Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының тұрғыны Сайран – сегіз баланың анасы, жалғызбасты әйел. Отбасын құрған үлкен төрт баласы Қазақстанға көшкен. Кәмелетке толмаған төрт баласымен Өлгий қаласында тұрады. Шілденің 10-ында болған тасқыннан соң Сайранның үйі жарамсыз болып қалған. Апаттан кейін Қазақстанда азаматтық белсенділер әлеуметтік желі арқылы жұрттан қаржы жинап, тұрмысы нашар бес үйге баспана салып беруді ұйғарған. Солардың қатарында Сайранның шаңырағы да бар.
Your browser doesn’t support HTML5
- Үйдің іргетасын құйып, кірпіштерін қалаған болатын. 50 пайызы бітіп тұрған еді. Енді келіп, әкімшілік қызметкерлері: «Үйді бұз. Заңсыз жерге салынған» деп жатыр, - дейді Сайран.
«ПАРТИЯ ТАРТЫСЫ БОЛУЫ МҮМКІН»
Қазақстандық белсенділер жинаған ақшаның бөлініп, жұмсалуын қадағалап жүрген баян-өлгийлік белсенді Айдос Азат:
- О баста әкімшілік өзі белгілеп берген жерге үй салынған. Бірақ бұл жерде партия тартысы болып жатуы мүмкін, - деп болжайды.
Баян-Өлгий аймағындағы 200-ге жуық үйді су шайып, 700 тұрғын баспанасыз қалып жатқан кез Моңғолиядағы парламент сайлауымен тұспа-тұс келген еді. Сол кезде билік басында отырған Демократиялық партия өкілдері тасқыннан зардап шеккен 100 үйге жаңадан баспана салу үшін жер бөлген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрынғы билік басында отырған Демократиялық партия жеңіліп, орнына келген Моңғолия халық партиясы жер бөлу шешімін заңсыз деп тапқан.
- Қазақстаннан келген жігіттер (белсенділер – ред.) басында қанша қаржы әкелгенін айтты. Ойлана келе «жағдайы жоқ бес отбасыға үй салып берейік» деп шешім қабылдады. Қазір үш үй салынып бітуге таяп қалды. Екі үй енді басталып, салынып жатыр. Бірақ [жергілікті билік] басында көрсетіп берген жерлерін енді «дұрыс емес» (заңды учаскеге түспеген – ред.) деп, соның салдарынан екі үйіміз бұзылғалы жатыр. Бұл енді басындағы басшылықтың терістігі, - дейді Айдос Азат.
Өзін тек Асқар деп таныстырған Баян-Өлгий аймақ әкімшілігінің қызметкері Азаттыққа жер учаскелерінің не себепті жарамсыз деп танылғанын түсіндірді.
- Аэропортқа тым жақын, қауіпті зонаға кіріп кеткен. Бұны электр жүйесін тарту кезінде көріп, үй салуды тоқтату жөнінде шешім қабылданған, - деді ол.
Бірақ Асқар нақты қанша үйдің қауіпті зонаға кіріп кеткенін айтып бере алмады.
ЖАҢА ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ
Үйсіз қалған Сайран жаңа әкімнің бөліп берген жеріне киіз үймен көшіп барғанын, жартылай салынған үйінің тұрғанын, оны бұзып әкеп қайта салуға қаржысының жоқ екенін айтады.
Баян-Өлгий аймағының әкімі Ғылымхан Айыпұлы 20 үйдің қауіпті аймаққа кіріп кеткенін растады.
Жиырмадай үйге берілген жер аэропортқа жақын. Самолеттің ұшып-қонуына кері әсерін тигізеді деген мамандар қорытындысы шыққан.
- Үкімет ауысып, алдыңғы кісілер (әуелгі басшылар – ред.) көп мән бермей, шешілмеген мәселелерге араласып, кірісіп жатырмыз. Қызметке келгелі бір апта болған. Комиссия құрылып, тексерілмеген. Жиырмадай үйге берілген жер аэропортқа жақын. Самолеттің ұшып-қонуына кері әсерін тигізеді деген мамандар қорытындысы шыққан. Сол бойынша ол 20 үйге басқа жерден жер бөлініп берілді, - дейді аймақтың жаңа әкімі.
Ғылымхан Айыпұлы да Азаттыққа «қауіпті зонаға» нақты қанша үйдің салына бастағанын анықтап айтып бере алмады.
Аймақ әкімі үкімет тарабынан 100 отбасыға киіз үй таратылғанын хабарлады. Электр жарығын тарту және үш-төрт жерден құдық қазу мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Азаттық тілшісінің «Үйлерін жартылай салып қойған тұрғындардың шығынын кім өтеп береді?» деген сауалына «Білмеймін» деп қысқа қайырды.
Қазақстандық белсенді Аятжан Ахметжанның бастауымен әлеуметтік желі қолданушылары Баян-Өлгийдегі тасқыннан зардап шеккендерге көмектесу мақсатында қаржы жинаған болатын. Белсенді Азаттыққа жиналған 2 миллион 500 мыңға жуық қаржыны Баян-Өлгийге жеткізіп, бес отбасына 32 шаршы метрлік баспана тұрғызып беруге кіріскендерін айтты. Бұдан басқа, Қазақстан билігі Баян-Өлгийдегі тасқын судан зардап шеккендерге арнап 200 мың АҚШ долларын бөлген болатын.