Хандар жатқан «пантеон» насихатқа зәру екенін айтады

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тауап етуге барған жұрт. Түркістан қаласы, 3 маусым 2017 жыл.

Астанада салынбақ пантеонға кімдердің жерленетіні белгілі болды. Ал Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жатқан жүздеген адамның Абылай ханнан басқаларының сүйегі әлі күнге дейін ғылыми негізде зерттелмеген.

Қазақстан үкіметінің «Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы» маусымның 1-інде жариялаған қаулысы маусымның 10-ында күшіне енбек. Ол құжатта Астана маңына салынатын ұлттық пантеонға «мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың» қай-қайсысы жерлене алатыны жазылған.

Азаттық тілшісі Түркістандағы 14-ғасырда салынған, қазақ тарихында орны бар жүздеген әйгілі тұлға – хандар мен билер және батырлардың сүйегі жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, «пантеон» деген ресми мәртебесі жоқ ол орынның қазіргі күйін көріп қайтты.

ЯСАУИДЕН ШОҢҒАРА БИГЕ ДЕЙІН

Түркістандағы кесенеге кіре берісте ондаған адаммен сөйлескен тілші олардың көбінен «бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи жатқанын ғана білеміз, оның маңына кімдер жерленгенінен бейхабармыз» деген жауап алды.

Сол адамдардың бірі – Жамбыл облысы Қаратау қаласының тұрғыны Алма Пазылова ата-анасы мен балаларын ертіп, «халықтың тыныштығы мен бала-шағасының амандығын тілеп», алғаш келген беті екен.

Қаратау қаласының тұрғыны Алма Пазылова Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде. Түркістан, 3 маусым 2017 жыл.

– Кесенеде қазақтың хандары мен билері, батырлары жерленгенін көрдік. Бұл жерде олардың жатқанын білмедім. Кесенеде жерленген адамдардың тізімін көріп балаларым да таң қалып жатыр. Шынында да біліп жүретін дүние екен, – дейді ол.

Алма Пазылова мен жақындары кесенеге кіріп, Қожа Ахмет Ясауи мен қазақ халқының игі-жақсылары жерленген бөлмелерді аралап көрді.

Кесененің төр жағында Қожа Ахмет Ясауидің сүйегі жатқан бөлме жабық тұр екен. Бұл бөлмеге жанама Абылай дәлізінде қазақтың ханы Абылай жерленген. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Абылайдың қабірі Ясауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Бұл дәліздің төрінде отырған молдаға кесенеге келушілер құран оқытып жатты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ясауи дүрбесінің қазіргі қалпы (суретті басыңыз)

Ясауи дүрбесінің қазіргі қалпы

Абылай дәлізінің жанында Үлкен Ақсарай және Кіші Ақсарай бөлмесіне алып баратын Ақсарай дәлізі бар. Ақсарай дәлізі алдындағы тақтайшада бұл кесенеде жерленген 186 хан мен би және батырлардың аты-жөндері, қай уақытта ғұмыр кешкені жазылған. 12-ғасырда өмір сүрген діни тұлға Қожа Ахмет Ясауимен басталған ол тізім 19-ғасырда өмір сүрген Шоңғара бимен аяқталады.

Ақсарай дәлізінің арғы басындағы Үлкен Ақсарай атты бөлмеде Қаз дауысты Қазыбек бидің қабірі тұр. Ал Кіші Ақсарай бөлмесіне «350-ден астам адамның жерленгені» жазылған. Дәліз бойында белгісіз адамдардың қабірлері де бар.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіне жерленген Абылайға ханның басына қойылған қабіртас.

«АБЫЛАЙ ХАННЫҢ СҮЙЕГІ ҒАНА ҒЫЛЫМИ ТҮРДЕ ЗЕРТТЕЛДІ»

Мұнда жерленген 350-ден астам адамның дерегін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қарайтын Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қызметкері Данияр Сәдуақасов айтып берді. Бұл жерде 10 жылдан бері таныстырушы болып жұмыс істейтін маманның сөзінше, кесенені реставрациялау кезінде тіреу орнату үшін қабырғаның астыңғы жағын қазған мамандар көп адамның сүйегін тапқан – кесененің ішкі бөлмелері де, айналасы да қабірге толы болған.

– Ол жерде өте көп кісі жерленген. 350-ден аса кісінің сүйегі шыққан. Әлі де шығып жатады. Мына тізімде көріп тұрғанымыз – оның жартысы ғана. Бұл тізім жыл сайын толығып жатыр, бір-екі жылда бір кісі қосылады, – дейді ол.

ВИДЕО: Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген жұрт

Your browser doesn’t support HTML5

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Бұл сүйектерді 2000 жылы Кіші Ақсарай бөлмесінде төрт метр тереңдікте қазылған қабірдегі қатар-қатар сөрелерге салып қайта жерлеген.

Данияр Сәдуақасовтың сөзінше, мұнда жерленген 350-ден астам адамның 190-дайының ғана аты-жөндері анықталған, көп зираттың қабір тастары жоғалып кеткен не кімдікі екенін белгісіз.

– Бұл жерде тек Абылай ханның ғана сүйегі ғылыми тұрғыда зерттелді. Ханның сүйегі алынып, Мәскеуде зерттеліп, бет-бейнесі жасалып, 100 пайыз дәлелденіп, құрметпен өз орнына қайта қойылды. Бұл ғылымға керек болды. Күмән болмау үшін осындай шешім шығарылды, – дейді ол.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішінде жерленген Абылай ханның қабіртасы жанында құран оқып отырған ер адам. Қазақстан, Түркістан қаласы, 3 маусым 2017 жыл.

Маманның айтуынша, марқұмдардың бәрінің сүйектерін зерттеуге «бағдарлама керек, қыруар қаражат бөлінуі керек, тәуелсіз мамандар жұмыс істеуі керек».

Кесенеде арасында Абылай хан бар - жиырмадан аса ханның, Қаз дауысты Қазыбек бар - жиырма шақты бидің, Қанжығалы Бөгенбай бар - қырық-елу батырдың сүйегі жатқанын айтқан Данияр Сәдуақасов «бұл жерді мемлекеттік тұрғыда насихаттау керек» деп біледі.

– Ақпараттық заманда тарихы терең дүниелеріміз көрінбей жатыр. Халық тарихи тамырын таныса, еңсесі көтеріледі, – дейді кесене қызметкері.

Қазақтың хандары мен батырлары, билері осы жерде жатыр ғой. Бұл жер – тарихи киелі орын. Елдің бәрі осыларға бас иіп, тәу етіп келеді.

Данияр Сәдуақасовтың сөзін кесенеге Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан отбасымен бірге құран оқуға келген Рәтбек Абашев та қолдайды.

– Қазақтың хандары мен батырлары, билері қайтыс болған соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне әкеліп жерлеген. Бәрі осы жерде жатыр ғой. Бұл жер – тарихи киелі орын. Елдің бәрі осыларға бас иіп, тәу етіп келеді, – дейді ол.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сырт көрінісі. Түркістан, 3 маусым 2017 жыл.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының дерегінше, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жазда күніне 700-750 адам, қыста күніне 200-250 адам келеді. Екі жылдан бері ересектер кесенеге 200 теңге, зейнеткерлер мен балалар 100 теңге төлеп кіреді.