Шалғайдағы ауылдарға имам болғысы келетіндер аз

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылының имамы Мақсат Кәкімжанов. (Сурет Қайнар Толқынұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды).

Жоғары діни білімді жастардың алыстағы шағын ауылдарға имам болғысы келмейтіні айтылды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дерегінше, үкімет ауыл имамдарын қаржылай қолдау жолдарын қарастырып жатыр.

Facebook қолданушысы Қайнар Толқынұлы ауылдық жерлердегі мешіттерге имам болатын адам табу қиын екенін айтады. Ол «имамдардың ауылдарға барғысы келмейтініне қаржылық тапшылық себепкер» деп біледі. Қайнар Толқынұлының сөзінше, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы Атасу ауылының тұрғындары имамды басқа жақтан шақыртқан.

– Өз ауылымыздан имам таба алмаған соң Мақсат Кәкімжанов деген кісіні қалап шақырдық. Шақырған соң жағдай жасау керек, – дейді ол.

Қайнар Толқынұлы ауылындағы 100-ге жуық отбасының шамасы келетін 30-ы айына 1 мың теңгеден жинап, имамға жәрдемдесіп тұратынын айтады.

«ХАЛЫҚ БЕРГЕН ТИЫН-ТЕБЕН ЖОЛ-ПҰЛДАН АРТЫЛМАЙДЫ»

Қайнар Толқынұлы сөз еткен 51 жастағы Мақсат Кәкімжановтың мешіт имамы болып жүргеніне 13 жылдан асқан. Атасу тұрғындарының өтінішімен ондағы мешітке имамдық қызметке ауысқан Мақсат Кәкімжанов басқа ауылда тұрады. Ол аптасына бір рет жұма намазын өткізуге Атасуға барады. Әкімдік тапсырмасымен дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы ұдайы уағыз айту, үгіт-насихат жасау, ауылдағы діни рәсімдерді өткізу де бұл кісінің мойнына жүктеген.

Халықтың берген тиын-тебені әрі-бері жүрген жол-пұлдан артылмайды. Әйелімнің 50 мың теңге жалақысы көмек боп тұр.

– Туғаннан өлгенге дейінгі діни дәстүрді атқару үшін ауыл адамдары шақырған соң оған да баруға міндеттімін. Атасуда үйім жоқ. Әркімнің үйіне түсемін. Халықтың берген тиын-тебені әрі-бері жүрген жол-пұлдан артылмайды. Әйелімнің 50 мың теңге жалақысы көмек боп тұр. Мектепте оқитын үш балама киім-кешек алу үшін кредитке ұрынғанбыз, – дейді имам.

Ол өзіне ауыл адамдары азын-аулақ көмектесетінін, хал-жағдайын білетін ағайын-туыстары жәрдемдесетінін айтады.

– Кейде сұрай алмай мен, көмектесе алмай олар ұялады, – дейді ауыл имамы.

Мақсат Кәкімжанов тұрмысы қиын болса да, «ауыл өтінішін тастамайтынын, мешітті имамсыз қалдыруға болмайтынын» айтады. Имамның сөзінше, шағын ауылдардағы мешіт имамдары отбасын асырауда қиналады, сондықтан жоғары діни білім алған жастар шалғайдағы шағын ауылдарға имамдыққа бармайды.Ол таяуда «өкімет имамдарға жалақы беруі мүмкін» деген хабарды естіп, содан үміттеніп жүр.

«САДАҚАҒА ҚАРАҒАН» ИМАМ ЖӘНЕ «ДЕМЕУШІ ТАПҚАН» ИМАМ

Тұрғындары аз шалғай ауылдар ғана емес, халқы көп Алматы қаласының маңындағы мешіттердің имамдары да күнкөрістері қиын екенін айтады. Имамдардың көбі «мүфтиліктің рұқсатынсыз сөйлесе алмайтынын» айтып бас тартқан кезде Азаттық тілшісімен тілдесуге келіскен бір имам аты-жөнін атамауды өтінді. Ол кісі «алқам-салқам мешіт құлыптаулы тұрғанда имам боп келіп, күзетшісі де, аула сыпырушысы да, азаншысы да, бухгалтері де өзі болғанын» айтады.

– «Имамдар садақаға түскен ақшамен байып жатыр» дегенді біз де естиміз. Садақа түсетін жәшікті ауыл ақсақалдарына аштырдым. Ақыры олардың өздері ұялатын болды. Түскен ақша әсіресе қыста мешіттің коммуналдық қызметіне де жетпей қалады кейде. Ауыл мешіттерінен гөрі қала мешіттерінен көбірек түсім бар. Келер айда қанша ақша түсетінін жергілікті мешіт имамдары да, мүфтилік те білмейді, – дейді имам.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылындағы қараусыз қалған Әбу Ханифа мешіті. 24 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, «әр мешіт коммуналдық қызмет ақысынан артылған ақшаның 30 пайызын орталыққа жібереді». Ұлы жоғары діни білім алса да, имам болғысы келмей, басқа кәсіпке кеткенін айтқан сұхбаттасымыз қазіргі жағдайына шүкіршілік етеді.

