Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.31.2006 жыл


Тоталитарлық жүйенің құрбандары қамалған лагерлерге Қазақстандық баспасөз «Сталиндік тозақ» деген атау береді. Газеттерде Сталиннің 30 жылдық режимі кезінде тек қана «революцияға қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін» деген жаламен 4 миллионға жуық адам жазаға тартылғандығы айтылады.

Сәрсенбілік баспасөз тоталитарлық жүйенің құрбаны болған жандарға көңіл бөлген. Сталиндік билік кезінде тек бір айыппен ғана жылына 130 мың адам жазаға тартылып отырғандығы туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылды. «Қызыл террор» атты бағанамен басталатын мақалада саяси террор жасаған құпия органдардың жантүршігерлік әрекеттері баяндалады. Аға прокурор Болат Сыздықовтың айтуынша, 1923 жылы Айрықша Саяси Бас басқарма болып қайта құрылған органға өзінің қалауы бойынша әлеуметтік қауіпті деп тапқандарды концентрациялық лагерьлерде қамауда ұстау сияқты билік құзыры берілген. Бұл бейкүнә халықты жөн-жосықсыз зар жылатқан жантүршігерлік әрекеттерге жол берді. Мақалада лагерде қамауда жатқандардың Орталық Комитетке жазған хаттарынан үзінді келтірілген. Онда «адамдар шыбын сияқты, жан азабын тартумен созылған ұзақ өлімді бастан кешуде», деп жазылған. Жазықсыз адамдарға сот үкімінсіз айып тағуды жүзеге асырған «үштіктер» туралы Б.Сыздықов былай дейді: «1937-1938 жылдары сот үкімінсіз ату чекистердің арасында кеңінен тарап, 3-4 парақтан тұратын, атылсын деген үкім бір күнде ғана шығарылып, адамдар жазықсыз атылып кете баратын». Сот қызметін жүзеге асырған органдардың әрекеттері 20 жылға созылды деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

«Бейбітшілік заманды ғана есепке алатын болсақ, өткен ғасырда әлемде 170 миллион адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болыпты» деген мәлімет «Экспресс К» газетінде келтірілді. Ал соның 110 миллионы коммунистік бағыттағы елдердің үлесіне тиесілі. Кеңес заманда Қазақстанда 103 мың адам репрессияға іліксе, соның 25 мыңы ату жазасына бұйырылған. Мақалада тарихшы Тілеу Көлбаев террор құрбандарын ұстайтын лагерлердің жартысы Қазақстан аумағына орналастырылғандығын айтады. Осы мақсат үшін Қазақстаннан 110 мың гектар жер бөлініп, лагерлер республиканың жеті облысында ашылған. «Осылайша Қазақстан ГУЛАГ-тың үлкен бөлімшесіне айналып шыға келді» деп жазады тарихшы. Жаппай қуғын-сүргін Кеңестер одағындағы бірде-бір халықты айналып өтпеді. Репрессияға іліккендерден Қазақстанда тек 3 мыңы ғана аман қалыпты. Коммунистік террор 30-жылдармен шектеліп қалмаған, ол 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында қайта жалғасты» делінген «Экспресс К» газетінде басылған мақалада.

Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары өздерінің бабалары туралы шындықты енді ғана біле бастағанына «Аргументы и факты: Казахстан» газеті мән берген. Басылымдағы мақала кейіпкері Сәуле Айтмамбетова, осыдан 15 жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатын алғаш ақтарғанда, өз әкесі туралы жөнді ештеме білмепті. «Оның әкесі Рахым Сүгіровты ұстап әкеткенде Сәуле бар болғаны үш жаста еді. Әкесінің неге және қайда әкеткендігін ол кезде сұрап білуге болмас еді. Мұрағатты ақтарып қарағанда белгілі болғандай, Сәуленің әкесіне «ұлтшыл», «жапон тыңшысы», «терроршы» деген бірнеше айып тағылып, ату жазасына кесілген. Рахым Сүгіров үкім шыққан күні атылып кете барған. Артынша оның әйелі Зура да репрессияның қармағына ілініпті. «Халық жауының қызы» болып жүрудің қиыншылығын көп сезінген Сәуле туған бауыры барын да төртінші сыныпта оқып жүргенде бір-ақ біліпті. Қиын тағдырдан туындаған көптеген сұрақтардың жауабын әлі күнге дейін іздеу үстіндеміз» дейді Сәуле Айтмамбетова «Аргументы и факты: Казахстан» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG