5 қарашада америкалықтар президент сайлауында дауыс береді. Олардың шешімі бүкіл әлемге әсер етеді. Ресейден қорғану үшін АҚШ-тың әскери, қаржылай және дипломатиялық қолдауына мұқтаж Украина сайлаудың әсерін басқа елдерге қарағанда көбірек сезінуі мүмкін.
Қазір қызметінен кетіп жатқан президент Джо Байденнің тұсында АҚШ 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кіргелі Киевке қауіпсіздік саласындағы көмектің өзіне 52 миллиард доллар бөлген. Қаржылай және гуманитарлық көмекке тағы ондаған миллиард доллар жұмсалды.
– Соғыстың нәтижесін анықтайтын, алдағы бірнеше айда болатын ең маңызды фактордың бірі – АҚШ-тағы сайлау. Сайлау нәтижесі "АҚШ Украинаны ары қарай қолдай ма немесе оған қай деңгейде қолдау көрсетеді?" деген сұрақтың жауабын айқындайды, – дейді Лондон корольдік колледжі Әскери зерттеулер кафедрасының аға оқытушысы Рут Дейермонд.
Бұрынғы президент, республикашыл Дональд Трамп пен демократ вице-президент Камала Харристің Украинаны қолдауға қатысты ұстанымдары екі түрлі.
Харрис Байденнің Украинаға көмек саясатын жалғастыратынын, Ресейдің жеңілгенін көргісі келетінін айтты.
Трамп Украинаға көмек мәселесіне күмәнмен қарап, "Киевті Ресей басқыншылығына қарсы қолдаудағы негізгі ауыртпалық Еуропаға түсуі керек" деді. Бұл НАТО болашағына қатысты сұрақ туғызды. Ол "Украинаның жеңгенін қалайсыз ба? деген сұраққа жауап бермеді. Бірақ сайлауда жеңіске жетсе, қаңтарда президент қызметіне кіріспей тұрып-ақ соғысты тоқтататынын бірнеше рет қайталады.
– Харристің Ақ үйі Байден әкімшілігі сияқты әрекет етеді, Украинадан сырт айналмайды деп күтуге болады. Ал Дональд Трамп соғыстың тезірек аяқталғанын қалайтынын кесіп айтты, – дейді Дейермонд.
– Оның 2016 жылы президент болып сайланған кезден бері өзгермей келе жатқан ұзақмерзімді сыртқы саяси басымдықтарының бірі – Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болу, – дейді ол. – Сондықтан Трамп соғыстың тезірек және Ресейдің шартымен аяқталғанын қалайды деп ойлаймын.
Трамп Путиннің бейбіт келісім шарттарын қабылдауға келмейді деп бағалаған. Ол өзін Ресейге қатысты қатаң саясат ұстанған басшы санайды, "Ақүйде отырсам, Путин Украинаға басып кірмес еді" дейді. 2017 жылы Трамп АҚШ-тың Украинаға қырып-жою қаруын беруді қолдаған, оған дейінгі демократ президент Барак Обама Мәскеудің қытығына тимес үшін бұл қадамға бара алмаған еді.
Сәуірде Трамп АҚШ-тың Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастарына көмек ретінде іске қосқан ленд-лиз бағдарламасын ашуға дайын екенін айтқан.
Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қалай тоқтататынын түсіндірген жоқ.
Ол 2023 жылы шілдеде Fox News-ке берген сұхбатында "Украинаға жан-жақты көмек береміз" деп қорқытып, Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздерге итермелеуге тырысатынын жеткізген. Ал Украина президенті Владимир Зеленскийді келіссөзге "Киевті қолдаусыз қалдырамыз" деген қысыммен көндіретінін айтқан.
– Зеленскийге "Жетер. Саған келісімшартқа отыру керек" дер едім. Ал Путинге: "Келісімге келмесең, [Зеленскийге] көп нәрсе береміз. [Украинаға] бұрын-соңды берілмеген көмек жеткіземіз" деймін. Келісімшартқа бір күнде қол қойғызамын. Бір күнде, – деді Трамп сол кезде.
Украиндер жедел бейбіт келісімге ұмтылыс Ресейдің пайдасына жарап, елдің бестен бір бөлігі Мәскеудің қол астында қалып кетеді, ал Путин соғыстың тоқтауын мүмкіндік көріп, болашақ шабуылға күш жинап келеді деп қауіптенеді.
СӨЗ БЕН ӘРЕКЕТ
Билікке келген президенттің қандай іс-қимыл жасайтыны белгісіз. Бірақ оның әрекетіне әсер ететін бірнеше фактор бар.
