Жаңөзендіктер митингіге емес, әкімдікке барды

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева Жаңаөзен оқиғасында құрбан болған адамдардың суретін ұстап тұр. Жаңаөзен, 29 маусым 2012 жыл.

Жаңаөзенде жәбірленушілер отбасына орталық алаңда митинг өткізуге рұқсат етілмеді. Азаматтар «талап қойғандары үшін қысым көргендерін» айтып, прокурор рұқсат еткен жерге бармай, әкімдікке келді.

Тамыздың 29-ы күні сағат 11-де «Заман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева, Жаңаөзен оқиғасы кезінде балаларынан айырылған Хасен Дүйсекенов, Төрехан Тұрғанбаев, оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев, Дүйсен Нұров Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовпен кездесуге келді.

«КЕЗДЕСУ»

Жаңаөзен оқиғасында қаза болған Жанна Әбдікәрімова, Жаңаберген Көшеров, Аманбек Тұрғанбаев, Радик Юсупов, Рахат Көшеров, Байбек Құбайдуллаев, Атаберген Дүйсекеновтің суреті жапсырылған плакат көтерген құқық қорғаушыны полиция қызметкерлері көп кідірткен жоқ.

Полицейлер «Менің баламның өліміне кім жауапты?», «Жараланғандардың денсаулығын кім қайтарады?» деген жазулар бар барлық плакаттарды тәркілеп әкетті.

– Біз кездесуді әкіммен жоспарласақ та, оған қалалық ішкі істер басқармасы бастығы Амангелді Досаханов, қала прокуроры міндетін атқарушы М.Әжібаев

Полицейлер құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиеваны әкімдікке апара жатыр. Жаңаөзен, 29 маусым 2012 жыл.

қатысты. Бұл шын мәнінде кездесу емес, жауаптау болды, – деді заңгер Әсел Нұрғазиева.

Оның сөзіне қарағанда, жәбірленушілердің мамыр айының соңынан бері қала әкімі Серікбай Тұрымовқа айтқан өтініштері – «бізге кездесетін ғимарат алуға жәрдемдесіңіз», «қала әкімдігі атынан жергілікті баспасөзге «Жаңаөзен жаңғырығы» бірлестігіне хабарласуды кеңес етіңіз» деген тілектері осы күнге дейін жауапсыз қалған.

– Ең бастысы, орталық Тәуелсіздік алаңында желтоқсан құрбандарына ескерткіш орнатуды сұрағанбыз. Оған да жауап жоқ, – деді заңгер Әсел Нұрғазиева.

Хасен Дүйсекенов те қала әкімі Серікбай Тұрымовтың өздеріне нақты жауап бермегенін айтты.

Жаңаөзендегі наразылық

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзендегі наразылық


Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовпен сөйлесе алған жоқ. Хатшысының айтуынша, «әкімнің уақыты жоқ, қабылдай алмайды».

ЕСКЕРТУ МЕН СЫЛТАУ

Жаңаөзендік жәбірленушілер бұған дейін 29 тамызда митингіге шығуға рұқсат сұраған еді. Олар өздерін тамыздың 28-і күні қалалық прокуратураға шақырғанын айтады.

– Бізге қала әкімінің митингке шығуға рұқсат бермегенін айтып, шыққандарға қылмыстық іс қозғалатыны туралы ескерту берілді. Бұған дейін «митингке рұқсат

Хасен Дүйсекенов баласы Атабергеннің есімі, туған және көз жұмған жылы жазылған плакат ұстап тұр. Жаңаөзен қаласы, 16 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

берілмейді, себебі Тәуелсіздік алаңы бос болмайды» деген жауап алған едік. Ал 28 тамызда бізге басқа орын ұсынылды, – деді Хасен Дүйсекенов.

Жәбірленушілердің айтуынша, қала прокуроры міндетін атқарушы М.Әжібаевтың қолы қойылған «Алдын-ала ескертуде»:

«Жаңаөзен қаласы мәслихаты шешімімен Жаңаөзен қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу үшін Жаңаөзен-Құланды автокөлік жолы бағытындағы «Теміртас» мекемесі мен бұрынғы «Мұнайгазқұрылыс» тресінің өндірістік базасы арасындағы алаң белгіленді» деп жазылған.

Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, «ол алаң қаладан өте қашық, сондықтан ешкім бармайды». Олар өздерінің митинг өткізуге рұқсат етілген жерге бармау себебін «балаларымызға жұмыс істейтін мұнай мекемелері қысым көрсеткен соң бармадық» деп түсіндірді.

Ал заңгер Әсел Нұрғазиева шара қарсаңында өзінің ұялы телефонына хабарласқан белгісіз біреулер «жеке өміріңе қатысты видеоматериалды YouTube-ке саламыз» деп бопсалағанын айтады.

Еңбек жағдайы мен жалақыны өсіруді талап еткен Жаңаөзен мұнайшыларының ұзаққа созылған ереуілі 2011 жылы желтоқсанның 16-сі мен 17-сінде Жаңаөзен мен Шетпеде болған қанды оқиғамен аяқталды. Ақпарат бойынша, 17 адам полиция оғынан қаза тапқан, 100-ге жуық жан жараланған.