Сотталған шетпеліктердің жазасы өзгерді

Шетпедегі оқиғаға қатысты сот үкімін естуге келген жұрт. Ақтау, 21 мамыр, 2012 жыл

Қаңтардың 15-і күні жоғарғы сотта Шетпе оқиғасы бойынша сотталған азаматтарға қатысты сот үкімі қаралды.
Бұл туралы Азаттық тілшісіне хабарлаған адвокат Нұрлыбай Ізмағамбетов кейбір сотталған азаматтардың жазасы өзгертілгенін айтты. Оның айтуынша, мұны Астанада өткен жоғарғы сот отырысына қатысқан адвокат Берәлі Сейітмағанбетов хабарлаған.

- Үкімді қайта қараған сот жеті жылға сотталған Қажымұрат Әбезовтың жазасын төрт жылға түсірген. Ол бұрын 299-ші бап, 1-ші бөлім бойынша сотталып еді ғой. Енді осы баптың екінші бөліміне ауыстырыпты, - дейді Нұрлыбай Ізмағамбетов.

Оның айтуынша, бес жылға сотталған Ғабиден Бақытжановтың жазасы үш жылға қысқартылыпты. Ал бес жылға сотталған Ержан Мәмбетовтың жазасы үш жылға азайып, оны рақымшылық заңы бойынша босату туралы шешім шығыпты.

Ал төрт жылға сотталған Нұрболат Сабырбаевтың жазасы сол күйінде қалған.

"Шетпе ісі" бойынша сотталғандар. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл.


Бұл ақпаратты адвокат Әлкен Досполов та растады.

Ал жоғарғы соттағы қылмыстық істер бойынша алқаның қызметкері қаңтардың 15-і күні кешке қарай Азаттық тілшісіне: "Үкім қаралды. Бірақ одан басқа телефон арқылы ештеңе айта алмаймыз" деді.

2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні Шетпе станциясында жаңаөзендіктерді қолдаған тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, ресми ақпарат бойынша бір адам қаза тауып, оншақты адам жараланған еді.

Бұл оқиғаға қатысты оннан астам адам айыпталып, 2012 жылы мамыр айында сот үкімі шықты. Сот үкімі бойынша, Қажымұрат Әбезов – 7 жылға, Ержан Мәмбетов – 5 жылға, Ғабиден Бақытжан – 5 жылға, Нұрболат Сабырбаев – 4 жылға сотталған еді. Айыпталушы Қасым Ермұқанұлына екі жыл шартты жаза берілген болатын.

Қыркүйек айында сот үкімін қайта қараған Маңғыстау облыстық сотының кассациялық алқасы оны өзгеріссіз қалдырған болатын.