– Әйелім мектепте мұғалім. Бір жақсысы – көмектесетін туыстарым, жора-жолдастарым көп. Көлігімен таксилететін, жазда біреуге жалданып, құрылысқа шығатын жас имамдарды да білемін. Имамның күнкөрісі өзінің біліктілігіне де, халықтың тұрмысына да байланысты. Елге танылған имамдарға демеуші де табылады, – дейді ол.

Азаттық тілшісі «елге танылған, демеуші тапқан» дін қызметкерлерінің бірімен де сөйлесіп көрді. Жұртшылық арасында «Веб-молда» аталып кеткен ол кісіні танымал адамдар діни рәсім орындауға көбірек шақырады. Діни оқудан бұрын филология факультетін бітірген ол көпшілік алдында сөйлеу мен уағыз айтуды шебер меңгерген.

Ас беріп, Құран оқытатынын былай қойғанда, үйіне алдырып, бірер күн уағыз тыңдайтындары да бар. Арасында бар мәселеңді бір-ақ шешіп беретіндері де болады.

– Жоғары билік пен бизнес маңындағы адамдардың, атақты ақын-жазушылардың бірнешеуінің жаназасын шығарғаннан кейін мені сұрайтындар көбейді. Ас беріп, Құран оқытатынын былай қойғанда, үйіне алдырып, бірер күн уағыз тыңдайтындары да бар. Арасында бар мәселеңді бір-ақ шешіп беретіндері де болады, – дейді ол.

Ірі қалалардағы тұрмыс жағдайы оңды мұндай дін қызметкерлері теріс ағымдармен күресуді міндеттейтін әкімдік жиналыстарына бармайды, ауыл имамдары секілді жалақыдан дәмеленбейді.

ЛАМА ШАРИФТІҢ ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕСІ

Ауыл имамдарына жалақы төлеу мәселесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері айтылып келеді. 2012 жылы күзде дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф: «Ауыл мектебінің директоры қанша жалақы алса, ауыл имамының жалақысы да сонымен бірдей болуы керек» деп мәлімдеп, мешіттегі садақа жәшіктерінің орнына электронды терминал қойылатынын, сол арқылы қала мешіттеріне түсетін қаржыдан ауыл имамдарына жалақы бөлінетінін хабарлаған. Бұл бастама жүзеге аспады, Лама Шарифтің өзі қызметінен кетіп, садақа жәшіктері сол күйі қала берді.

Бірақ жаңадан құрылған дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері «бұл бастамадан әлі де үміт үзбейміз» дейді.

– Имамдарға қаржылай қолдау жолдарын үкімет қарастырып жатыр. 2017 жылдың көктемінен бастап ай сайын көмек бере бастауы мүмкін. Ал мешіттерден түсетін ақшаны жинап-бөлуді діни басқарма (Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы – ҚМДБ) өздері шешуі тиіс, – дейді ол.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қызметкерінің сөзінше, бұл көмек Алматы мен Астана қаласының имамдарына берілмейді, өйткені олар «өздерін асырай алады деп бағаланған».

Алматыдағы жас қарилардың құранды жатқа айту сайысына жиналғандар. Алматы 26 қазан, 2013 жыл (Көрнекі сурет)

Ауыл имамдарының тұрмыс қиын екенін ҚМДБ-ның діни білім бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев та растайды.

– Имамдардың күнкөрісі халықтың өзіне байланысты болып тұрғаны рас. Болашақта садақаның ақшасына күн көруден құтылатын, садақаны тек мұқтаж жандарға тарататын күнге де жетерміз, – деп үміттенеді ҚМДБ өкілі.

Бақтыбай Бейсенбаевтың дерегінше, елдегі 2500-ден астам мешітте 3600 діни қызметкер жұмыс істейді. Олардың 50 пайызының білімі төмен болғандықтан діни басқарма оқуды жаңа бітірген жастарды да ауылдарға имам етіп жіберуге мәжбүр. ҚМДБ-дан имам сұраған өңірлер ол азаматтың әлеуметтік жағдайын жасауға уәде береді.

ҚМДБ-ның мәліметінше, басқарманың «Зекет» қоры өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын 94 ауылдың имамына 20-60 мың теңге аралығында жалақы төлейді. Діни басқарма былтырдан бастап тоғыз медресе мен екі қарилер дайындау орталығының және имамдар білімін жетілдіру институтының ұстаздарына 20 мың теңге жалақы бере бастаған. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстары қоғамдық қорлар арқылы имамдарға көмек ұйымдастырған.