Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.17.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз «Алға» және «Ақжол» партиялары арасындағы бірліктің болашағы бар ма?» деген сұраққа мән берді. Ақын О.Сүлейменовтің жетпіске келгендігі де көпшіліктің назарынан тыс қалмады.

«Адамға табын, Жер, енді» деп жырлаған О.Сүлейменов ертең 70 жасқа толады. Ақынның мерейтойы қарсаңында оның тұлғалық қасиеті тақырыбында көп адам қалам тартып, газет беттеріне басты. Мәселен, профессор Асқар Егеубаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында ақынның поэзиясына «ғарыш поэзиясы» деген баға береді. «Ғарыш ақынның төл тақырыбы. Тарих жөнінде, келешек жөнінде жазса да арқалы ақын жырларынан бүгінгі заман адамының ой-тұжырымын көреміз. Мінезі де сан қырлы, сан түрлі. Өйтпесе Олжас бола ма?! Орбитадағы Олжас осындай!» деп аяқталған профессор А.Егеубаевтің ақын туралы ойы.

«Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы беті де Президент Н.Назарбаевтың ақын О.Сүлейменов туралы жазған ой-толғанысымен ашылды. Мақала авторы Олжасты өзінің дұрыстығын дәлелдей отырып, әрдайым адал әрекет ететін, бедел мен атаққа қарамайтын азамат ретінде бағалайды. «Нақ осы қасиеттері арқасында ол дүние жүзінде зор беделге ие болды», делінген мақалада. «Ол менің комсомолдық жастық кезеңнен бергі досым. Сондықтан, кім не демесін, біз әрдайым дос болдық және доспыз, кейде қатты даулассақ та, бір-бірімізді түсіне білеміз» деп жазылған «Егемен Қазақстан» газетіндегі Президент мақаласында.

Достық тақырыбы «Zonakz» тәуелсіз интернет сайтында сөз болды. Бұл жердегі әңгіме төркіні «Алға» және «Ақ жол» партиялары арасындағы альянс турасында болып отыр. Мақала авторы Валерий Сурганов «аталған партиялардың бірлікке беттегендігі дұрыс па, бұрыс па?» деген сауалдың жауабын қаламгер Сергей Дувановтан білуге тырысқан. Бұл сұраққа Дуванов: «Кез-келген партияның кіммен болсын келіссөз жүргізуіне құқығы бар. «Алға» партиясының радикалдық бағыттан ауытқып, либералдық ұстанымға көшуінде тұрған не бар екен» деп жауап береді. Сонымен қатар, Дуванов күні ертең коммунистер мен «Отан» партиясы бірігіп жатса да таң қалмайтындығын айта келе, осы бірліктің астарында үлкен мән барын жасырмайды. «Алға» партиясының заң жүзінде тіркелмегендігі оның саясат айдынында барынша жұмыс істеуіне кедергі болады. «Ақ жолмен» бірігу арқылы партияның көптеген жолдары ашылар» деп есептейді С. Дуванов. Ал бұл бірлік «Ақ жол» партиясына не береді деген сұраққа ол: «Мүмкін, Ә.Байменовтің бұл бірлікке қалап отыруына өткендегі Президент сайлауында билікпен келіспеуі түрткі болған болар», деп жауап берген.

Партиялар арасындағы бірлік туралы «Экспресс К» газетінде де жазылды. Бірақ, бұл жерде қазақстанның Азаматтық партиясы мен Ресейдің Өмір партиясы арасындағы ынтымақтастық жайында айтылды. Мақала авторы екі ел депутаттарының жұмыс жағдайы туралы былай деп жазады: «Петербордағы заңшығарушы кеңесінің депутаттары электораттың қалауын табу мақсатында басшылардың кәбинетін қағып, кәсіпкерлердің есігін тоздырып жүрмейді. Әрқайсысының жеке қорында екі миллион доллар жатыр». «Осындай жайттар халықтың Мемлекеттік Думадағы заңшығарушыларға емес, жергілікті депутаттарына көбірек сенім артуына себеп болса керек» деп түйіндеген «Экспресс К» газеті.

Аталған басылымдағы тағы бір мақалада Қазақстанда бас бостандығынан айрылған 289 адамның рақымшылықтан бас тартқандығы туралы айтылады. «Оның барлығы бостандықты қаламай, жазасын аяғына дейін өтеуге бел шешкен. Бас бостандығынан айрылған адамдарға рақымшылық алтыншы мәрте жарияланып, соңғы шыққан заңда оны мойындау әркімнің еркінде екендігі бірінші рет айтылған. Алайда, осы құқықты пайдаланатындар бар деп кім ойлаған. Жазасын өтеп жатқандардың қандай себеппен бостандыққа шыққысы келмегендігін ешкім анықтап жатпады. Бұл әркімнің өз құқығы», делінген мақалада. Осында келтірілген статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, рақымшылық арқылы 3 мыңға жуық адам бостандыққа шыққан. «Тағы мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетіліпті» деп жазады «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG