Ресей СІМ-і «Қазақстанда айтуға болмайтын сөздерді» жариялады

Наурыз дастарханында отырған этномәдени бірлестіктер өкілдері. Шымкент, 15 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей сыртқы істер министрлігінің «Консулдық ақпараттық порталы» шетелге шығатын ресейліктерге барған мемлекеттерінде «жағымсыз инциденттер тудырмау үшін» жүріс-тұрыс ережелерін жариялады. Мәселен бұл кеңестердің ішінде Қазақстанда «мәмбет», «мырық», «мырқымбай», «калбит» сөздерін айтуға болмайтыны ескертілген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің (СІМ) шет мемлекеттерге саяхаттайтын азаматтарға арналған кеңестері БАҚ бетінде наурыздың 27-сі күні жариялана бастады. «Шетелдерге шығатын Ресей азаматтары назарына» деп басталатын консулдық кеңестер әуелі ресейліктерді барған елдеріндегі жергілікті халыққа құрметпен, дос пейілмен қарауға шақырады. Мұнан ары «шет мемлекет заңдарын қатаң сақтау, дөрекі болмау, адамға қарата кемсіте қол сілтемеу, жергілікті мәдениетке менсінбеушілік көрсетпеу, сол елдің басшыларына қарата намысқа тиетін сөздер айтпау, полициямен қақтығысқа түспеу, боқтамау, ішімдікті шамадан тыс ішпеу» т.б. туралы ескертулер жазылған.

Ресей сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаменті сайтында жарияланған шетелдерге шығатын ресейліктер үшін жарияланған ескертулер скриншоты.

Ал Қазақстандағы өзін-өзі ұстау ережелері туралы «Бірқатар шет мемлекеттердегі жүріс-тұрыс және емеурін ерекшеліктері» деген екінші бөлімде былай жазылған: «Қазақтар бір-бірімен сөйлескенде төмендегідей эпитеттерді қолдануы мүмкін, оларды Ресей азаматтары қайталамағаны жөн. «Мәмбет» – ауылдан шыққан адамдарды кемсітетін сөз. «Мәдениетсіз, сауаты аз адам, тобыр» дегенді білдіреді. «Мәмбет» деп орыс тілінде нашар сөйлейтін адамды да айтуы мүмкін. «Калбит» – Орталық Азия этностарын қатты кемсітетін сөз. «Топас», «ақымақ» сөздерін қолдануға болмайды. «Мырық», «Мырқымбай» – жолы болмаған, өмірден артта қалған адам дегенді білдіреді. Орыс тіліндегі «Иван-дурак» сөзінің синонимі. Бұл елдегі азшылық ұлт өкілдерінің этнос атауын айтуға болмайды, ол кемсіту және тәкаппарлық ретінде бағалануы мүмкін».

ТІЛ МАМАНЫ ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Ресей сыртқы істер министрлігінің консулдық кеңестерінде жазылған ұғымдардың Қазақстанда бар-жоғын анықтау мақсатында тіл білімі ғылымының маманы, профессор Гүлдархан Смағұловаға хабарласқан еді. Тіл маманы «Мәмбет» сөзі тек қазақ халқына ғана емес, мұсылман жұртына, оның ішінде орта Азия халықтарына тән атау» екенін, оның негізгі мағынасы жағымсыз болмағанын айтады.

- Бірақ «Мәмбет» сөзі қазақтарда көп кездеседі. Бұл сөзді қазақ мәдениетінен хабарсыз орыс тілді азаматтар басқа, кері мағынада қолдана бастады. Ұлт өкілдерін төмендету мақсатында көп айтылатын екінші сөз – «Калбит», - дейді ол.

Тіл маманы «Калбит» сөзінің түпкі мағынасы тайпа атауынан шыққанын, Лев Гумилев жазбаларында «Калб» тайпасы туралы мәлімет бар екенін айтады.

Гүлдархан Смағұлова, филология ғылымдарының докторы.

- Алайда уақыт өте келе [бұл сөз] «оқымаған», «мәдениеті төмен» деген мағынаға ие болып кеткен секілді. Қай кезеңнен бастап айтыла бастағанын ұғу қиын. Қазақтың қосымша атауы ретінде пайдаланылатынын байқауға болады. Мәселен, осыдан біршама уақыт бұрын интернеттен «Албан тілінің сөздігі» дейтін сөздік көрдім. Сонда «Калбит – Қазақстанның шалғай даласының тұрғындары» деп берген, - дейді Гүлдархан Смағұлова.

