Бірінші президенттік мерзімінде Дональд Трамп Ақ үйге оралса не істейтіні жайлы ірі-ірі уәделер берген.
"Сіздердің қолдауыңызбен еліміздің күш-қуатын, үстемдігін, әл-ауқатын және өз елімізге деген мақтаныш сезімін қалпына келтіреміз" деді Трамп сайлауға екі апта қалғанда. "Бұл Американың жаңа алтын дәуірі болмақ".
Мінеки Трамп екінші мәрте президент болып сайланып отыр. Енді оның әкімшілігінен не күтуге болады?
Сұрақты кімге қойғаныңызға қарай жауабы да әртүрлі болады. Жақтастарының айтуынша, ол Американы іште де, сыртта да қайтадан ұлы мемлекет етпек. Сыншылары Трамп АҚШ демократиясын бүлдіреді деген.
ӨТЕМ УАҚЫТЫ
Трамп саяси қарсыластарына шүйлігіп, оларды "іштен шыққан жау" атады және сайлаудан кейін дүрбелең бола қалса, оларды әскер күшімен жөнге келтіретінін меңзеді.
Трампқа қарсы сайлауға түсіп, одан жеңіліп қалған, мерзімі аяқталғалы отырған вице-президент Камала Харрис дауыс беру қарсаңында Трампты "шексіз билікке құмар, ішін өкпе-наз кернеген, кекшіл" адам деп атаған.
Ел ішінде Трамп қолға алуы мүмкін салалардың бірі – сот жүйесі. Өйткені оның үстінен бірінші президенттік мерзіміне қатысты және 2020 жылғы сайлаудың нәтижесін мойындаудан бас тартып, билікті бейбіт жолмен беруге қарсылық танытуға қатысты қылмыстық істер қозғалған.
Ол сондай-ақ АҚШ Капитолийіндегі 6 қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін сотталған жақтастарына "толықтай" кешірім жасайтынын айтқан. Төрт жыл бұрынғы сайлаудан кейін оның жақтастары Джо Байденнің жеңісін куәландыру процесіне бөгет болу үшін Капитолийді басып алмақ болған, бірақ онысы сәтсіз аяқталған.
Кеңінен алғанда, Трамп Project 2025 бастамасына арқа сүйейді дейтіндер көп. Вашингтонда орналасқан оңшыл Heritage Foundation қорының бұл бастамасы "Түпкі мемлекеттің" (Deep State, АҚШ-ты ашық сайлауға түспейтін құпия бір топ басқарады дейтін конспирологиялық теория) түбіне жетуді көздейді.
Трамп сайлауалды науқаны кезінде Project 2025 бастамасынан бойын алшақ ұстауға тырысты. Ол бұл жобаның артында кім тұрғанын білмейтінін айтты. Бірақ зерттеулер бұл жобаға Трамптың осыған дейінгі әкімшілігінде жұмыс істеген кемі 140 адам қатысы бар екенін көрсеткен.
"Трамп өктем сөйлегенді жақсы көреді, бірақ дегенін аяғына дейін жеткізе бермейді" дейді бұқаралық қатынастарға маманданған америкалық Silent Majority Strategies компаниясының негізін қалаушылардың бірі Кит Нотон. "Өш алу жүйесіз сипатта болады және мұны оның тобындағы қызметкерлер жасайды. Меніңше, Әділет департаментінде көптеген өзгеріс болады".
СОҒЫС ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК
АҚШ-тың әлемге ықпал ету амалдары да өзгеруі ықтимал.
Осыған дейін Трамп Ресейдің Украинадағы соғысын "24 сағатта аяқтаймын" деген. Ол сондай-ақ Таяу Шығыста Иран қолдауына ие топтарға қарсы екі майданда соғысып жатқан Израильге "істі аяғына жеткізіңдер" деген.
Бостон колледжінің саясаттану профессоры Питер Скерридің айтуынша, Трамп Мәскеу мен Киев келіссөзге итермелеуі мүмкін және мұндай жағдайда Украина өз аумағының бір бөлігінен айырылуға келісуі қажет болады.
Скерридің сөзіне қарағанда, Трамптың Израиль жөніндегі саясаты бұлыңғырлау, бірақ ол "Израильді ашық қолдаушылардың қатарында". Сөйте тұра Трамп Араб-Израиль қарым-қатынасын қалыпқа келтіруді көздейтін "Авраам келісімін" жандандыруға талпынуы ықтимал дейді сарапшы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Харрис немесе Трамп: АҚШ-тың жаңа президенті Украина тағдырына қалай әсер етпек?Бірінші президенттік мерзімінде Трамп Қытайға сауда соғысын жариялаған. Екінші мерзімінде бұл жағдай қалай өзгеретіні белгісіз. Трамп Пекин "Тайваньға таласса", Қытайда шығарылған өнімдерге баж салығын едәуір арттыратынын мәлімдеген. Ол бұған дейін Қытай президенті Си Цзиньпинмен қарым-қатынасына сілтеп, Қытайдың Тайваньді құрсауға алуына әскери күшті қолданбай-ақ жол бермейтінін айтқан.
ЖАҺАНДЫҚ САЯСАТТАҒЫ ЖОЛЫ
Бірінші президенттік мерзімінде Трамп НАТО мүшелерінен қорғанысқа бөлетін қаржыны талап етілген деңгейге жеткізуге итермеледі. Бұл талап содан бері біршама деңгейде орындалды.
Сондай-ақ, Трамп президенттігі тұсында АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО дейтін мәдени құрылымынан, Ресеймен жасасқан "Орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы" келісімнен, климат өзгерісінің салдарымен күрес жөніндегі Париж келісімінен шықты; коронавирус індетімен дұрыс күреспеді деп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ақша бөлуді тоқтатып қойды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Орталық Азияға қатысты саясатқа қалай әсер етпек?Мерзімі аяқталып жатқан Байден әкімшілігі АҚШ-тың осы келісімдер мен институттардағы ықпалын қалпына келтіруге тырысып бақты. Бірақ Трамп ол талпыныстардың күшін жояды деп күтетіндер көп.
Скерридің сөзінше, Трамп ішкі мәселелерге ден қойған, "бір ғана мақсат көздейтін өзімшіл саясаткер". Сол себепті Трамп Вашингтонның жаһандық институттардағы рөлін шектеу жолына қайта түссе, ешкім таңғала қоймас дейді сарапшы.
Кит Нотонның айтуынша, Трамп елді тек өзіне сеніп басқарғысы келеді, бірақ Конгресс оған жол бермеуге тырысады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ президентін сайлау жайлы бес сұрақ