Серкесіз отардың сорлы екеніне көзім жетті

Қытайдағы қазақтар мал айдап барады. Іле аймағы, 21 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыдан Аягөзге дейін оңай жеткеніңмен, ары қарай біздің ауылға бару қиямет-қайым. Біздің ауыл – Шұбартау деп аталатын мекен. Сонау Совет Одағы тұсында дамымай артта қалған аудандардың бірі болған еді. Оның себебі – алғаш жаңа үкімет орнап жатқан кезде жергілікті байлар уақытша үкіметті басып алып, 100 күн қожайындық жасаса керек. Содан кейін Совет Одағы құлағанша қатаң бақылауда болған Шұбартау ауданынан «қойшылар бригадасын» құру бастамасының көтерілуінің арғы жағы да осыдан шықса керек. Совет үкіметінен кейін іле-шала тараған аудан қазір Аягөзге қарайды. Екі аралық – 200 шақырым.

АЯГӨЗДЕН АУЫЛҒА ЖЕТУДІҢ МАШАҚАТЫ

Жолдан қиыс жатқан ауылға тек жергілікті таксилер ғана жүреді. Базар басына барып, көзтаныс таксилердің бірінің көлігіне мінген едім.

– Алыстан келесің ғой, алдыға отыр, – деп ілтипат білдірген жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағып жатқанымды көріп: – Қолыңмен жай ұстап отыра бер қаладан шыққанша. Былай шыққан соң ГАИ түгілі ұшқан құсты да көрмейсің, – деп ақыл айтты.

Күзде бір мәрте жүріп өткенімде Совет Одағы тұсында Қарағанды мен Алматы арасын байланыстырып жатқан негізгі күре жолдардың бірі болғанымен, тәуелсіздік алғалы қараусыз қалып, жөндеу көрмегендіктен ойлы-шұңқырлы болып қалған жолдың асфальтталған жерінен асфальтсыз тұстары көп болатын. 200 шақырымды алты сағат қиқалаңдап жүріп әрең жеткенім есіме түсіп:

– Жол қалай? – деп едім.

– Тегістеліп қалды ғой, – деді таксист.

Аягөзден Шұбартауға баратын жол. Шығыс Қазақстан облысы, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Аягөзден шыға бере жылдамдықты арттырған жүргізушіге бір, жолға бір қарап қоямын. Себебі жол Медеудің мұз айдынындай болып жатыр. Ал спидометрдің стрелкасы 100-ге тіреліп тұр. Алдына отырғаныма өкініп, іштей иманымды үйіре бастадым. Біраз жүріп, көліктің жылдамдығына бойым үйренгеннен кейін жан бітіп, тілге келгендей болдым. Көктайғақта неге осыншалықты жылдамдықпен жүріп келе жатқанын сұраған едім.

– Жылдың үш мезгіліндегі ең жоғарғы жылдамдығымыз – 50. Өйткені быт-шыты шыққан жолда одан артық жүруге мүмкіндік жоқ. Ал қыста жыртық-тесіктің барлығын қар бітеп, жол тегістеліп қалады. Осы уақытта көлігіміздің өкпесін ашып, өзіміздің де айызымыз қанып қалады, – деді таксист.

Жүргізушінің әлгіндегі «жол тегістеліп қалды ғой» дегенінің сырын енді түсіндім. Алда – қар құрсаулаған елсіз дала. Ауылға дейін әлі 150 шақырым бар. Аман-есен жетсем екен.

ЫҚҚАН МАЛМЕН БІРГЕ ДАЛАДА ҚАЛҒАНЫМ

Біздің қыстақ бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы болған Баршатас ауылынан 17 шақырым ғана қашықтықта жатыр. Жол бойынан түсіп қалған мені малдың басында отырған ағам 1989 жылғы ескі «Нивасымен» қарсы алды.

– Мына тұрған бес шақырымға жарты сағат жүріп әрең жеттім. Биыл күздей жауын жауып, кейін үстінен қар басып қалды. Қардың асты мұз, – дейді ағам алғашқы амандық-саулықтан кейін бірден мұңын шағып.