Гүлдархан Смағұлова Бейімбет Майлиннің поэзиясында «Мырқымбай» бейнесін де еске алып, бұл атаудың да уақыт өте келе кері мағынада, «жуас» сөзімен мәндес болып кеткенін айтады. Гүлдархан Смағұлова «Мәмбет», «Калбит», «Мырқымбай» сөздерінің әуелгі мағынасынан айрылып, адамды қорлау мағынасына айналуына ең біріншіден өзіміз кінәліміз» дейді.

- Өйткені тілі келмейтін адамдардың қазақ есімдерін септеуіне, жіктеуіне мүмкіндік бердік. Мысалы Гүлдархан деген есімімді көпке дейін «Гуля» деп айтып жүрді. Сол секілді тек қазақ есімдерін ғана емес, түркілік есімдерді орыс тілді адамдар өздерінің фонетикасына ыңғайлап алды. Соған мүмкіндік берген өзімізден көруіміз керек, - дейді ол.

ЖАСТАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі мектеп оқушыларымен де сөйлесіп көрген еді. «Мәмбет», «Калбит», «Мырқымбай», «Мырық» деген сөздерді пайдаланасыңдар ма?» деген сұраққа жауап берген Алматы облысы, Іле ауданында тұратын Ержан атты 10-сынып оқушысы «Калбит», «Мырқымбай», «Мырық» деген сөздерді мүлде естімегенін, мағынасын түсінбейтінін айтты.

Мектеп оқушылары. Қазақстан, 2 ақпан, 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бірақ «Мәмбет» дегенді айтамыз анда-санда, біреуді мазақтау үшін емес, сөз арасында күлкі үшін, мысалы, смартфоннан бірдеме іздеп таба алмай жатқанда, «міне тұр ғой, мәмбет» деп қалжыңдауымыз мүмкін. Технология сабағында немесе интерактивтік тақтада бірдемені істей алмай жатса, қалжың үшін айтамыз. Бірақ біреуге арнайы «сен мәмбетсің» дегенді көргенім жоқ. Қалжыңдағанда да оған ешқайсымыз ренжімейміз, күлкі үшін айтылады. Ал кейінгі үш сөздің мағынасын білмеймін, естімеппін, біз оларды білмейміз, - дейді.

Азаттықтың әлеуметтік желі қолданушыларымен байланыс қызметкері Жалғас Ертай да «Калбит», «Мырқымбай», «Мырық» сөздерінің қазір Қазақстан жастары арасында қолданылмайтынын, жастар олардың мағынасын да білмеуі мүмкін екенін, «Мәмбет» сөзі ғана қалғанын айтады. Оның айтуынша, «Мәмбет» сөзі қазір қазақтарға ғана қатысты айтылмайды, бұл сөздің ұлттық бояуы немесе орыс тілін білу-білмеуге қатысты астары жойылып, жалпы «артта қалған адам» дегенді білдіретін болған.

Жалғас Ертай.

- Қазақстандағы орыстар да бір-біріне айтуы мүмкін. Оның ұлттық бояуының неге жойылғаны себептерін білмеймін. Қазақстанда қазақтар тым көбейіп кеткеннен кейін шығар. Мысалы орыс тілін білмейтін, бірақ ағылшын тілін білетін адамға қатысты «мәмбет» сөзі айтылмайды. Сосын, әлеуметтік желіден «мәмбет» деген сөзді Якутияда да айтатынын байқап қалдым, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Ресей сыртқы істер министрлігінің шет мемлекеттерге шығатын азаматтарына арналған кеңестерді жариялаған консулдық департаментіне хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген, аты-жөнін айтудан бас тартқан консулдық департаменті қызметкері бұл мәселе бойынша «жауап бере алмайтынын» мәлімдеді.

- Сауалдарыңызды қағазға жазып, жолдаңыздар. Сайтымызда екі адресіміз жазылған. Екіншіден, біздің [Қазақстанда] елшілігіміз, үш бірдей бас консулдығымыз бар. Бірақ бізге Мәскеудегі азаматтар да хабарласып, олардың телефон көтермейтінін айтып жиі шағымданады. Бұл жағынан сіз бен біздің жағдайымыз бірдей. Мен сізге жауап бере алмаймын, рахмет, - деп қысқа қайырды.

Қазақстандағы Ресей елшілігі мен консулдықтары телефондарына Азаттық тілшісі бірнеше рет хабарласқанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.

Ресей сыртқы істер министрлігінің «Консулдық ақпараттық порталы» 60-қа жуық елдегі жүріс-тұрыс ережелерін жариялаған. Оларды Ресей СІМ Консулдық департаментінің ресми сайтынан оқуға болады.