Зеленский үкіметі "АҚШ-тың әскери көмегі өте баяу және көп шектеумен келіп жатыр" деп Байден әкімшілігіне ренжіген. Киев қанша өтініш айтқанымен, Байден Украинаға Ресей территориясын шабуылдауға ұзақ қашықтыққа жететін америкалық зымырандарды қолдануға рұқсат бермеді.
Украинаға әлі күнге дейін зымыраннан қорғану жүйесі, оқ-дәрі жетіспейді. Бұл Ресейге Украина қалалары мен маңызды инфрақұрылымды әуеден атқылап, Донецк облысына тереңдеп еніп, алға ілгерілеуге мүмкіндік беріп отыр. Осы айда Ресей Украина жерін жаулауда 2022 жылдың наурызынан бергі ең ірі жетістігін жасады.
Харрис Украинаға көмек беру мәселесінде әлдеқайда табандылық танытып, шектеулерді азайта ма, жоқ па, белгісіз. Зеленскийдің Батыс елдеріне ұсынған "жеңіс жоспарының" бір бөлігі осындай "шектеусіз көмекке" негізделген еді. Бірақ Батыс елдері бұл ұсынысты салқынқанды қабылдады. Харрис "жоспардың тағы бір маңызды бөлігі – Украинаны тезірек НАТО-ға кіруге шақыру" туралы ешетеңе демеді.
Трамптың билікке келуі Украина мен Ресей басқыншылығына қалай әсер ететіні оның министрлер кабинетіне кімдер кіретініне байланысты.
Трамп бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк Помпеоны – қорғаныс министрі, ал бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Роберта О'Брайенді мемлекеттік хатшы етіп тағайындауы мүмкін. Аталған қос тұлға да Байден әкімшілігін АҚШ қару-жарағын пайдалануға қойған шектеулері үшін сынап, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырған.
Шілдеде The Wall Street Journal жариялаған мақалада Помпео "500 миллиард долларға ленд-лиз бағдарламасын дайындап, Украинаға өзін қорғауға көмектесу керек" деді. Ол сондай-ақ Украинаны НАТО-ға қосуды ұсынған. О'Брайен бұл ұсыныс дәл қазір арандату болатынын ескертті.
ДИПЛОМАТИЯ ЖЫЛЫ
Тағы бір фактор – Конгресс. Президенттің сыртқы саясатқа ықпалы зор болғанымен, елдің бюджетін заң шығарушы орган қадағалайды. Конгресс Ақүйді Украинаға әскери және қаржылай көмек беруге қатысты позициясын өзгертуге мәжбүрлей алады.
5 қарашада өтетін сайлауда демократтар төменгі палатадан, ал республикашылдар жоғарғы палатадан көбірек орын алса, өкілдер палатасы мен сенаттағы бақылау күші өзгеруі мүмкін.
– Бұл Украинаға тиімді болар еді. Өйткені сенат республикашылдардың бақылауына өтсе, жоғарғы палата Украинаға көмек беруді қолдауы мүмкін, – дейді 2017-2019 жылдары Трамптың Украинамен келіссөз жүргізу бойынша арнайы өкілі болған Курт Волкер өткен айда Азаттыққа берген сұхбатында. Ол ленд-лиз бағдарламасын Конгресс арқылы өткізу жеңілірек болады деп есептейді.
– АҚШ азаматтарының салығынан жиналған қаржыны Украинаға жұмсау керегін негіздеу қиындап барады. Бірақ оларға америкалық қару-жарақ сатып алып, соғыс жүргізуге қажет қаржыны қарызға беру дау туғызбауы керек. Мұны қос палата да жаппай қолдайды деп ойлаймын, – дейді Волкер.
Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Чарльз Купчан Азаттыққа "Сайлауда кім жеңіске жетсе де, АҚШ Украинаны келіссөздерге итермелейтін сияқты. Өйткені соғыс Батыс елдерінің ресурсын сарқып жатыр" деген пікір айтты.
– 2025 жыл дипломатия жылы болатын сияқты. Қазіргі жағдай тұрақты дегенге сенбеймін, – дейді Купчан.
Сарапшынің пікірінше, Украинаға көмекті тоқтату – қос тарапты келіссөзге көндірудің жолы емес.
– Бұл Путинге басқыншылығыңды жалғастыра бер деген белгі болады, – дейді Купчан.
Мақалаға Стив Гуттерман үлес қосты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Орталық Азияға қатысты саясатқа қалай әсер етпек?