Алғашқы қар қарашаның басында түсіпті. Сай түгілі төбенің басындағы қардың өзі тізеден асады. Бұрын мұндай кездері төбелердің басы ашылып, қарайып жататын. Соны меңзеген ағам мал жайылымының қиындап кеткенін қайта-қайта айта берді. Тіпті үйдегі бала-шағаның амандығы туралы сұрағыма «Е, олар отыр ғой» деп қысқа қайырды да, тағы да малдың жайына ойысып кетті. Қыстың алғашқы айы аяқталмай жатып қиналып кеткен ағамның әңгімесі мені де түңілдіріп жіберді.

Қыстың көзі қырауда ауылға сол баяғы соғым іздеп барғанмын. Қырда мал басында отырған адамдар қол көмекке қашанда зәру ғой. Менің барғанымды пайдаланып бір неше үйдің соғымын сойып алуды көздеген ағам таңертең үш ірі қара алып қалған екен. Түске дейін ашық тұрған күн түстен кейін бұлттанып, жаяу бұрқасын жүре бастағаннан-ақ секем алған ағам: «Әлгі қойшы қойды ерте қайтара ма екен» деп алаңдай бастаған. Қысқы каникулға келген інім үшеуміз үш қараны жәукемдеп біткенше қас қарайып, боранның беті күшейіп кетті. Арасында қорада қалған азын-аулақ малдың жем шөбі мен астын тазалау секілді қосымша жұмыстар да қолбайлау болып уақыт жеген еді.

Қытайдағы қазақтар мал айдап барады. Іле аймағы, 21 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ағам екеуіміз кешіккен қойшы мен қойды іздеп, біріміз жаяу, екіншіміз атпен шықтық. Ықтасын жерде байқамаған екенбіз, қыратқа шыға бере-ақ ат құлағы көрінбейтін ақтүтектің ішіне кіріп кеттік. Мал түгілі өзіміздің қайдан шығып, қайда тұрғанымызды білмейтін деңгейге жеттік. Сонда да үйден шыққан беттегі бағытпен жобалап жүріп, бір сайдың ығында ұйлығып тұрған отардың үстінен түстік. Үш жақтап малды айдамақ болған әрекетімізден түк шықпады. Ақыры күндікке ат үстінде жүріп жаураған қойшыны ертіп ағам атпен қыстаққа қайтты. («Жылқы малы есті ғой, тізгінді бос жіберіп, тебініп қана отырып едік, түп-түзу үйге алып келді» дейді ағам кейін). Ауылдан қосымша көмек шақырып, трактормен, қосымша көлікпен жеткендер сайдың қуысында қалған мені тапқанша үш сағат өтіпті. Ақыры трактормен жол ашып, бір қауым ел отар қойды үйге жеткізем дегенша таң атып кетті.

Осыған ұқсас оқиға осыдан оншақты жыл бұрын болған еді. Ерте көктемнің кезі болатын. Түс ауа терістіктен соққан жел әп сәтте ақ боранға айналған. Ол кезде үлкен ағамның көзі тірі кезі. Желдің мал кеткен бағытқа қарсы шыққанынан секемденіп, мені қасына алып қойдың соңынан кеттік. Күн еңкеймей-ақ малға жетіп, үйге қайтаруға тырысқанымызбен, желге қарсы аттап баспады. Сол сәтте қой ортасынан бірнеше серкені бөліп алған ағам оларды бишікпен бір-екі мәрте осып-осып жіберіп еді, бастарын іштеріне алып, мүйіздерін желге қарсы тіреген жануарлар қойды бастап қораға дейін тоқтамастан жеткен.

Он шақты жыл бұрынғы осы оқиғаны еске алған мен ағамнан:

– Бағана отардан қой бастайтын бірде-бір серке көрмедім ғой. Серкенің бәрі қайда кеткен? – деп сұрап едім.

– Сенген серкені сен сойып алдың ғой, – деді ол.

Ол рас. Күзде «Мынау сенің серкең еді, қартайып бара жатыр» деген соң серкенің басын кесіп алғанмын. Серкесіз отардың сорлы екеніне осы жолы көзім анық жетті.