін қабылдануы мүмкін деген пікір бар» деген Д.Назарбаева. «Біз бұны кері кетушілік деп бағалаймыз», дейді «Асар» партиясының басшысы.

«Ақ жол», «Алға» және «Асар» партияларының сөз болып отырған заң жобасына қатысты «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында басылған бірлескен мәлімдемесінде мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың әрекетіне ашына қарайтындығы айтылған. «Жобаның ақпарат құралдарын тіркеуден бас тарту негіздерінің көбейтілуі – еркін сөз қағидаларына ғана емес, нарық талаптарына да қайшы. Заң жобасында көрсетілген бірқатар ережелердің тәжірибеге енуі - ақпарат құралдарын тіркеу ісінде сыбайлас жемқорлық орын алуы мүмкін» делінген партиялардың бірлескен мәлімдемесінде.

Партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар ақпарат құралдарына қатысты заң жобасын талқылап жатқанда, қарағандылық шахтерлер еңбек қатынасы туралы жаңа заңға түсезулер енгізуді талап етіп наразылық шеруін өткізді. «Жексенбі күнгі жауынға қарамастан Шахтинск қаласының орталығына жиналғандар «Қазақстандық еңбекшілерге - әлеуметтік жағдай ескерілетін заң қажет» деп ұрандатты» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада. «Миттал Стил Теміртау» металлургиялық компаниясының жұмысшыларын жалақы мәселесінің жұмыс беруші емес, жалға алынған топ-менеджерлер шешетіндігі алаңдатады. Жұмысшылардың талабы бойынша, жалақы көлемін есептегенде тариф межесі емес, Халықаралық конвенцияларда көрсетілген ережелер есепке алынуы тиіс. Сонымен қатар, жұмысшылар еңбек туралы кодекс бойынша еңбек ақысының көлемін анықтау жұмыс берушінің «еркіне» қалдырылғандығына наразы. Олай болса министр Г. Қарағұсова ханым әлемдегі ең бай адамның бірі Миттал мырзадан қарағандылық шахтерлердің еңбекақысын өсіруін сұрап көрсін» деген көміршілердің кәсіподақ төрағасы Вячеслав Сидоров «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG