Бұл Шымкент қалалық сотының төрешісі Серік Төлепбергеновтің «Азаттық» радиосына сейсенбі күні берген түсіндірмесінен мәлім болды.
«Ибадуллаев Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр. Бірінші, 4-шы бап бойынша «әлеуметтік, діни, рулық, нәсілдік араздықты қоздыру; 170-ші баптың 5-ші бөлімі бойынша, Қазақстанның конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге, оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру; 337-ші баптың 3-ші бөлімі бойынша заңсыз бірлестіктер құру немесе олардың қызметіне қатысу»;
«Алайда, бұл айыптардың әлі бірде-біреуі дәлелденген жоқ», - дейді төреші. Оның айтуына қарағанда, бұл іс сотқа көкектің 2-сі күні келіп түскен. Бүгінгі күнге дейін 3 мәрте сот тыңдауы өткізілген. Келесі тыңдау көкектің 15-де сағат үш жарымда өткізілмек.
Төреші Серік Төлепбергенов айыпталып отырған азаматтың Шымкент қаласына басқа облыстан қоныс аударғанын айтты: «Қызылорда облысында туып-өскен. 2002 жылы осында келген».
Сол уақыттан бері жас жігіт базарда жүкші болып жұмыс істейді. Былтырғы жылдың тамыз айында Ибадуллаев Рахматолла Шымкент қаласындағы 17-ші мөлтек ауданында пәтер жалдап тұрып жатқан жерінен ұсталады. Пәтерден діни мазмұндағы үн парақтар мен діни әдебиеттер табылады. «Әзірге бұл әдебиеттерге айыпталушының қандай қатысы бар екендігі анықталу үстінде»,- дейді төреші.
Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің өзінің аты-жөнін атамауды өтінген жауапты қызметкері Ибадуллаев баспаханада қызмет етіп, үн парақтар және әдебиеттер басумен айналысты дегенді айтты. Осы ақпарт көзі сондай-ақ Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сенбі күні үн парақтар таратқан «Хизбут-тахрир» ұйымының 2 мүшесін ұстап, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның мәліметтеріне қарағанда, «Мұсылмандар армиясының яхуди болмысын жою үшін әрекет ететін уақыт келмеді ме?» деп аталатын бұл үн парақтар Палестинадағы «Хамас» ұйымының рухани лидері Ахмет Ясиннің өліміне қатысты наразылықты жеткізеді.
Ал Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы, подполковник Орынбасар Қабыштаев «Азаттық» радиосына Кентау қаласында таратылмақшы болған үн парақтар дер кезінде тәркіленіп, теологиялық сараптама үшін оның үлгісі сәуірдің он бірі күні Алматыға жіберлгенін айтты. «Үнпарақтар Қазақстандағы құрылысқа ешқандай нұсқан келтірмейді. Қазақстан туралы айтылмаған. Онда «Өзбекстандағы жарылысқа ешқандай қатысымыз жоқ, оны Кәрімов Америкамен бірлесе өзі жасаған» деген сарындағы әңгіме айтылады».
Оның айтуынша, сенбі күні ұсталғандар - 20-25 жас шамасындағы Кентау қаласының тұрғындары. Олардың бірі 222 үн парақ таратпақшы болса, екіншісі әдебиеттермен ұсталған. «Екінші адам әдебиет таратқан жоқ. Онда кітапшалар, ұйымның бағдарламасы болған. Кітаптардың барлығы шетел мемлекетінде басылған».
«Олар өздерінің «Хизб-ут- тахрир» ұйымының мүшелері екендіктерін жасырып отырған жоқ»,- дейді подполковник Орынбасар Қабыштаев. «Олар «Хизб-ут-тахрир» партиясының мүшесімін деп айтады. «Хизб-ут-тахрир» ұйымының қызметіне Қазақстанда тиым салынбаған».
Кентау қаласы ішкі істер бөлімінің басшысының сөзіне қарағанда, үн парақтар тарататындардың ұсталуы таңсық құбылыс емес. «Кентауда үнпарақтар үнемі тәркіленеді. Жастар арасында... Олардың барлығы бізде есепте тұр. Есепке алғаннан басқа белгілі-бір әкімшілік шара қолдана алмаймыз. Өйткені, ол заңда көрсетілмеген»
Оңтүстік Қазақстан облысында тәркіленген, жоғарыда тақырыбы аталған үнпарақтар бүгінде Алматы қаласында да таратылуда. Қазақ тіліндегі мұндай үн парақатарды кешқұрым үйімдегі пошта жәшігінен тауып алдым дейді Алматы қаласының Алмалы ауданының тұрғыны Айгүл есімді әйел: «Онда ислам діні, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің қызметі туралы бір нәрселер айтылады». Ол мұндай насихат қағаздарының өз үйіндегі барлық жәшіктерге салынғанын аңғарыпты.
Оңтүстік өңірде «Хизб-ут- тахрир» ұйым мүшелеріне қатысты сот процестері мен қылмыстық істің қозғалуы жиіліп отыр
Өзін діни ағымдағы «Хизб-ут-тахрир» ұйымының 1998 жылдан бергі мүшесімін деп мойындап отырған 28 жасар Қазақстан азаматы Ибадуллаев Рахматоллаға тағылған айыптар дәлелденген жағдайда оның 1 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Зумретай Аркинмен сұхбат
"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады"
-
Сайлау қорытындысы
Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты