Назарбаевты құттықтамақ болғандар түсініктеме жазды

Stan.kz тілшісі Азамат Есберген. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

Алматы полициясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні және Астана күні – 6 шілдеде ел президентін құттықтамақ болған бірнеше белсендіні тұтқындап, сәлден кейін босатты.

6 шілде күні таңертең Алматыда, «Қазпоштаның» Абылай хан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы бөлімшесі алдына келген алты белсенді журналисті полиция қамауға алды.

ПРЕЗИДЕНТКЕ СЫЙЛЫҚ ЖІБЕРУ

Бұл туралы журналистерге хабарлаған тәуелсіз журналист Қасым Аманжолұлының айтуынша, белсенділер – Саламат Омаш, Диас Бейсенбек, Шернияз Шағатай, Мұратбек Ораз, Сырым Баймұқан және Руслан Жұмабай президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау тілек жазылған "открытканы" пошта арқылы жолдамақ болған.

Журналистер пошта бөлімшесінің алдында тұрып, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбековаға хабарласты.

- Әзірге бұл ақпарат расталған жоқ. Менде ешқандай ақпарат жоқ. Ешкімді ұстамаған сияқты, - деді Салтанат Әзірбекова.

Бірақ Janaozen.net порталының тілшісі Әсем Әлмұханбет түскі сағат 14 шамасында ​Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына Шернияз Шағатай жеткізілгенін, басқарма ғимараты ішінде өзге белсенділер отырғанын айтты.

ПРЕЗИДЕНТТЕН СЫЙЛЫҚ СҰРАУ

Қазақстан президентінің туған күніне орай Алматыдағы президент саябағында жалғыз өзі акция өткізбек болған Stan.kz тілшісі Азамат Есберген мен акцияны

Нұрсұлтан Назарбаевтың өз атындағы саябақтағы ескерткіші. Алматы, 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

түсіруге барған журналист Ержан Шайжановты да Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері ұстап әкетті.

- Азамат Есберген «Президенттен туған күнінде халқына да сыйлық жасауын сұрағым келеді. Сұрайтын сыйлығым – әріптесім әрі жолдасым Жанболат Мамайдың бостандыққа шығару болады» деп алдын ала ескертті. Ол Stan.kz редакциясының атынан емес, өзінің жеке азаматтық көзқарасын білдірді. Ол өзінің конституциялық құқығын пайдаланып отыр, - деді Stan.kz бейнепорталының продюсері Жұлдыз Төлеуова.

Бұл туралы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген қызметкер Алматы қалалық ішкі істер басқармасына хабарласу керектігін айтты. Ал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінде телефонға ешкім жауап берген жоқ.

6 шілдеде полицияға ұсталған сегіз азамат осы күні кешке таман түгел босап шықты. Олар өздеріне қатысты ешқандай іс қозғалмағанын, айыппұл төлетпегенін, тек түсініктеме ғана жаздырғанын айтады.