Мамырдың 10-ы күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы министр Жақсылық Досқалиевтің ісіне қатысты алдын-ала тыңдаулар жабық түрде өтті.
Экс-министр Жақсылық Досқалиевке қызмет бабын асыра пайдалануға және жемқорлыққа қатысты айып тағылған еді.
Таңертең басталған тыңдаулар кешке аяқталды. Азаттық радиосының тілшісі де бір топ журналиспен бірге күні бойы ғимараттың сыртында күтті. Бірақ журналистерге ақпарат берген ешкім болмады.
«ЖАБЫҚ ТЫҢДАУ, АШЫҚ СОТ»
Журналистер аңдыған негізгі есіктен экс-министр Досқалиев шықты. Бірақ ол ешқандай мәлімдеме жасамастан кетіп қалды. Журналистердің «жағдайыңыз қалай?» деген сұрағына балдақпен әрең қозғалып бара жатқан Досқалиев «өздеріңіз көріп тұрғандай» деп қана жауап қайтарды. Оны екі адам қолтықтап апарып көлікке мінгізді.
– Сот ғимаратында екі-үш есік болды. Бірінен Досқалиевтің өзі шықты. Біз барлығымыз соны төңіректеп, халін сұрастырып жатқанда адвокат пен басқа да қатысушылар екінші есіктен шығып кеткен көрінеді. Тек бір ғана агенттік тілшісі адвокаттан қысқаша түсініктеме алған екен, – дейді Астана сотының алдында күні бойы тұрған журналистердің бірі Шернияз Шахатай.
Досқалиевтің адвокаты Бекжан Біләловке күні бойы телефон соққанымызбен, жауап бермеді. Онымен тілдесе алған «Тенгри ньюс»
Бекжан Біләлов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің адвокаттарының бірі. Астана, 28 қазан 2010 ж.
агенттігінің жазуынша, адвокат «Досқалиевке қатысты соттың алқабилер қатысуымен өтуін» сұраған. «Бұған қатысты шешімді судья ертең шығаруы тиіс» дейді адвокат. Алдын-ала сот тыңдауларын өткізген адамға – Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Мейрам Жанғұттиновқа хабарластық. Алайда Диана есімді хатшы:
– Кешіріңіз, төраға қазір кеңесетін бөлмеде. Жалпы біз судьялармен қоспаймыз, – деді.
«Ендігі отырыс қашан өтеді?» деген сұрағымызға «жуырда болады, басқа ешнәрсе айта алмаймын» деп жауап берді.
Хатшының айтуынша, «сот процесі ашық болады, тек сотқа қатысамын деушілер алдын ала аккредитациядан өтуі тиіс».
ЭКС-МИНИСТРДІҢ ЕСТЕ ҚАЛҒАН ҰСЫНЫСЫ
Жақсылық Досқалиев 2009 жылдың қазанында парламент мәжілісінде берген сұхбатында «дәрігерлерге беретін сыйақыны заңдастыру мемлекетке тиімді екендігін» айтқан.
– Бұл – менің жеке пікірім. Науқастардың дәрігерлерге берген сыйақысын заңдастырып, салық төлеуден мемлекетке қаржылай пайда түсер еді, – деген болатын Жақсылық Досқалиев.
Жемқорлыққа қарсы күреспек болған министр қазір «жемқорлық» бабымен айыпталып отыр.
«ДОСҚАЛИЕВ ІСІ»
Қаржы полициясы 2010 жылдың қыркүйегінде Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кейіннен қаржы полициясы оған жемқорлыққа қатысты тағы бір айып тақты. Қазанның 2-сі күні Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залынан шығып бара жатыр. Астана, 10 мамыр 2011 жыл
бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті он күнге қамауға алу жөнінде санкция берді. Кейін аудандық сот санкция мерзімін екі айға ұзартты.Қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-і күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап, ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлердің оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылған» деп мәлімдеді.
55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған. Алғаш министрлікті 2001 жылғы қазаннан басқарған. 2004 жылғы сәуір айынан бастап Астанадағы медицина академиясының ректоры болып жұмыс істеді. 2007 жылы тамызда президенттік «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ал 2008 жылы қарашаның 20-сы күні президент жарлығымен қайтадан денсаулық сақтау министрі болды.
АЙЫППҰЛ - «БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ЖАЗАСЫНА БАЛАМА»
Соңғы уақыттары көпшілікпен Twitter арқылы ой бөлісетін Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов өз блогына сәуірдің 26-сы күні «парламент бекітуіне төрт жаңа заңнамалық қадам әзірлегендігін» жазыпты.
Кәрім Мәсімовтің «төрт қадамы» мыналар:
«Экономикалық қылмыстарды жасаған тұлғаларға, егер олар ерікті түрде келтірілген зиянның орнын толтырса, бас бостандығынан айыру жазасы алынып тасталатындығы өте маңызды. Бұл бүкіл кәсіпкерлікке қатысты қылмыстық жаза қолдану тәжірибесін өзгертеді.
Экономикалық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту кезінде зиян көлемі өседі.
Экономика саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл АЕК негізделген белгіленген сомада есептелмейді, келтірілген зияннан немесе заңсыз алынған табыстан пайыздық арақатынасына орай есептелетін болады.
Сондай-ақ кейбір экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасына балама ретінде айыппұл түріндегі жаза көзделетін болады. Ал ол ескерілген санкцияларда оның көлемі ұлғаятын болады».
«Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің «Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру арқылы бизнес ахуалды жақсарту» деп тақырып қойған бұл қадамдары заңдастырылған жағдайда Досқалиев босатылуы мүмкін бе?» деген заңды сауал туады.