Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында бір аптадан бері табиғи газ табу қиындап кетті. Көлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде ұзақ-сонар кезекте бес-алты сағат, кейді тіпті тәулік бойы тұрғанымен, газға жете алмай жатқандарын айтып шағынады.
- Газ жоқ, бермейді. Екі рет бардым, кезегім әлі келген жоқ. Ұзақ-сонар кезек келіп болмайды. Он шақты газ құю бекеті бар, бірақ пайдасы жоқ, қаңырап тұр. "Қазмұнайгаз" бекетінде ғана [газ] бар, - дейді жергілікті тұрғын Қалбай Айналиев.
Ақтау тұрғыны Дәулет Бекжігітовті Қазақстанның өзі өндіретін табиғи газдың өзіне жетпей отырғаны қынжылтады.
- Екі-үш тәулік тұрамыз, шақырымға созылған кезегіміз жеткен кезде "бітті" дейді. Өзімізден шыққан газды өзіміз тұтына алмаймыз. Газды онсыз да қымбаттатып жатыр. Оған да ешкім үндеп жатқан жоқ. "Қазмұнайгаз" 35 теңгеден, қалған жанармай бекеттері 40-45 теңгеден сататын, ол да жоқ, - дейді Дәулет Бекжігітов.
Ақтаулық тағы бір тұрғын Дүйсеғали Төлегенов "Билік қайда қарап отыр?" деп ренжиді.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бастығы Венера Мұстапаева аймақта қалыптасқан табиғи газ тапшылығын "Жаңаөзендегі газ шығаратын зауыт жөндеуде болды" деп түсіндіреді.
- Ішкі рынокқа күніне 450-460 тонна газ шығаратын "Қазақ газ өңдеу зауыты" мамырда жөндеу жұмыстарына тұрып қалғандықтан газ тапшылығы пайда болып отыр. Соңғы 10 күнде газ өндіру екі есе азайып, ең төменгі деңгейге - 210 тоннаға түсті, - дейді Венера Мұстапаева.
Your browser doesn’t support HTML5
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бастығы Жаңаөзендегі зауыт мамырдың 25-інен бастап қайтадан толық күшімен жұмыс істей бастайды деп сендіреді. Бұған қоса мамырдың 26-сында Ақтөбеден Ақтауға қосымша 600 тонна табиғи газ жеткізіледі деп хабарланды. Бірақ оның бағасы Жаңаөзенде шығатын газдан қымбатырақ болмақ.
Тұтынушылар жылда жаз келгенде газ тапшылығы қайталанатындығына наразы. 2016 жылғы газ тапшылығының себебін жергілікті билік "жеке меншік газ сатушылар өнімді Ресейге шығарып жатыр" деп түсіндірген.
Маңғыстау облыстық әкімдігінің мәліметінше, Жаңаөзендегі "Қазақ газ өңдеу зауыты" ай сайын 14 мың тонна табиғи газ өндіреді, оны аймақтағы 176 кәсіпкер 216 газ құю бекеті арқылы ішкі нарыққа сатады.